Басты тақырыпҚарағанды

Шежіресі шеру тартқан шаттықты ел

    Көпұлтты Қарағанды жұрты облыстың 80 жылдық мерейтойын кең ауқыммен атап өтуде. Кеше аймақ орталығындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында мерейлі күнге арналған салтанаттың куәсі болдық. Жиын барысында көрермен назарына театрландырылған қойылымдар ұсынылып, көмірлі өлкенің өткеніне саяхат жасалды. Бүгінгі күннің келбеті де айшықталып, келешекке деген нық сенімнің белгісі айқын көрініс тапты.

Мерекелік жиынға 800-ден астам қонақ қатысты. Бұлардың арасында қазақтың Тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров бастаған, Қарағанды облысынан қанаттанған көрнекті мемлекет қайраткерлері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, саңлақ спортшылар құрметті меймандар қатарынан орын алды.

Театрландырылған мерекелік шоу бес бөліктен тұрды. Облыстың құрылу сәтінен басталған әр бөлікте өңірдің шежіресінен сыр шертілді.

Қазақстанды қойып, Одақ экономикасындағы Орталық Қазақстанның алар орны ерек екені әуелден-ақ белгілі еді. Деректер Қарағанды өңірінің аз ғана уақыт ішінде адам сенгісіз қарқынмен дамығандығын көрсетеді. Айталық, 1931 жылдың басында Қарағанды шахталарында 5600 жұмысшы еңбек етсе, 1935 жылдың қаңтарында олардың саны 22 мыңнан асты. Шамалы уақыт ішінде жұмысшы поселкесінің орнында 70 мыңға жуық тұрғыны бар қала бой көтерді.

Биік жетістіктің негізі – мол табиғи байлық көзі болды. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Қоңырат, Жезқазған, Семізбұғы, Өспен және басқа жерлерде түрлі-түсті металдың мол қорының бары анықталған. Соғысқа дейінгі кезең ішінде жаңадан ашылған көмір және түсті металл кен орындарының негізінде Орталық Қазақстанда Қарсақбай, Балқаш мыс қорыту зауыттары салынды. Жезқазған, Қоңырат кеніштері, Қарағанды көмір бассейні игерілді. Аймақ шежіресінің өзге де мәліметтері театрландырылған қойылымдарда кеңінен таныстырылды.

Алғашқы бөлікте облыс құрылған 1936 жылы түсірілген бейнешежіре көрсетілді. Осы жерде облыстың төл құрдасы Рысхан Қайырбаева апамыз сол жылдар туралы әңгіме өрбітіп, көз алдында көркейген өңірдің өзі көрген естеліктерімен бөлісті.

Бұдан кейінгі бөлік тақырыбы саяси қуғын-сүргін және Ұлы Отан соғысы кезеңін қамтыды. Талай тағдырларды өзгерткен нәубет жылдары миллиондаған өзге ұлт өкілдері Қазақстан жеріне қоныс аударғаны белгілі. Қарағанды облысына да бұл кезде мыңдаған отбасы көшірілді. Салтанатты кеште кеңпейіл қазақ халқының мейірімімен аман қалған шиеттей балалар – бүгінде ақсақалды ата мен ақ жаулықты әжеге айналып отырған қариялар балалық шағын еске алды.

Мәселен, Елена Чигирь-Қасымова ол шақта бүлдіршін бала еді. Жанында тағы бес бауыры бар. Сол кезде әке-шешесіз қалған балаларды маңайдағы көрші-қолаң балалар үйіне жібертпей, өзара бөліп алады. Міне, сол бүлдіршінге қазақтың қамқор көңілі мен ақ адал пейілінің арқасында зұлмат жылдардан аман өтіп, бүгінгі күнді көру бақыты бұйырыпты. Бүгінде ұрпақ сүйіп, бір әулеттің әжесіне айналып отырған Елена әжей ұлтын сұрағандарға өзін «Шеттің Қаракесегімін» деп таныстырады екен әзілдей.

  Тағы бір кейіпкеріміз Геннадий Вахрушев балалар үйінде ер жетіпті. Геннадийдің әкесі майданнан оралмаған. Науқас шешесі екеуі соғыс жылдары Қазақстанға кетіп бара жатқан пойыздардың біріне мініп, Қарағанды облысына жеткен. Мұнда келген соң шешесі Осакаровка кентіндегі ауруханада көз жұмады. Ал, Геннадий балалар үйіне тапсырылады. Осында мектепті бітірген соң, Қарағанды депосына слесарьдің көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Жұмыс істей жүріп теміржол саласы бойынша білім алады. Ұрпақ өсіріп, өмірін мәнді де сәнді өткізген Геннадийдің де қазақ халқына алғысы шексіз.

Қойылымның келесі бөлігінде соғыстан кейінгі дәуір, 60-шы жылдар көрермен назарына жол тапты. Бұл бөлікте тың және тыңайған жерлерді игеруге келген жандардың тұрмысы, қажырлы еңбегі көрініс тапты.

Кеште сөз алған Ұлы Жеңістің құрдасы, облыстық медициналық орталықтың дәрігері Қуанышбек Сапарғали соғыстан кейінгі жылдардағы облыстың тарихы туралы аз-кем әңгімелеп берді.

Қарағанды облысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек сапарын бастап, саяси қайраткер ретінде қалыптасқан өңір. Кезекті бөлік Ұлт көшбасшысының Теміртау, Қарағанды қалаларында жүріп өткен еңбек жолына арналды. Арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, Елбасының өміріндегі Қарағанды облысының орны айқындалды.

Президенттің туған жері – Алматы облысы, Шамалған ауылында Нұрсұлтан Әбішұлымен қатар оқыған Раиса Пупкова да осы кештің мәртебелі қонағы болды. Раиса Пупкова жас шағында комсомол жолдамасымен жұбайымен Балқаш қаласына еңбек етуге барған. Қазір Балқашта тұрып жатыр. Салтанатты жиында Раиса Пупкова Елбасының балалық шағынан сыр ашты.

Нұрсұлтан Әбішұлы мектепте жүрген кезінен-ақ көшбасшылық қасиетімен ерекшеленетін. Бірге оқығанмен қатар, біздің үйлеріміз қоңсы болды. Сондықтан, мен ол кісіні мектептен тыс уақытта да көріп тұратынмын. Қоғамдық шараларға белсене қатысып, түрлі үйірмелердің бел ортасында жүретін. Өнерге ден қойып, спортпен шұғылданды. Озат оқушылардың алды атанып, көпшілікке үлгі болып жүретін. Жастар комсомол ұйымының хатшысы болды. Біз оның болашақта биіктерден көрінеріне үлкен сенім білдіретінбіз, – деді өз әңгімесінде Раиса Пупкова.

Соңғы бөлікте айрандай ұйыған көпұлтты Қарағанды жұртының бүгінгі берекелі тұрмысы баяндалды. «Халықтар достығы» аталған бұл қойылымда бірлігі – бекем, түтіні – түзу қарағандылықтардың риясыз пейілі боямасыз берілді.

Айтары сол, барлық бөліктерді өңір өнерпаздары әсем әнмен әрлеп, көркем бимен көркін кіргізді.

Салтанат барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің құттықтау хаты оқылды. Сондай-ақ, облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.

Қазыналы Қарағанды – Қазақстан өндірісінің локомотиві ғана емес, қасиетті өлке. Себебі, Сарыарқа – талантты әншілердің, ақындардың, жазушылардың, мемлекет жəне қоғам қайраткерлерінің Отаны болып табылады. Сонымен қатар, біздің аймақ – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың еңбек және саяси жолының бастауы, алтын арқауы болғанын аса зор мақтанышпен айтамыз. Облыстың әрбір тұрғыны ел Президентінің барлық стратегиялық бастамаларын – ілгері жылжудың негізгі тірегі, теңдессіз реформаларды жүзеге асырудың мызғымас кепілі екендігіне нық сенімді, – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Кеш қорытындысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан еңбеккерлер марапатталды. Нұрмұхамбет Қанапия­ұлы бір топ облыс тұрғынына облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстады.

Мерекелік жиынның шымылдығы түсірілер тұста салтанатқа қатысушыларға «Қазыналы өлке – Край сокровищ» жинағы тарту етілді.

Сөйтіп, сексеннің сеңгіріне мереймен көтерілген Қарағанды облысы бүгінде Қазақстан экономикасының қара нарына айналып отыр. Республикада өндірілетін көмірдің бестен бір бөлігі – қарағандылық шахтерлердің еншісінде. Елімізде шығарылатын электр қуатының 10 пайызы көмірлі өлкеге тиесілі. Бұдан бөлек, Қарағанды аймағы мыс, шойын, бағалы металдар, темір мен болат шығарудан көш бастап тұр. Мұның барлығы – ел ырзығы. Ежелден Арқаны жайлаған Алаш жұртының байлығы. Егемен мемлекеттің іргесін қазақпен бірге қалаған қарағандылықтар ел игілігін еселеу жолында тер төге бермек.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button