Шарапатты тойдың марапаты
«Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық» деп өлмес өсиет қалдырған Қаздауысты Қазыбек би дегенде, көз алдына дала демократиясының даңқты данышпаны елестейтіні белгілі. Немесе ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда Орта Азия жерінде жауласқан қуатты хандықтар – қазақ-қалмақ арасындағы бітіспес дау-жанжалды өз ұлтының пайдасына шешіп, жоңғар билеушісін күшімен емес, мысымен, сөзінің сұсымен ықтырып отырған айрықша айбат иесін тани кетеміз. Бабаның биылғы 350 жылдық мерейтойының қорытындысы желтоқсанның 27 күні «Саржайлау» кинотеатрында өтті.
Баба мерейтойына қатысты шаралар биыл жер аяғы кеңи ерте көктемде басталған-ды. Облыстық деңгейдегі үлкенді-кішілі шараларды айтпағанда, республикалық, халықаралық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылды. Қазыбек би мұрасына қатысты қаншама ғылыми еңбектер жарық көрді. Олардың ішіндегі қос томдық монографияның жөні бөлек. Сондай-ақ, ерекше сипаттағы фотоальбом шығарылыпты. Жай ғана фотоальбом емес, маңызды деген мәліметтермен көмкерілген шежірелік баянның берері мол. Республикалық деңгейде өткен шешендік өнер сайысының орны – бір төбе. Негізгі ұлы той – тамыз айында Егіндібұлақта баба рухына берілген ас. Онда республиканың түпкір-түпкірінен қонақтар қатысты. Қазыбек би бабамыздың 350 жылдық мерейтойына жолдаған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Құттықтау хатын ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова оқып бергені елдің есінде болар сонда. Аста аламанға ат шаптырылып, балуандар белдесті. Екінші күні Қарағанды төрінде ақындар айтысып, әулие бабаның ақылмандығын тілге тиек етті. Баба рухына берілген осы астағы басты шаралардың бірі – «Қаздауысты Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым» атты халықаралық автокеруен жолға шықты. Құрамында ақын, ғалым, әнші, күйші жыраулармен қатар, білім меценаты һәм лауазымды тұлғалар тоқайласқан автокеруен біздің облыстағы киелі жерлерді айтпағанда, Қызылорда, Тараз, Шымкент арқылы би бабамыз мәңгілік мекен тапқан Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне құран оқып, сонда түрлі шаралар ұйымдастырған. Одан Өзбекстандағы Ташкент қаласында жатқан Төле би бабамыздың басына және осы елдегі Науаи облысы, Нұрата кентінде жерленген Әйтеке би бабамыздың басына құран оқып, тәуап етіп, елге аман-есен оралды. Қастерлі іс деп осыны айт, шарапаты тисін елге. «Сарыжайлау» кинотеатрында өткен баба тойының қорытындысында аталған сапардан репортаж ретінде шағын фильм көрсетілді. Бармағандар барғандай мағлұмат алдық. Осы сапардың бел ортасында жүрген Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, білім меценаты Бекзат Алтынбеков сөз сөйледі. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында біздің бүйтіп баба тойын тойлауымыз әуелі Алланың, одан кейін Елбасының арқасы екенін атап өтті. Сондай-ақ, осынау шараны қолдап, ұлы сапарға шығарып салған облыс басшысы Ерлан Жақанұлы мен оның ұйымдастырушысы – облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбайға алғыс айтты. «Қазыбек би баба тойының халықаралық дәрежеде өткенінің бірден бір көрсеткіші болған автокеруен алдына қойған мақсатын толықтай орындап шықты деп ойлаймын. Өзбекстан шекарасына өткен біз Қазақстанда тұрып жатқанымызға қуандық. Себебі, онда көлігімізге жанар-жағармай алу үшін 5-6 сағат кезек күтіп қалған шақтар да болды. Бастысы, Қазыбек би бабамыздың ғана емес, Өзбекстанда жатқан Төле, Әйтеке билердің рухына да тәу етіп қайттық. Осындай шарапатты сапардан керуен мүшелерінің баршасы Қазыбек би бабамыздың баласындай болып оралдық», – деді Бекзат Қомарұлы.
Сахнаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған мерейтойлық шараларды өткізу бойынша ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Рымбала Омарбекова көтеріліп, баба мерейтойына шыққан ерекше мазмұндағы фотоальбомның сыр-сипатына тоқталды. Жылдар бойы жинақтап жүріп құрастыратын аьбомның шығуына ат салысқан азаматтардың бір жарым ай ішінде жатпай-тұрмай атқарған еңбектерін атап, алғыс айтты. Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған мерейтойлық шараларды өткізу бойынша ұйымдастыру комитетінің төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішевтің басқа жиналыстары шығып, мұнда келе алмай қалғанын ескерткен Рымбала Кенжебалақызы алдағы жылы Бұқар жырау бабаның 350 жылдығы келе жатқанын қаперледі. Сондай-ақ, Рымбала Омарбекова Қаздауысты Қазыбек би тойына ерекше үлес қосқан ҚарМУ-дың бірінші проректоры, профессор Рымбек Жұмашев, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бірінші орынбасары, қаламгер Ерсін Мұсабеков, белгілі қаламгер Аман Жанғожин, Мирас Құттыбай сияқты басқа да бірнеше тұлғаларға Алғыс хаттармен қоса жоғарыда аталған фотоальбомдарды табыстады. Рымбала апайдың өңіріне «Алашорда үкіметінің құрылғанына – 100 жыл» естелік медалін Мирас Құттыбай тақты.
Рымбала апайдан кейін шығып сөз сөйлеген облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай баба тойына ат салысқан тағы да басқа бірнеше азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттап, жоғарыда аталған фотоальбомды табыстады.
Жәнібек ӘЛИМАН