«Шахтер» – тоғызыншы

    «Шахтер» биылғы ел чемпионатын 9-шы сатыда тәмамдады. Бұйыртса, келер жылы да Премьер-Лигадағы бәсекені жалғастырады. Соңғы ойында «Тараздан» ұтылған қарағандылық клубтың қоржынында – 36 ұпай.

   Оңтүстіктегі ойында «Шахтер» 2:1 есебімен ұтылды. Кездесу Таразда өтті.

Матч басында тараптар бір-бірінің қақпасын бағындыруға асыға қоймады. Тек, 38-ші минутта кездесудегі қауіпті соққы орын алды деп айтуға болады. «Тараздың» қақпасына отыз метр қашықтықтан Мақсат Байжанов айып добын көтерді. Алайда, допқа иелік еткен Никола Василевич қақпадан жоғары тепті.

Матчтағы есеп екінші таймда ашылды. 54-ші минутта «Тараз» бар күшімен шабуылға ұмтылды. Малик Мане «Шахтердің» айып алаңына кіріп, соққы жасағанымен, Шацкий қайтара білді. Осы жерде Мане және бір соққы жасады. Оны Шацкий бұрышқа шығарып жіберді. Бұдан кейін көтерілген бұрыштама добын Давронжан Эргашев «Шахтердің» қақпасына құлап бара жатып енгізді. 1:0.

73-ші минутта қарағандылықтар есепті теңестірді. Айбар Нұрыбековтің соққысын «тараздық» қақпашы Кирилл Короткевич кері қайтарып, Деслей Уббниктің аяғына салып берді. Өз кезегінде Уббник мүмкіндікті мүлт жібермеді. 1:1.

Төрт минут өте тараздықтар басымдығын еселеді. Оң қапталдан келген допқа иелік еткен Александр Киров Шацкийдан айласын асырды. 2:1.

Таблодағы көрсеткіш ойын соңына дейін өзгермеді. «Шахтер» жеңілсе де, өзінің Премьер-Лигадағы орнын сақтап қалды.

Статистикаға көз жүгіртсек… «Шахтер» чемпионат барысында 32 ойын өткізді. 10 ойында жеңіске жетіп, 6 кездесуде таразы басы тең түсті. 16 матчта жеңісті өзгелерге берді. Өз қақпасына 40 доп өткізіп, қарсыластардың қақпасын 25 мәрте бағындырды. Сөйтіп, турнир қорытындысында 9-шы сатыдан табылды.

Ал, биылғы чемпион – «Астана». Елордалық клубтың еншісінде – 73 ұпай. Алматылық «Қайратта» – 71 ұпай. Үздік үштікті түйіндеген керекулік «Ертіс» 49 ұпаймен чемпионатты аяқтады.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Сурет sports.kz

сайтынан алынды.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.