Бас тақырып

Шаршы тақта шеберлері анықталды

Қарағандыда шахматтан «Senat Open» деп аталатын бірінші ашық кубогіне іріктеу турнирі өтті. Бәсекеге облыстық және аудандық мәслихаттың 15 депутаты қатысты. Сонымен қатар, БАҚ өкілдері де бағын сынады. Қатарда қоғамдық кеңес мүшелері де бар. Интеллектуалдар додасы Қарағандыдағы «Amanat» партиясы ғимаратының «Ақ залында» ұйымдастырылды.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Турнирдің ашылу салтанатында облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов қатысушыларға сәттілік тілеп, доданың мақсаты мен міндетіне тоқталды.

– Қайырлы күн, құрметті қатысушылар! Бұл турнир Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының қолдауымен ұйымдастырылуда. Және біздің өңірде осындай айтулы дода алғаш рет өтіп отыр. Бұған экс депутаттар да қатысып жатыр. Депутаттардан бөлек бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуы турнирімізді ерекшелеп тұрғанын атап өткім келеді. Шахмат – интеллектуалды ойын. Бұл ойын адамның ойлау қабілетін дамытады және мінезді тәрбиелеуге септігін тигізеді. Осы турнир халық үшін қызмет етіп жүрген азаматтардың басын қосты. Қатысушылар өзара тығыз қарым-қатынас орнатып, келешекте ел мүддесі жолында бірлесіп қызмет атқарады деген сенімдемін. Барлығыңыз­ға сәттілік тілеймін! Мықтылар жеңсін! – деді Нұркен Кобжанов.

Нұркен Кобжанов бұл турнирде арнайы жасақталған кәсіби төрешілер төрелік ететінін атап өтті. Турнирдің бас төрешісі Олег Ринас қарағандылық шахматшылар қашан да мықтылардың қатарында болғанын айтты.

– Бұл өңірде мықты шахматшылар көп. Қарағандылықтар талай турнирде көзге түскен. Мектеп қалыптасқан. Іргетасы мығым. Бұл турнирде анау фаворит, мынау аутсайдер деп болжам жасай алмаймын. Бірақ, тіркеу кезінде интеллектісі жоғары ойыншылардың бірнешеуін көрдім. Бүгін өте тартысты ойындар болатынына сенімім зор, – деді Олег Ринас.

Турнир «жылдам шахмат» ережесімен өтті. Бір партияға 10 минут, ал, жүріске 5 секунд қосылды. Жүзден астам үміткер қатысқан турнир шамамен 6 сағатқа созылды.

Іріктеу турының қорытындысы бойынша жартылай финалда облыс намысын қорғауға лайық деген 25 ойыншы анықталды. «Senat Open» қорытындысы бойынша бірінші орынды еңбек ардагері Геннадий Пак, екінші орынды Абай аудандық мәслихатының депутаты Сергей Магила иеленді. Жүлдегерлер тізбегін «Ардагер-2012» қорынан Сергей Игнатьев түйіндеді. Турнирдің финалы тамыз айында Астанада өтеді.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button