Бас тақырып

Шаруаларға қолдау – өнімділікке серпін

Былтыр аймақ ауыл шаруашылығы бағытында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 490,7 млрд теңгені құраған. Ең жоғары өсім Осакаров, Нұра және Бұқар жырау аудандарында тіркелді. Өткен жылы жиналған рекордтық өнім агрокешенді экономиканың жетекші салаларының біріне айналдырды. Уақыт болса, енжарлықты көтермейді. Биылғы жоспар да аса ауқымды. Агросаладағы қазіргі ахуал аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінде өткен кезекті аппараттық кеңесте пысықталды.

Сурет qazdauiri.kz

Тың мүмкіндік, мол өнім

Облыстың дәнді дақыл өсіретін өңірлері 1,3 млн тонна астық және 372,9 мың тонна картоп жинап, республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірін көрсетті. Мал шаруашылығында да оң динамика байқалды. Мал басының барлық түрі бойынша өсім қамтамасыз етілді. Ірі қара мал саны 16,5%-ға өсіп, жылқы 13,0%-ға артты. Қой мен ешкі 14,8%-ға көбейді. Құс саны 4,8%-ға өсті. Бұл көрсеткіштерге жетуде мемлекеттік қолдаудың маңызы зор болды. Жеңілдікпен қаржыландыру есебінен ауыл шаруашылығы техникасының 5,1%-ы жаңартылды.

– Биыл егістік жерлер көлемін 104,9 мың гектарға арттырып, 1 193,2 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Оның ішінде, дәнді дақылдар көлемі 56,1 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы 956,9 мың гектарға жетеді. Майлы дақылдар алқабы 16,0 мың гектарға артып, 46,7 мың гектарды құрайды. Картоп егістігі 1,1 мың гектарға кеңейіп, 12,3 мың гектарға жеткізіледі. Бұдан бөлек, көкөніс өсірілетін алқап 80 гектарға арттырылып, 1,02 мың гектарға жетеді, – деп хабарлады облыс­тық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин.

Суармалы жерлердің көлемін 8,7 мың гектарға ұлғайтып, 46,2 мың гектарға жеткізу көзделуде. Қазіргі таңда шаруашылықтар көктемгі егіс жұмыстарына белсенді дайындық жүргізіп, тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай сатып алуда. 109 мың тонна дәнді дақыл тұқымы дайындалды, оның 92,7%-ы – жоғары репродуктивті. 93,0 мың тонна минералды тыңайтқыш алу жоспарланған. Көктемгі егіс жұмыстарына 10,3 мың трактор, 229 егіс кешені, 4,1 мыңнан астам себу техникасы жұмылдырылады. Көктемгі дала жұмыстарына 17,3 мың тонна дизель отыны бөлінді, оны литріне 250 теңгемен жеткізу басталды.

Өнімділік пен тиімділік артуда

Ал, ауыл шаруашылығына салынатын инвестиция көлемі 107,1 млрд теңгені құрамақ. Оның ішінде, негізгі капиталға 96,6 млрд теңге, азықтүлік өндірісіне 10,5 млрд теңге бағытталады. Жыл соңына дейін 36,4 млрд теңгеге 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен 11 млрд теңге бөлініп, 8 ірі жоба қаржыландырылады. Сүт-тауарлы фермалар, көкөніс сақтау қоймалары, сүт өңдеу кешендерін кеңейту, жылыжайлар, асыл тұқымды мал шаруашылығы кешендері және балық өсіру жобалары бар. Қазіргі уақытта бұл жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Ауыл халқының табысын арттыру шараларына зер салсақ, «Ауыл Аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Мәселен, былтыр Қарағанды облысына 2 млрд теңге бөлініп, 296 шағын несие беру және 322 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Қаражат пилоттық аудан ретінде таңдалған Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында «Бір ауыл – бір өнім» қағидаты бойынша кооперативтер құруға жұмсалады. Бұл ауқымды шаралар ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, 2025 жылға белгіленген жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Инвестиция: 10 жаңа жоба және 90 жұмыс орны

Ауыл шаруашылығы саласында 8,6 млрд теңгеге 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде үш жоба мал шаруашылығы бағытында. Алтауы – өсімдік шаруашылығын дамытуға арналған. Бұған қоса, бір жоба балық шаруашылығына қатысты. Аталған бастамалар аясында 90 жаңа жұмыс орны ашылады. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған бұл кешенді шаралар саладағы тұрақты өсімді қамтамасыз етіп, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыра түсетіні шүбәсіз.

Өз кезегінде сөз алған Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын, Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов, Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов мырзалар ауыл шаруашылығындағы жалпы өндіріс көлемін ұлғайтуға байланысты бірқатар жоспарлары мен келелі ұсыныстарын алға тартты.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев туған жердің кең мүмкіндігі соны жетістік сыйлай алатын әлеуетке ие екендігін қаперге салды.

– Бастысы күш-қуатымызды оңтайлы пайдалана білу қажет. Барлық бағдарлама атаулысы толыққанды іске асқаны маңызды. Туындаған түйткілдерді тез арада шеше білу дағдысын қалыптастыру керек. Жер аяғы кеңісімен диқандарымыздың жұмысы көбейеді. Оларға табыс тілейміз. Осы жолда біз барынша қолдау көрсететін боламыз! Салалық басқарма мен қала, аудан әкімдері нысаналы индикаторларды орындауды қамтамасыз етсін, – деп түйіндеді сөзін аймақ басшысы.

Сөз соңында облыс әкімі аймақта абаттандыру әрі санитарлық тазарту бойынша екі айлық жарияланғанын мәлімдеді. Ермағанбет Бөлекпаев барлық тұрғындарды аулалары мен көшелерін тазарту үшін осы жұмысқа қатысуға шақырды.

Ол «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасатынын және бұл жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. Облыс әкімі қалалар мен аудандарды аралап, жергілікті жерлерде тәртіп қалай орнатылып жатқанын жеке өзі тексеретін болады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button