Шахтадағы апат: 46-шы кеншінің денесі табылды
Кеше, 6 қараша күні кешкі сағат 20.00 шамасында Костенко шахтасында тау-кен тазарту кеншісі Прокудин Александр Валерьевичтің денесі табылды. Ол қаза болған 46-шы кенші болатын. Бұған дейін ТЖМ оның денесінің бір бөлігі табылғанын хабарлаған болатын. Алайда сараптама қажет болған. Сондықтан 46-шы кенші туралы ресми түрде еш хабар болған жоқ.
– Қазіргі таңда 46-шы кеншінің денесі жер бетіне көтерілді. Қажетті сараптамалар жүргізілді. Іздестіру жұмыстарына “Кәсіби әскери авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы” ЖШС Қарағанды филиалының тау-кен құтқарушылары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілді, – делінген хабарламада.
Шахтаның қызметкерлері хабарлағандай, соңғы қаза тапқан кеншіні шамның батареясындағы жеке нөмірінен таныған.
– Іздеу жұмыстары қиын жағдайда жүргізілді. Денені алып шығу өте қиын болды. Оның кеудесінде жеке нөмірі жазылған шамның батареясы болды. Қазір криминалистер жұмыс істеуде. Сараптама жүріп жатыр, – деді Костенко атындағы шахтаның үңгілеу жөніндегі бас инженердің орынбасары Владимир Гоноченко.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz