Шаруасы өрлеген өңір
Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Жаңаарқа ауданына жұмыс сапарымен барды. Мал шаруашылығы қанат жайған өңірдегі бірқатар шаруа қожалықтарына ат басын арнайы бұрды.
Іргелі шаруашылықтар қатарында «Ескене» мен «Жанболат» қожалықтарының орны бөлек. Әкім бірінші барған «Ескене» 1991 жылы құрылған. Бүгінде аудандағы ірі асыл тұқымды шаруашылық. Қазақтың ақбас сиыры тұқымын өсіруге маманданған.
– Біз облыста алғашқылардың бірі болып асыл тұқымды ірі қараны өсіруді қолға алдық. Бұл үшін бес арнайы шаруашылық құрылды. 2010 жылы инвестициялық жоба аясында 2 мың сиырға арналған бордақылау алаңының құрылысы басталды. Мұнда 43 адам жұмыс істейді. Барлығына еңбекақы тұрақты түрде төленеді. Қазақтың ақбас сиыры, әулиекөл және герефорд тұқымдарын көбейтудеміз, – дейді қожалық басшысы Әбүйірхан Төлеуов.
Қазір «Ескене» базасында «Жанболат» асыл тұқымды шаруашылығы, «МТС Жаңаарқа» ЖШС, «TITEC ESKENE» ЖШС, «HUMIN PLUS» ЖШС жұмыс істейді. Мал саны сегіз жүзге жуықтайды. Оның ішінде, 426 сиыр бар. Шаруашылыққа арналған жер көлемі – 14406 гектар.
«Ескене» шаруа қожалығы «ҚазАгроӨнім» АҚ-ның мал өнімін өндіруді дамытуға бағытталған «Аманат» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысуда. Шаруашылық ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да сүбелі үлес қосуда. Қожалықтың демеушілігімен ауылдағы әлеуметтік нысандардың жабдықтары жаңартылып, ғимараттар тұрғызылды, жөндеуден өтті. Электр желісі тартылып, ауыз су жүйесі салынды. Бұдан бөлек, аудан меншігіне құны 22 млн. теңге болатын Мәдениет үйі ғимаратын қайтарып берді.
Аймақ басшысы аялдаған тағы бір нысан – «Жанболат» шаруашылығы. «Жанболат» 2001 жылы жұмысын бастады. Бүгінде шаруашылыққа Раушан Арфилова жетекшілік етеді.
Мұнда әулиекөл және герефорд тұқымдары өсіріледі. Сондай-ақ, егін шаруашылығы қолға алынған.
Қазіргі таңда ұжым инвестициялық жоба арқылы 2 мың малға арналған бордақылау алаңын тұрғызып, репродуктор шаруашылық құрумен айналысуда. Жобаның құны – 620 млн. теңге.
Қожалықтың мал сою пункті бар. 25 адам жұмыспен қамтылған. Басшының айтуынша, орташа жалақы көлемі – 50 мың теңге.
«Ескене» шаруа қожалығының жетекшісі Әбүйірхан Төлеу облыс әкіміне Ескене ауылының тұрғындарының дені жастар екендігін айтты.
– Біздің ауылдағы халықтың 75 пайызы – жастар. Барлығы 140 түтін бар. Яғни, 840 адам тұрады. Осы орайда, Ерлан Жақанұлы, сізге бір өтінішімізді жеткізсек деп едік. Кейібір үйде 2-3 отбасыдан тұрып жатыр. Баспана жетіспейді. Бұл проблеманы шешуде жәрдем беруіңізді сұраймыз, – деді шаруашылық басшысы.
Әкім өз орынбасарларына жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жолдарын қарастыруды тапсырды. Және ауыл тұрғындары жеткізген өзге де мәселелерді ескерусіз қалдырмауды міндеттеді. Нақты айтқанда, ескенеліктер электр энергиясының жеткіліксіздігі, спорт нысанының жоқтығы, кәсіпкерлікке қолдау көрсету турасында бұйымтай айтты.
Облыс әкімінің сапары барысында он жыл бойы қараусыз қалған сүт зауыты іске қосылатыны белгілі болды. Айтары сол, «Зергер – Агро» кооперативіндегі сүт зауытының құрылысы 2006 жылы басталған-ды. 740 шаршы метр жер бөлінді. Сүт өңдеу мақсатында Болгариядан арнайы жабдықтар әкелінді. Жоспар бойынша зауыт бір ауысымда 10 тонна сүт өңдеуі керек-ті. Алайда, қаржы тапшылығынан зауыт бос тұрды.
– Кәсіпорын қожайындары «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 62 млн. 80 мың теңге көлемінде несие алды. Жыл соңына дейін қалған 20 млн. теңгені қайтаруды жоспарлап отыр. Жобаның даму келешегі зор. Кооператив құрып, жобаны игеруге ниетті тұлғалар да бар, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров.
Облыс әкімі келесі жылы аталған зауытты қатарға қосуды Серік Шайдаровқа жүктеді.
Нұрқанат ҚАНАФИН