Жаңалықтар

Шегірткеден шекара шегенделді

Аграрлық салада еңбек ететін адамдар ала жаздай тыным таппай еңбек етеді десек қателеспейміз. Тіпті, егін бітік шыққан жылдардың өзінде дала өрті сияқты табиғат апатынан, үй және жабайы жануарлардың егістік алқаптарды таптап кетуінен, топтанған шегіртке мен кеміргіштердің зиянкестігінен орынсыз шығындар орын алып тұрады. Қара бұлттай қаптаған шегіртке облыс аумағында бой көрсете бастады.

Сурет massaget.kz

Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Нұра аудандық филиалының мәліметтеріне сәйкес, биыл Нұра ауданы бойынша мемлекеттік жер қорларының 3 700 гектары жергілікті бюджет қаражаты есебінен химиялық өңдеуден өтеді. Яғни, жоспар бойынша авиациялық (ұшақпен) және жер үсті техникаларының күшімен үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.

Ауылдық округтер бойынша жіктеп айтқанда, Шахтерде – 400, Кертіндіде – 1 200, Мұзбелде – 400, Ақмешітте – 800, Егінді – 200, Көбетейде – 500, Ахметте – 100, К.Мыңбаевта – 100 гектар алқап ұшақ арқылы химиялық өңдеуден өткізілуде. Нұра ауданының ауыл шаруашылық бөлімі ұсынған деректерде биыл шегірткеге қарсы тағы 1 500 гектар жер телімдерін химиялық өңдеуден өткізу жоспарланғаны көрсетілген.
Сонымен қатар, ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жер учаскелерінде үйірлі шегіртке пайда болған жағдайда зиянкестерге қарсы өз күштерімен күресіп, алқаптарын дербес өңдеуі қажет екені туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде екен.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button