Жаңалықтар

Шерлі шежіре, шерменде жыр

Қолымызға тағы бір толымды жинақ түсті. Кітап «Уа, дариға, заманым!» деп аталады. Авторлары – ағайынды Саққұлақ, Қосан Ыбырайымұлдары. Жинақтың өн бойынан кешегі кеңестік жүйе тұсындағы дәуір тынысы, замана үні, адамдар тағдыры аһ ұрады. Толқымай оқу, тебіренбей қабылдау мүмкін емес. Асылдар аманаты, сол аманатқа адалдық танытқан ұрпақтың көз майы мен көл-көсір еңбегі тағы бар. Бірге парақтап көрелік…

 

Кітап авторлары – тағдырлы жандар. Өзім Жаңаарқаның тумасы болғандықтан, ағайынды Саққұлақ, Қосан ақсақалдардың есімін жастайымнан естіп өстім. Тығылып намаз оқыған, жасырынып жаназа шығарған терең молда болғандығын айтатын үлкендер. Қосан қарияның ақындығы туралы сирек болса да, айтылып, жазылып жүретін-ді. Алайда, тура осынша қазына қалды деп ойламаппын. Менің бұрыннан білетінім – Саққұлақ ақсақал сөзге шешен, шежіреге жүйрік болғандығы және 1916 жылғы «Қараағаш (Айғыржал) көтерілісін» ұйымдастырушылардың бірі екендігі. Арқа төңірегінің ғана емес, барша қазақ даласын мекен еткен рулардың шежіресін жатқа білетін зерделі қария. Қазақтың қабырғалы қаламгері Сәйділ Талжановпен, Алаштың абызы Ақселеу Сейдімбекпен сырлас, пікірлес болған десетін біздің жақтың қариялары. Ал, ақын Қосан туралы жаңаарқалық жазушы Асан Жұмаділдиннің, белгілі өлкетанушы Ібіраһым Ісләмовтің жазбаларынан оқып жүрдік. Бірақ, ол кісінің Ұлы Отан соғысына қатысып, неміс тұтқынында болғанын, елге аман-есен келгеннен кейін «сатқын» деген жалған жаламен 25 жылға итжеккенге айдалғанын білмейді екенмін. Өлеңдерінің дені сол лагерьде жазылған екен.

Елге деген сағыныш, бауырға деген аңсар көңіл, досқа арнаған сыр, сол кездегі әміршіл жүйеге деген лағнет, бәрі бар өлеңдерінде. Қарапайым тілмен өрілген өлеңде терең сыр, асқақ рух бар. Шерлі шежіре, шерменде жырдың құндылығы – осында.

Ұрпақтарының айтуынша, қолжазба араб қарпімен (төте жазу) сақталған. Кириллицаға қотару көп уақыт алыпты. «Инемен құдық қазғандай» күрделі тәржіманы ақтоғайлық азамат Айдаржан Қасенов жасаған. Аманатқа қиянат жасамай, мейлінше қастерлі міндетті абыроймен атқарып шыққан. Шатаспасам, бұл жинақ Айдаржанның бірінші аудармасы емес. Бұған дейін де төте жазумен сақталған біраз қолжазбаны қазақша сөйлеткенін білеміз.

Сонымен, тәп-тәуір тәржімаланып, бізге түсінікті әліпбиге қаз-қалпында түскен шерлі өлең белгілі қаламгер Серік Сағынтайдың да сүзгісінен өткен екен. Әйтеуір, «айналасы жұп-жұмыр» дүние бола қалған. Десек те, түпнұсқа қатты түрлене қоймаған секілді. Сол дәуірдегі ақындардың мәнері, автордың қолтаңбасы толық сақталған. Біз мұны аудармашы мен редактордың осалдығы емес, аманат алдындағы жауапкершілігі деп түсіндік.

Өмір туралы өсиет, адамдық пен адалдық туралы насихат – кітаптың құнын арттырып, маңызын еселеп тұрған автордың даралығы мен даналығы. Солақай саясаттың сойылы маңдайына тиіп, тағдырын тәлкекке салса да, Қосан ақын Алланы дәріптеуін, ақыреттің талабын, шариғаттың шартын жырлаудан бас тартпағаны байқалады. Бәлкім, қайсарлы­ғы, бәлкім, табандылығы… Мүм­кін, тақуалығы.
Мына бір шумақтарына назар аударып көріңіз:

Ақырет қамын ойлаңыз,
Ораза, намаз қоймаңыз!
Тәңір алдында мақшарда
Ұялып пенде, қалмаңыз!
Қызыл өкіметтің қылышынан қан тамып тұрған содыр жүйеде осылай деп қай ақын сөйлер еді?! Жасыратын несі бар, Қосан атамыз осылай жырлап жүргенде, біздің «қазақ совет әдебиетінің» көрнекті өкілдері «Күн көсем» деп жыр жазып, Мемлекеттік сыйлық алып жатқан.

Қосан Ыбырайымұлы айдаудан оралғаннан кейін де біршама жыл өмір сүріп, 1983 жылы 81 жасында бақиға аттанды. Ақтық демі таусылғанша ала қағазға телміріп, өлең жазып кеткен екен. Тіпті, тапа тал түсте, терезелерді қараңғылап алып, май шаммен жазатын болған. Әпербақан жүйенің әңгүдік аңдушыларынан жасқанғаны шығар. Бірақ, қаламын доғармапты.

Ақын өлеңдерінің көркемдік деңгейі туралы көлгірсуден аулақпын. Қосан жырларынан оның әулиелігі айқұлақтанып тұрады. Мына бір шумағын осыдан алпыс жыл бұрын жазылған деп айта аласыз ба?

Дінді сатып, ата ғұрып
ұмытушы қазақ көп,
Тәңір жазды – қайда барам шара жоқ?
Басты-бұтты бірдей ашып, орыс боп,
Басқа ұлттарға ақымақтар мазақ боп.
Бүгін жазылған сияқты… Қосан Ыбырайымұлы өлеңдерінің өміршеңдігі осында тұр.
Ақын жырларында дала жы­рау­­ларының дарыны, Иманжү­сіптің сарыны, ұлттық рухтың жа­лыны бар. Құнды қолжазбаны кәдеге жаратқан ақынның ұрпағы Амандық Жәкетаевқа алғыс білдіре отырып, асыл мұра ғылыми айналымға түссе деген тілегімізді білдіреміз.

Ерсін МҰСАБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button