Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Шет ауданы Сәкен Сейфуллин атындағы кент тұрғындары үшін ерекше қуанышты оқиға орын алды. Кент аумағында меценат, «Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Абақасов Самат Сағындықұлының жеке қаражаты есебінен салынған «Менің елім» көпфункционалды ойын алаңы салтанатты түрде ашылды.

Ашылу рәсіміне кент тұрғындары, ардагерлер, жастар мен жергілікті билік өкілдері қатысты. Салтанатты жиында кент әкімі Балғабек Аблай Күнжолұлы сөз сөйлеп, жаңа нысанның ауыл халқы үшін маңызын атап өтті:
– Бұл ойын алаңы – балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, отбасылардың мәдени демалысын ұйымдастыруға үлкен мүмкіндік береді. Самат Сағындықұлы сияқты елге жанашыр азаматтардың бастамасы ауылдың әлеуметтік әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартады, – деді әкім өз сөзінде.

Салтанатты шара барысында ауыл жұртшылығы кәсіпкерге қазақы дәстүрмен шапан жауып, ақжарма тілектерін арнады.

Шара соңында Самат Сағындықұлы өзінің жеке қаражаты есебінен күрделі жөндеуден өткізген мешіт асханасында кент тұрғындарына арнап ас берді. Ауыл халқы бұл игі істі бірлік пен ынтымақты нығайтатын, сауапты да саңлақ бастама ретінде қабылдады.
Айта кетейік, «Елім менің» көпсалалы ойын-сауық кешені бұдан былай кент тұрғындары үшін отбасылық демалыс пен түрлі мәдени іс-шаралардың орталығына айналмақ. Мұндай әлеуметтік жобалар ауылдың көркін келтіріп қана қоймай, қоғамдағы жауапкершілік пен өзара қолдаудың маңызын айқын көрсетеді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



