Шекара шебіндегі шерлі күн
1992-1997 жылдары Тәжікстанда азаматтық соғыс болып, Қазақстан бітімгерлік мақсатта өз сарбаздарын тәжік-ауған шекарасын қорғауға жіберген. Алайда, 1995 жылдың 7 сәуірінде Бадахшанда тәжік-ауған шекарасын содырлардың шабуылынан қорғау кезінде 17 қазақстандық сарбаз ерлікпен қаза тауып, 33 жауынгер жараланды. Содан бері қаза тапқан қазақстандық сарбаздарды еске алу мақсатында «Ерлік күні» деп белгіленіп, еске алу шаралары өткізіліп келеді. Биыл сол оқиғаға 30 жыл толып отыр. Қазіргі уақытта өңірде көзі тірі 200-ге жуық жауынгер ардагерлеріміз бар. Оның 131-і – Қарағандыда тұрады.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1995 жылы 7 сәуірде Пшихавр шатқалында қазақстандық 7-ші мотоатқыштар ротасы Душанбедегі Ресейдің 201-мотоатқыштар дивизиясының құрамында қызмет етіп жүрген. Сол бір уақытта тәліп содырларының шабуылына тап болып, қаза табады. Содан бері ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу үшін елде түрлі әскери-патриоттық жиындар өткізілуде. Өңірде де еске алу шаралары, арнайы митингілер, ардагерлермен кездесулер жыл сайын ұйымдастырылады.
Осы шайқаста ерлікпен қаза тапқан сарбаздың бірі – Еркебұлан Мақажанов. Қазіргі Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылында дүниеге келген. Ауылдағы мектепті бітірісімен әскер қатарына шақыртылып, Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөліміне түседі. 1995 жылдың көктемінде тәжік-ауған шекарасына аттанып, сол жерде көз жұмады. Облыстық «Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Испаев өз сөзінде:
– 2009 жылы Еркебұлан Нәбиұлы оқыған ауылындағы мектепке ескерткіш тақта орнатылды. 2015 жылы марқұмның шаңырағына да естелік тақта тасы қойылды. Көше атауы да берілді, – деді.
Деректерге сүйенсек, 1996 жылдың 20 қарашасында Мемлекет басшысының Жарлығымен ТМД сыртқы шекарасын қорғауда әскери міндеттерін адал атқарып, көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін бес жауынгер қаза тапқаннан кейін II дәрежелі «Айбын» орденімен және 12 адам «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстандық жауынгерлердің тәжік халқына көрсеткен ақ-адал ниеті мен көмегіне құрмет ретінде 2007 жылы 15 желтоқсанда Душанбе қаласында қаза тапқан қазақ сарбаздарына арналған монумент ашылыпты. Күні бүгінге дейін ескерткіш халықтар достастығының жарқын үлгісін айшықтап тұр. Ал, 2018 жылдың 14 желтоқсанында Қарағандыдағы тарихи-өлкетану мұражайында «Рухани жаңғыру және Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында «Тәуелсіз Қазақстан» залында тәжік-ауған шекарасындағы Қазақстанның алғашқы бітімгерлеріне арналған бұрыш ашылды.
– 2013 жылы облыстық қоғамдық бірлестік құрылды. Ардагерлеріміз жиналып, кездесулер, форумдар өткізді. Бірақ, ол кезде біздің ресми статусымыз болмаған. Ұлы Отан соғысының 75 жылдығы аясында 2020 жылы ардагерлер туралы заң қабылданған еді. Сол заңға біздің де мәртебеміз кірді. Содан кейін пандемия басталып, жұмысымыз кідіріп қалды. Жалпы, жыл сайын 7 сәуір мен 9 мамыр аралығында Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ұлықтау мақсатында «Әскери-патриоттық» айлық жарияланады. Біздің ардагерлер де осы айлық аясында қоғамдық жиындарға қатысады, – деді Талғат Испаев.
Төрағаның сөзіне сүйенсек, биыл 30 жылдықтың қарсаңында ардагерлерге әлеуметтік жеңілдіктер мәселесін шешу жолында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар, биыл Қарағандыда алғаш рет тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерге арналған спорттық шара өтетінін де баса айтты.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»