Шапшаң желі шалғайға жол тартты
2002 жылы әйгілі өнертапқыш негізін қалаған SpaceX ғарышты игеру мұратына бас қойып, ғаламдық спутниктік желіні құрған әлемдегі жетекші компанияның біріне айналғаны web-мамандар жадында. Аталған жаһандық компанияның Starlink деп аталатын спутниктік интернет жобасы шалғай аймақтарды қоса алғанда, дүниежүзілік желіге қосылуға қарышты қадам екендігі тағы да аян. Міне, осы бірегей мүмкіндік облыстың 106 мектебінде интернет жылдамдығын арттырмақ. Биыл мамыр айының орта шенінен бастап, республикалық ғарыштық байланыс орталығымен бірлесіп, Starlink жүйесін орнату амалдары басталып та кетті.
Келелі міндетке қол жеткізу үшін облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы білім ордаларын спутниктік интернетімен қамтамасыз ету үшін республикалық ғарыштық байланыс орталығымен 145,5 млн.теңге сомасына арнаулы келісімшарт жасасты.
SpaceX компаниясы – шалғай жердегі тым сенімсіз, яки, қымбат немесе ғаламтор жүйесі мүлдем қолжетімсіз аумақта жоғары жылдамдықты кең жолақты спутниктік желіні қамтамасыз ететін ғаламдық спутниктік жүйе. Жоталы жоба 2015 жылы дүние жүзінде жоғары жылдамдықты интернетті қамтамасыз ететін, ғаламдық спутниктік желі өрмегін құруды мақсат еткен жоба екендігін ақпарат айдынының бетіне уағында жариялаған. Ал, 2018 жылы алғашқы сынақ спутнигі ұшырылып, 2019 жылы жаппай ұшырылымдар басталды. 2024 жылға қарай SpaceX 4000-нан астам спутникті орбита төріне шығарды. Бұл Солтүстік Америка, Еуропа және Азияны қоса алғанда, әртүрлі аймақтарда қызмет көрсетуді бастауға мейлінше кең мүмкіндік ұсынды. Қазақстанда Starlink интернеті талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу қолма-қол мүмкін болмаған жерде орнатылады. Мұндай заманауи технология әл-әзір тек ауылдық мектептерде зор сұранысқа ие. Өкінішке қарай, қазақстандықтарға жаңа провайдер жабдықтарын сатып алу әрі лезде орната қою әлі мүмкін болмай тұр. Бірақ, келесі жылы рұқсат етілуі бек-мүмкін дейді сарапшылар. «Іздегенге – сұраған». Starlink жүйесі бұл олқылықтың орнын толтырады. Яғни, жер шарының кез келген нүктесінде ғаламтор желісін қамти алатын компания қазақ жерінің жағрапиялық ландшафтына да иі қанған терідей икемді. Қазақстанның орталық бөлігінде орналасқан Қарағанды облысы Starlink спутниктік интернетін енгізуге зәру өңірлердің бірі. Осы жобаның арқасында көптеген шалғайдағы елдімекендер жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе отырып, аймақтағы экономиканың, білім берудің және медицинаның дамуына игі ықпал ете бастады.
– Бұл теңдессіз технология сапалы интернет желісімен қамтуды мақсат етеді. Осы арқылы заманауи түрлі сервистерге қосылып, демде ақпарат алмасуды оңтайлы реттейді. Иә, бағамы сәл жоғары деген сауал қылаңытатыны сөзсіз. Бірақ, мұндай жүйе дәстүрлі сапалы интернет инфрақұрылымы орнатылғанша қызмет ете тұратындығын еске саламыз. Бұл қанша айтқанмен, спутниктік байланыс ошағы екендігін ұмытпаған ләзім. Қаржыландыру тетігіне келсек, облыс бюджетінен іске асады, – деп хабарлады облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Меиржан Жумаханов.
Бүгінде өңірдегі 106 мектептің 42-сі Starlink интернетіне қосылып үлгерген. Қалған 64 мектепті шілде айының соңына дейін қосу межеленді. Ай сайынғы абоненттік төлем – бір мектеп үшін – 149 774 теңге. Жылына шамамен 1 млн. 800 мың теңге шығады. Көкпекті ауылының мектебі де ғаламтор жылдамдығы төмен мектептер тізіміне енген еді. Бұл оқу ошағында ұзын саны 487 бала оқиды. Бұған дейін аталған білім ордасы «Қазақтелекомның» секундына 8 мегабиттік ғаламтор жүйесімен жарақталған-тын. Starlink орнатылғаннан соң мұндағы интернет жылдамдығы 10 есеге өсті. Үздік жоба 8,5 мыңға жуық шәкіртті жылдамдығы жоғары ғаламтор желісімен толықтай қамтамасыз етпек.
– Бек қуаныштымыз! Білім ордасының барлық оқу кабинетінде ғаламтор жылдамдығы оқу үдерісіне оң септігін тигізуде. Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазірде интернет қай жерге болмасын мейлінше мүмкіндік сыйлайтын жаһандық жүйе. Шәкірттеріміздің білімін электронды Bilimal журналы арқылы бағамдаймыз. BilimLand, TopIQ сынды электронды өзекті қолданбалар бар. Бұдан бөлек, Ұлттық бірыңғай дерекқоры бар. Онда мектептің барлық керек мәліметі жүктеледі. Әлбетте, кез келген оқушы интерактивті негіздегі заманауи қалыпта білім алуға құштар екендігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан, осы белесті еңсеруге атсалысқан барлық құзыретті мекемелер өкілдеріне алғаусыз алғысымызды жеткіземіз. Осы соны мүмкіндік бізге ұстаз ретінде оқушыларымызға сапалы білім, саналы тәрбие беруге септеседі, – дейді Көкпекті жалпы білім беру мектебінің директоры Гаухартас Жаймина.
Атап өту қажет, бұл заманауи технология елдімекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілері толығымен жеткізілгенге дейін қалтқысыз қызмет атқарады. Ол үшін «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында 2027 жылдың соңына дейін облыстың 164 елдімекенінде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу көзделген. Орнату жиынтығына антенна, штатив және маршрутизатор кіреді.
Қорытындылай келе, осы жобаны іске асырудың арқасында біздің алдымызда жаңа цифрлық мүмкіндіктер ашылуда. Мұғалімдер мен оқушылар цифрлық ресурстарды сапалы пайдалана алады. Оқу үдерісі кезінде интернет желісін үздіксіз қолданып, шарапатын көре алады. Білім беру тәртібін жақсартумен қатар, аталған нұсқа облыстың шалғайдағы мектептерін базалық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бейім. Дәл осы инфрақұрылымда жақын болашақта бейнекамераларды жедел басқару орталығына шығару, сантүрлі пайдалы қызметтерді іске қосу көкжиегі ашылады. Көкмөлдір экранға телмірген жанның дегбірі қашпас бұл жетістіктің түпкі тегі виртуалды әлемдегі игілікке қол жеткізеді. Ендігіде алыстағы ауыл халқының ерен-ғайып еңбегі еш кетпейтініне сенім селкеусіз
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz