АймақШахтинск

Шахтинскіде Әкелер кеңесінің жұмысы жандануда

Өткен жылдың күзінде Шахтинск қаласында Әкелер кеңесі құрылып, жұмысын жандандыра түсті.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Осы күні елімізде толып жатқан түрлі кеңестер мен одақтар, қоғамдар мен бірлестіктер бар. Бірақ Әкелер кеңесінің олардан жөні бөлек.

– Кейінгі жылдары республикамызда Әкелер кеңесі құрылып, жер-жерлерде оның бөлімшелері ашыла бастады, – дейді осы орайда Шахтинск қалалық Әкелер кеңесінің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Аманжол Тілеубек. – Оны құрудағы мақсат бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі мен жауапкершілігін арттырып, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, адамгершілік, тағы да басқа жақсы қасиеттерді қалыптастыру жолында олардың  белсенділіктерін көтеру болып табылады. Әйтпесе, жасыратыны жоқ, көпшілік әкелер түрлі себептермен бала тәрбиесінен сырт қалып, оны көп жағдайда анасының мойнына арта салады.

   Бұл қоғамдық кеңестің басшылығына осындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы болып істейтін Аманжол Тілеубек көпшілік ата-аналардың ұйғарымымен сайланған екен.

   Міне,соның нәтижесінде былтыр күзде қаланың 12 жалпы білім беретін орта мектептерінің ішінен Әлихан Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінде алғаш ашылған Әкелер кеңесінің құрамына 93 әке қабылданып, олар қазірдің өзінде бірқатар ұлағатты іс тындырып, балалары алдында өнеге көрсетіп, беделге ие бола бастапты.

   “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” демекші, ол оқушылар арасында қозғалыс тудырып, сабақ үлгерімі мен тәртібіне оң ықпалын тигізуде. Мәселен, осы мектеп-лицейдегі Әкелер кеңесінің ұйымдастыруымен Республика күнінде 1-11 сынып оқушылары арасында  өткізілген шахмат турнирі олардың есінен көпке дейін кете қоймасы анық. Шахмат бәсекесінде жеңімпаз болғандарға дипломдар мен бағалы сыйлықтарды әкелер өз ақшаларына сатып алып, табыстаған.

    Мұндағы Әкелер кеңесі сол құрылғаннан бастап әр аптаның дүйсенбісінде дөңгелек үстел басында жиналып, бала тәрбиесі туралы ойларын ортаға салып, әр жолы Ұлы Абайдың бір қара сөзін талдап, талқылауды үрдіске айналдырған.

     Жұмыстарын одан әрі жетілдіру үшін бұл Әкелер кеңесінің мүшелері облыс орталығында құрылған Нығмет Нұрмақов атындағы және “Білім-инновация” мектептерінің Әкелер кеңестерімен байланыс орнатып, тәжірибе алмасуда.

– Енді біз қаланың қалған мектептерінде де осындай Әкелер кеңесін құруды қолға алмақпыз, – дейді Аманжол Тілеубек. – Сол үшін алдағы 5 ақпанда өзімізде облыстық семинар өткізіп, Әке-бала-мектеп үштік одағын нығайту мәселелерін ақылдасып, шешетін боламыз.

Ержан ИМАШ,

ШАХТИНСК

Басқа материалдар

Back to top button