Шаттықты еселеген Наурыз
КҮН МЕН ТҮН ТЕҢЕЛІП, ТАҒЫ БІР ЖЫЛ ТАРИХҚА АЙНАЛДЫ. БАЯУ СОҚҚАН АЛТЫНКҮРЕК ЖЕЛ ҚАЛЫҢ ҚАРДЫҢ КӨБЕСІН СӨККЕНІ КӨҢІЛДЕРДІ ДЕ ЖАДЫРАТҚАНДАЙ. ЖЕР-АНА БУСАНЫП, КҮН ДЕ НҰРЫН АЯМАЙ ТӨКТІ. БҰЛ КҮНІ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ КӨПТЕГЕН МӘДЕНИ ОРЫНДАРДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ДҮБІРЛЕП ТОЙЛАНЫП ЖАТТЫ. ЕҢ АУҚЫМДЫ «НАУРЫЗЫМ – НҰРЛЫ МЕРЕКЕМ» АТТЫ САЛТАНАТТЫ ШАРА ОРТАЛЫҚ САЯБАҚТАҒЫ КӨЛ ЖАҒАЛАУЫНДА ӨТТІ.
ЕРЕКШЕЛІК СИПАТЫ
22 наурыз күні бастау алған ұлық мереке 25 наурызға дейін жалғасты. Бұл жағынан да жылдағыға қарағанда ерекшелік байқалғандай. Қала тұрғындары мен қонақтар көктем мерекесі аясындағы думанды тамашалап мәре-сәре болды. Ұлттық нақышта безендірілген сахна көпшілікті тамсандырып, кештің өн-бойынан қазақы бояудың иісі аңқып тұрды.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедияұлының атап өткеніндей, Наурызды жаңа форматта тойлау – көптен айтылып жүрген өзекті мәселе. Биылғы Наурыздың тойлануынан осы бастаманың әсерін байқағандай болдық. Күмбірлеген күйлер, әуелеген халық әндері, мың бұрала билеген бишілердің қимылдарынан да заманауи нақыш сезілді. Сахналық көрініс қойып жүргендердің басым бөлігі жастар. Наурызды тойлаудың негізгі мақсаты – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, салт-дәстүрді қастерлеуге баулу емес пе? Осы жағынан шамалы көңіліміз марқайды.
Бес күндік мерекелік шараның ашылу бағдарламасының режиссері – Әспет Омар. Ол – 1970 жылдары атағы дүркіреп КСРО-ға жайылған сән әлемінің жұлдызы, бүгінгі күні театрландырылған салтанатты қойылымдардың шебері атанып жүрген қазақтың талантты қызы. Жүргізушілер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов пен белгілі журналист Дана Нұржігіт.
НАУРЫЗ-ПРОЛОГ
Әспет Омар облыстағы өнер ордаларының тәжірибелі артистерімен бірлесіп, мерейлі мереке құрметіне «Ұлы Даланың жеті қыры» атты 8 бөлімнен тұратын театрландырылған Наурыз-пролог ұсынды.
Өз тарихын қастерлеп, салт- -дәстүрлерін құрметтейтін, көршімен келісімде өмір сүретін, туғаннан-ақ балаларының бойына туған жеріне деген сүйіспеншілікті сіңіріп, ел игілігі мен өркендеуі үшін аянбай еңбек ететін қазақ халқының болмысын бейнеледі бұл қойылым. Таратып көрейік…
«Ұлы Даланың жарқын ізі» атты вокалдық-хореографиялық қойылым, алыстан талып естілетін көктемгі даланың дыбыстарымен аралас әуен, тарихтың қойнауына бастағандай.
Орындаған халықаралық және республикалық би байқауларының жүлдегері Нұрбол Темірғалиев пен №66 орта мектептің «Аяла» хореографиялық ансамблі.
Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры актерлері һәм Тәттімбет атындағы өнер колледжі студенттерінің қатысуымен қойылған «Наурыз-думан» атты поэтикалық театрландырылған қойылым Наурыздың және жалпы ұлттық мейрамдарымыздың киесін танытқандай.
«Қазақ Ел-Батырлары» атты театрландырылған акробатикалық қойылым табиғи саф өнердің мәңгілік екендігін және еліміздегі бейбіт өмірдің қашан да қымбаттығын ұқтырғандай. Мұнда – төрт батыр әлемнің төрт тарабын бейнелейді: Шығыс, Батыс, Оңтүстік, Солтүстік. Әр батыр оқыған өлеңдерінде өз өлкесін мадақтап, ырғақты әуенге сәйкес, статикалық және синхронды қозғалыстарды шебер орындады. Батырлар бір шеңберге қосылғанда, олардың бауырластығын бейнелеп алаңға акробат шығады. Ол – Қытай мен Италиядағы «Extrim-show» халықаралық конкурсының Гран-При иегері Ғалымжан Әуесбай. Ғалымжанның шеберлігі жұртты тамсандырды, таң қалдырды.
«Қазақ Елі қыздары» атты вокалдықхореографиялық композицияны шебер орындаған халықаралық және республикалық би байқауларының жүлдегері Айдар Қаппасов пен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Аққу» хореографиялық би ансамблі қазақ халқының ұғымындағы әйелдер қауымының алатын орны мен ардақты екендігін көрсете білді.
«Қазақстан – Алтын шаңырақ» атты көркемдік-хореографиялық композиция еліміздегі этносаралық татулықты паш етті. Бұл бөлімде қазақ, поляк, кәріс, румын, шешен, украин, әзірбайжан, неміс, өзбек және басқа да этно-мәдени бірлестік жетекшілері жиылған жұртты өз ана тілдерінде Наурыз мерекесімен құттықтады.
Әр этнос өкілдерінің ұлттық киімдерін киген «Волшебная страна» би ансамблі сызылта би билесе, «Көз көргендер» хоры «Қамажай» әнінің заманауи нұсқасын орындады.
– Осыдан бірер күн бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев тарихи шешім қабылдады. Нұрсұлтан Әбішұлының Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті үшін атқарған еңбегі зор. Елбасының жүргізген дана саясатының нәтижесінде еліміз бейбіт заманда өмір сүруде. Тәуелсіздікті нығайту жолында қарағандылықтардың қосқан үлесі ерекше деп айтуға болады. Қарағандылықтар әрқашан Елбасымен бірге болып, оның сенімді тірегіне айналды. Өйткені, біздің басты байлығымыз – бірлік, қастерлі қазынамыз – ынтымақ. Күн мен түн теңелген көктемнің осы мерекесін елімізде өмір сүретін барлық ұлт пен ұлыстың сағынып күткен ортақ мерекесі деп айтуға болады. Халқымыздың бірлігі мен келісіміне куә болатындай биыл қаламызда жыл бойы маңызы зор жарқын мерейтой – Қарағанды қаласының 85 жылдығы атап өтіледі. Ендеше, әз-Наурызда тілеген барша тілектеріңіз қабыл болсын! Еліміз одан әрі өркендей берсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, ардақты ағайын, – деді Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров.
Киелі сахнаға қазақ танымындағы желеп-жебеуші кие Қызыр ата шықты. Иығына алтын күнді қондырып, бесігінде күміс айды тербеткен Сарыарқа атырабын жайлаған жұртқа есендік тілеп: «Темір болат топшысын Күннің жалын шапағы күйдіре алмайтын қыран қонған Көк туың бейбіт аспанның зәу биігінде желбірей берсін!» – деп бата берді.
Бұл бөлім «Ақ жол» деп аталып, салтдәстүрлердің жиынтығы ел назарына ұсынылды. Ақ жол – көлемді поэтикалық және философиялық ұғым. Бұл бақытты соқпақты таңдау оңай емес, бұл адам өмірін бейнелейтін жарқын, таза жол туралы мінәжат.
Құрманғазының «Сарыарқа» күйін «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі, Тәттімбет атындағы халық аспаптар академиялық оркестрі нақышына келтіре орындаса, «Аяла» би ансамблі көздің жауын алар ұлттық киімдерімен әсерлі күйге ырғала билеп «Ақ жол» төседі. Сол ақ жолмен ақ кимешек киген аналарымыз бен жеңгелеріміз бір жасар баланың «Тұсаукесер» рәсімін жасап, алып өтті. Дүйім жұртқа әжелер уыс-уыс шашу шашты.
Соңғы бөлім «Наурыз-тілек». Мұнда – Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері өлеңмен Алладан тілек тілеп, «Наурыз» әнін бірге шырқады.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Талғат Ыдырысов пен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Әуен» ансамблі Мейрам Қарасартовтың «Мәңгі жырым – Қарағандым» әнін орындады.
НАУРЫЗ ӘКЕЛГЕН ТОСЫН СЫЙ
Наурыз-пролог аяқталған соң, «Әуен» ансамблі өз концерттік бағдарламасын ел назарына ұсынды. Академиялық музыкалық комедия театры да мерекелік концертімен елдің ықыласына бөленді.
Айтулы мейрам қарсаңында ерекше тосын сыйды «Харекет» қайырымдылық қоры жасады. Республика көлемінде қайырымды әрекеттерімен алғысқа бөленіп жүрген қордың құрылғанына бір жылдан астам уақыт болған.
Жоба жетекшісі, құрылтайшысы – Гүлмира Мұханқызы мен актер Мадияр Серікбаев. «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театры актерлері де жүрген жерлерінде осы қордың жұмысын насихаттап, елді ізгілікке баулып жүргенін білеміз.
Мерекелік концерт кезінде «Харекет» қайырымдылық қоры көпбалалы отбасына пәтер кілтін табыс етті.
– Біздің қайырымдылық қорымыз қысқа уақыт ішінде 82 отбасын баспанамен қамтамасыз ете алды. Міне, бүгін Қарағандылық көпбалалы, жалғызбасты анаға 83-пәтердің кілтін тапсырдық. Ол кісі бұл жайлы білген жоқ, біз тосын сый жасап, қуаныш сыйлағымыз келді, – дейді қайырымдылық қорының Қарағанды облысы бойынша өкілі Ақтоты Жүнісова.
– Мен барлығына үлкен рахмет айтамын. Әрине, «Харекет» қорына алғысым шексіз. Алты баланы жалғыз тәрбиелеп келемін. Бұл да бір сынақ… Қазақтың қайырымды жандары жесірін жылатпаған халық екендігін іс жүзінде дәлелдеді. Бес жыл бұрын Қарағандыға көшіп келіп, осы уақыт ішінде бірнеше пәтер жалдадық. Өте қиын болды. Бірақ, бүгін Наурыз мейрамында маған тосын сый жасап, пәтер кілтін табыс етті, қуанышым қойныма сыймай тұр. Қазір Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша мен сияқты көпбалалы аналарға барлық қажетті көмек көрсетіле бастағанын атап өткім келеді. Бұл үшін Елбасыға, жергілікті билік пен осындай қайырымдылық қорларына алғысымды білдіремін, – деді көпбалалы ана Ардақ Жұмабекова.
«КИІЗ ҮЙІ ЖЕР СИЯҚТЫ ЖҰП-ЖҰМЫР…»
Биылғы Наурыз мейрамын тойлаудың ерекшелігі – орталық көшелердің жабылмауы. Концерттік бағдарламалар орталық саябақ алаңдарында, мәдениет ошақтары маңдарында өрбіді. Мерекелік шараны тамашалауға ағылған халықта есеп жоқ…
Мемлекеттік басқармалар мен оқу орындары, мәдениет ошақтары 30-ға тарта экспозициялық киіз үй мен 20-ға жуық сауда шатырын орнатыпты. Тегін бауырсақ, наурызкөже таратылып, түрлі дәмді тағамдар арзан бағамен сатылды. Мейрамға қатысқан шетелдіктер де өз таңданыстарын жасырмай, тілектерін айтып жатты. Халық бір-біріне игі тілектерін арнап, атқа, қашырға, түйеге мініп мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Әр киіз үйдің маңында алтыбақан, асық ату, арқан тартыс, кір тасын көтеру сынды ұлттық ойындар ойнатылды. Бірлесе ән шырқап, би билеп жатты. Сондай-ақ, батыр бейнесін сомдап киінген ер-азаматтар қолына найза ұстап, елге биік рух сыйласа, құсбегілер баптаған қыран, лашындарын жұрт назарына ұсынды.
Тағы бір ерекшелігі киіз үйлердің барлығында дастархан жайылған жоқ. Есесіне ұлттық жәдігерлеріміз қойылып, қарақұрым халық оларды тамашалап естелікке суретке түсуге мүмкіндік алды. Бірінде заманға сай робот жасау технологиясы ел назарына ұсынылса, енді бірінде диірмен тарту, жүн түту, ұршық иіру секілді ұлттық құндылықтар насихатталды. Тұрғындар оларды тамашалаумен қатар, қолдарына ұстап та көрді.
Біз де бірнешеуіне бас сұғып, жақынырақ танысуға тырыстық.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы тіккен киіз үйдің кіреберісіне есіктің үстіңгі жағына дала қыранының мүсіні, төрге Тұмар ханшайымның бейнесі орнатылып, қабырғаны бойлап қайқы қылыш, қамшы, домбыра, қасқыр терісі ілінген. Самаурын, келі мен келсапты да осы жерден кездестіруге болады.
Ал, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тіккен киіз үйге ұлттық зерлі шапан, сәукелелі қыз көйлегі, бесік, заманауи шымылдық тағы басқа дүниелер қойылыпты.
Облыстық құрылыс сәулет және қала құрылыс басқармасы құрған киіз үйге облыстық өлкетану мұражайының тарихи жәдігерлері қойылған. Атап айтар болсақ, бес қаруын асынған алтын адам экспонаты, мемлекеттік ту, темірден жасалған тұрмыстық бұйымдар, ұлттық оюлармен әшекейленген кебеже, қымбат бағалы картиналар қойылуымен қатар, қамшы өру мен тоқыма тоқудың қырсырын үйрететін мамандар жайғасыпты.
Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялдық-инновациялық даму басқармасының киіз үйінде қазақы құрақ көрпелер, жастықтар, түлкі терісі, кілемшелер, торсық, найза мен қалқан, айбалта, қымыз құятын тостақтар мен ет салатын ағаш табақтар қойылған.
– Табиғаттың оянатын мерзімін біз дәстүрлі түрде әр жылы атап өтеміз. Биылғы мейрамның бағдарламасы маған өте ұнады. Халқыма құт-береке, бақ-дәулет, сарқылмас несібе тілеймін, – деді мерекені елмен бірге тойлап жүрген облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа.
Ежелде Наурыз келгенде самарқандтықтар көк тасқа қылыштарын қадап қойып, келесі Наурызда суырып алады екен. Мұның өзі мерекенің құдіретін, киесін шынайы сезіну, түйсіну һәм жаңа жылдан-жаңа жылға аман жеткізе гөр деген ішкі пәк ниет болса керек.
Өткен жыл қарағандылықтар үшін табысты жыл болғаны анық. Биылғы жылды да еліміз үшін қайырлы, берекелі жыл еткей! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Жәлел ШАЛҚАР.