«Шебердің қолы ортақ»
Төлеуғазы Дүйсенбеков – Арқа жеріндегі қолы алтын шеберлердің бірі. Әсіресе, декоративтік қолданбалы қолөнер шебері. Біз бұл кейіпкерімізбен Қарағандыда өткен «Ортеке» фестивалінде танысып, қолтуындыларына таңданыс білдірген едік.
Төлеуғазы бала кезінен ағаштан түрлі ою-өрнек жасауға аса құштар болыпты. Оны байқаған үйіндегілер бұл дарынын одан әрі жетілдіру үшін баланың бетін қақпайды, белін буады. Мектеп қабырғасында жүріп, ағаштан ойып жасаған түрлі дүниесіне ауылындағылар таңдай қағады екен. Өнерін әрі қарай шыңдауда оған мектебіндегі «Жас техник», «Натуралист» секілді үйірмелер септігін тигізсе керек.
Қолданбалы қолөнер шебері атанғанға дейін бірнеше жыл оқып, тоқиды. Алматыдағы атақты шебер Қалқаман Тілеухановтан көп тәлім алады.
«Алматыға арнайы барып, атақты қолөнер практигі мен теоретигі, кезінде елімізде теңдесі жоқ «Шеберлер ауылын» құрған Қалқаман Тілеухановтың шәкірті болдым. Көп дүниені сол кісіден үйрендім. Ұстазыммен бірге алғашқы қазақтан шыққан ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке музейлік статусы бар заттар жасағанымыз бар. Атақты шебер Қалқаман ағаның жанында 15 жылдай жүргенімді мақтаныш санаймын», – дейді Төлеуғазы Серікбайұлы.
Төлеуғазы шебер бүгінгі күні – «Qarmet»-те ағаш шебері. Жұмысына жауапты ол қолы қалт етсе, үйінің ауласындағы ұстаханада болады.
Ұста темірден нақыштама жасайды. Балқарағай ағашы мен қызыл ағашты, тасты, сүйекті, мүйізді өңдеп, оны көркемдеп, былғарымен қаптайды. Қолөнеріне Ақтоғай ауылынан арнайылап әкелген тастарды да пайдаланады.
Шебер Қарағанды мен Теміртау қалаларында өтетін көрмелерді қалт жіберген емес. «Qarmet» кәсіпорнының басшылығы Төлеуғазы шебердің дарынын ерекше бағалап, автокөлік сыйлаған.
Мұнымен қоса, Төлеуғазы Серікбайұлы қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын да шебер жасайды. Ұстаханасында тұрған бірнеше домбыраны қайта жаңғырту қажет дейді шебер. Ұстаханасында бұдан басқа тайтұяқ, қобыз секілді басқа да музыкалық аспап тұр.
– Мен жасайтын дүниелерімді әуелі жүз ойланып, мың толғанып аламын. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, ойымда әбден пісіп-жетілгенде ғана жасауға кірісемін. Әрине, ол үшін қиялымдағы дүниенің жалпы сұлбасы қандай болатынын, оның дәуірмен үйлесімділігін ұмыт қалдырмаймын. Сонымен қатар, тарихи кітаптарды оқып, өз таным-көкжиегімді кеңейтемін, ең бастысы, менің жаным сұлулыққа, әдемілікке құмар, сондықтан қолымнан шыққан заттардың талғамы жоғары жұртшылықтың жүрегін жаулап алғанын қалаймын. «Абай жолын» бірнеше рет оқыдым. Сол уақытты сол кітаптардан таптым. Сол арқылы «Хан тағы», «Сұлтандар отыратын орындық» дүниеге келді, – дейді шебер.
Иә, шебердің үлкен туындысы – өзі айта өткен «Хан тағы». Оның әр фрагментін күмістеп, сүйіктен жасаған.
Төлеуғазы шебер өз шығармашылығын тұрақты жетілдіреді. Ол үй жиһазының түр-түрін жасайды. Өз қолынан шыққан орындық, үстелдер үйінің ішіне ғажап әр беріп тұр. Одан бөлек, «Ортеке», «Биші елік» шекімесі, асық композициясы, тұрмыстық және балаларға арналған орындық, сонымен қатар, ағаштан нақышына келтіре жасаған төсекті осы шебер шапқан.
– Әрбір зат сырт көзге қарапайым болып көрінгенімен, егер көз тоқтатып қарайтын болса, онда әрбір бұйымымнан ұлтымның ұлағаты мен парасатын, тіршілігінің тынысын аңғаруға болады. Мен мұндай дүниелерді жасағанда ата-бабаларымыздың бойындағы арда қасиеттер мен бауырмалдықты, адамгершілік пен даналықты тұрмыс-тіршіліктегі ұлттық нақыштарды қоса өрнектеуге тырысамын, – дейді Төлеуғазы шебер.
Жақында шебердің қалалық тарихи-өлкетану мұражайында қолданбалы өнерге арналған жеке көрмесі өткен еді. Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген ол теміртаулықтарды өзінің шығармашылығымен таныстырып, ұмыт болып бара жатқан ұлттық нақыштағы өнер туындыларымен таныстырудан жалықпайды. Шеберханасына келген әр мейманды ерекше қарсы алатыны да содан.
Қолөнер шебері Төлеуғазы Дүйсенбеков зерек шәкірт тәрбиелегісі келеді. «Осы бір ұлық өнерді лайықты жалғастыратын ізімізден біреу ерсе, біз үшін зор еңбек болар еді», дейді ол.
– Қаладағы фестиваль, басқа да мәдени кештерге арнайы қатысамын. Ел ішіндегі өнерлі азаматтарды дәріптеп, қолдау көрсетуге дайынмын. Бірақ, қазіргі жастардың ұлттық қолөнерге зауқы соқпайды. Ауылдан келген бір бала бар. Жазда сол баланы үйреттім. Құлшынысы бар. Аты – Рахметолла. «Келесі жазда келемін», деп кетті, – дейді қолөнерші Төлеуғазы Серікбайұлы.
Төл туындыларымен талайды таңдай қақтырған Төлеуғазы шебердің қолынан шыққан барлық қолөнері өзі айтпақшы ұлттық рухта сөйлейді. Қолөнер осылай сөйлесе ғана шебердің шебер екендігі мойындалады. Төлеуғазы Серікбайұлы – сөзсіз мойындалған талант.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz