Ресми

Шахтерлер талабы ескеріледі

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтерлерге «он үшінші жалақы» төлейді және жыл басынан бастап жалақы сомасын көтереді. Бұл жағымды жаңалық туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен кеншілер ұжымдарының мәселелері жөніндегі келісім комиссиясының отырысында мәлім болды.

Облыс тізгінін қолға алған Ермағанбет Бөлекпаевтың алғашқы жұмыс күні шахтерлермен кездесуден басталғанын айта кету керек. Аймақ басшысы комиссияда қаралып жатқан мәселелермен етене таныс екенін жеткізді.

– Мен осыған дейін де келісім комиссиясының отырыстарына қатысқан едім. Барлық мәселелерді жақсы білемін. Кез келген сұрақ бойынша ашық сөйлесуге, кез келген сауалдарыңызға жауап беруге әрқашан дайынмын. Жиі кездесіп тұруға уәде беремін, – деді облыс әкімі.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Владимир Яблонский компания еңбеккерлерге жыл қорытындысы бойынша 100 пайыз мөлшерде сыйақы төлеуге ұйғарым жасағанын айтты. Бұл ретте компанияға қарасты үш департамент пен еншілес компаниялардың қызметкерлері қамтылып отыр. Сондай-ақ, ай сайынғы 25 мың теңге төлем сақталады, үстемеақы қауіпсіздік бонусына қосылады. Ал, индикаторлар кәсіподақтармен бірлесіп әзірленеді. 1 қаңтардан бастап, барлық бөлімше қызметкерлерінің жалақысы инфляция мөлшеріне сәйкес реттеледі.

– Біз бұл шешімге қол жеткізуде көп тер төктік. Облыс басшылығының да көмегі көптеп тиді, бірлесе бірнеше отырыс өткіздік. Көріп тұрғандарыңыздай, келіссөздер сәтті аяқталды. Әрине, келісім комиссиясы өз жұмысын жалғас тырады. Бізде әлі шешілмеген талай мәселе бар. Мәселен, көмір департаментінің кәсіпорындарын жұмыс күшімен қамтамасыз ету, жабдықтарды жаңарту, шахталарды дамыту сынды жүйелік сипаттағы проблемалар алдымызда тұр, – деді «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіп-одағының төрағасы Евгений Буслаев.

Кездесу қорытындысында аймақ басшысы кеншілер ұжымдарының барлық мәселелерін шешу қажеттігіне ерекше тоқталды. 

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Суретті түсірген

Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button