Шахназар САЛИН: Қарағандыда қылмыс саны қысқарып келеді
Әлемде небір қауіпті мамандықтар бар. Солардың бірі – полиция, яғни, тәртіп сақшысы. Ал, өз өміріңді, жеке бас қауіпсіздігіңді бәске тігіп, өзгені қастықтан, қиянаттан, әділетсіздіктен арашалау оңай емес. Тіпті, қызмет барысында қаза тапқандар көп. Офицерлік сертін нық ұстау үшін, Отан алдындағы антыңды сатпау үшін кейде үй бетін тәуліктер бойы көрмейтін – осы мамандар. «Менің әкем – полицей» дейді баласы. Әкесі ұлы үшін үлкен тұлға болып тұрғаны ғой. Әке үшін бұдан асқан қандай бақыт керек?! Міне, осы бір қастерлі мамандық иелерінің кәсіби мерекесі де келіп жетті. Қазақстан Республикасының полиция қызметкерлерінің күні қарсаңында Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Шахназар Салинмен сұхбаттасқан едік. Шахназар Әбдіәшімұлы басқарма еңсерген міндеттер хақында айтып берді.
– Шахназар мырза, қазір жас буынға синтетикалық есірткі үлкен қауіп төндіріп тұр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда дабыл қақты. Алаңдауға үлкен негіз бар. Мемлекет басшысының берген пәрменінің жүгін сіздер арқалайсыздар. Соны жасаушылармен, таратушылармен күрес қалай жүруде?
– Есірткіге тәуелділік бүгінгі қоғамның үлкен проблемасы болып тұр. Проблемалардың алдына шығып тұр десек те болады. Өкінішке қарай, соның торына жаппай жастар түсуде. Ал, жастар – ел келешегі. Келешек үшін алаңдаймыз. Есірткі саудасымен айналысатындар жастарды оңай табылатын мол табыспен арбауда. Алайда, әлгі «закладчиктерге» ақша емес, бас бостандығынан айыру мекемесіндегі бірнеше жыл ғана бұйырады. Адамның тағдыры ойрандалады, армандары күйрейді. Есірткі мафиялары балаларға қарсы жарияланбаған соғысты үнсіз жүргізіп жатыр. Көбіне арбауға ата-анасынан қаржылай тәуелсіз болатын ересек өмірге асыққан жасөспірімдер түседі. Бұл жаман әдет әркімді әрқалай арбайды. Біреуі ақша, енді біреуі есірткі сыйлайтын алдамшы сезімді қалайды. Жасөспірімдерге айтарым, есірткіге қатысы бар-ау дегеннің бәрі қылмыс болып есептеледі. «Сәл көптеу ақша таба қояйын, қызық үшін бір рет қана қабылдайын, досыма көмектесейін» дегендердің соңы жақсылыққа апармайды.
Жыл басталғалы есірткіге қатысты 74 қылмыс тіркелді. Ал, өндірістік фактілер, яғни, есірткіні жасау бойынша 57 қылмыстық іс қозғалды. 33 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Қарағанды қаласы бойынша түрлі есірткі құралдарының заңсыз айналымынан 252 келі тәркіленді.
– Тағы бір үлкен проблеманың бірі – алаяқтық. Өкінішке қарай, алаяқтар адамды алдап, ақшасын алудың неше түрлі тәсілін ойлап табуда. Қарағандыдағы ахуал қандай?
– Әлемнің даму қарқынының үдегені соншалық, ақпараттық технология шарықтап барады. Әрине, адамзат өркениеті технологияны барынша игергені – құптарлық. Бірақ, соның зиянды жағы да бар екенін көпшілігі ескермейді. Алаяқтар да сол технологияны әбден меңгеріп, өздерінің қылмыстарын жүзеге асыруда. Кейінгі бірнеше жылда компьютерлік техниканы немесе өзге де электрондық құрылғыларды пайдалана отырып жасалған қылмыстар саны күрт артты. Заңға қайшы ақпараттар тарап кетеді. Әсіресе, есірткі саудасы одан сайын қызды. Жеке мүлікке қол сұғыла бастады. Ар-ұжданнан алыстататын түрлі бейнеконтенттер жариялануда. Міне, ақпарат дәуіріндегі күрес мүлде басқа және өте күрделі. Қарағандыда жыл басынан 533 интернет-алаяқтық тіркелген. Өткен жылы бұл сан 595-ке жеткен. Әзірге көрсеткіш 10,4%-ға төмендеп тұр.
Интернет-алаяқтықты тыю үшін қаладағы жауапты ведомстволар тынбай күрес жүргізуде. Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде мақалалар мен жазбалар, ескертпе бейнероликтерді жиі жариялаймыз. Полиция басқармасы базасында интернет-алаяқтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел-тергеу тобы құрылды. Бұл топ ақпараттандыру және байланыс саласында жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында жасақталды.
Тұрақты негізде Қарағанды қаласының барлық кинотеатрларында кинофильмнің әрбір көрсетілімінің алдында, сондай-ақ, қаланың LED-экрандарында халықты интернет-алаяқтықтың әдістері мен тәсілдері туралы ескерту бойынша профилактикалық сипаттағы бейнероликтер көрсетіледі.
Қарағанды полиция басқармасының қызметкерлері WhatsApp қосымшасында интернет-алаяқтықтың алдын алуға қатысты ақпараттық «статустарды» үнемі жариялап отырады. Қарағанды қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімі ақпараттандыру жұмыстарын қарқынды атқаруда. Қаладағы автобустарға да ақпараттар ілінді. Қағазға интернет-алаяқтардың қитұрқы әрекеттері мен түрлі тәсілдері жазылған. Халықты дер кезінде ақпараттандыру – аса маңызды жұмыс. Ескертуіміз халыққа жетсін деген мақсатта Қуандық Рахым, Тоқтар Серіков, Бейбіт Сейдуалиева, Майя Бекбаева, Тұрсынбек Қабатов секілді өнер жұлдыздарын маңызды ақпараттандыру шараларына жұмылдырдық. Жалпы айтқанда, екінші деңгейдегі банктермен, автопарктермен, сауда үйлерімен жұмыс жасаудамыз.
– Расында, көбі алаяқтықтың жаңа түрлері бар екенін білмейді. Сол білместігінен алаяқтың құрығына ілінеді. Жалпы, қылмыс атаулының ашылу деңгейі қандай? Қарағандыда жылына қанша қылмыс әшкереленеді?
– Қарағандыдағы криминалдық ахуал қалыпты және бақылауда деп айтуға негіз бар. 15,2%-ға төмендеді. Қабылданған тиісті шаралардан кейін аса ауыр қылмыстар 4,1%-ға, ауыр қылмыстарды тіркеу – 9,3%-ға азайды.
Жеке адамға қатысты жасалатын қылмыстар да өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 15,2%-ға азайды. Жыл басынан бері қалада 27 бұзақылық тіркелді. Көрсеткіш былтырғыдан 3,6%-ға төмендеді.
Ал, адамның жеке мүлкіне қатысты жасалатын қылмыстар 15,2%-ға азайды. Мәселен, былтыр 2194 қылмыс тіркелсе, биыл 1864-ке жетіп тұр. Биыл жеке мүлікті тонауға қатысты 20, ұрлыққа қатысты 533 қылмыс тіркелді. Тонау өткен жылғыдан 37,5%-ға, ал, ұрлық 35,6%-ға төмен. Автокөлік ұрлығының 11 дерегі тіркелді.
– Көрсеткішке қарап отырсақ, Қарағанды полициясы бұл күнде қылмыстың салдарымен күресте емес, көбіне алдын алуда едәуір нәтиже көрсетіп жатқанын көруге болады. Осы тұста шаһардағы бейнебақылау камераларына тоқталсақ. Қаладағы бейнебақылау камераларының саны қанша?
– Бейнебақылау камералары қаладағы тәртіптің сақталуына зор үлес қосатыны мәлім. Кеншілер шаһарында дәл қазір 6483 бейнебақылау камерасы бар. Соның 312-сі нақты жедел бақылау орталығына тиесілі. Бақылау құрылғылары жолайрықтарға, адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарға, аулаларда, білім ордалары мен солардың төңірегінде, вокзалда, тіпті, көпқабатты үйлердің кіреберістеріне де орнатылған. Барлығы жедел басқару орталығына қосылған. Барлық қоңыраулар осы орталыққа келіп түседі.
Жыл басынан бері бейнебақылау жүйесімен 139 қылмыс ашылды, 8511 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. 8511-дің 612-сі жол-көлік қозғалысында тіркелді.
– Қарағандыда неше полиция бөлімі бар?
– Шаһарда жалпы саны 7 бөлім күндіз-түні тұрғындардың тыныштығын күзетеді. Қазыбек би атындағы ауданда – 3, ал, Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда – 4.
– Шахназар Әбдіәшімұлы, сұхбаттасқаныңызға алғысым зор! Газет ұжымы 90 жылдық тарихы бар осы көркем шаһардың қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтайды!
Сұхбаттасқан Ерік НАРЫН.