АймақАқтоғай

Шаңырақтағы шаттық тойы

Жақында Ақтоғай ауданы Шашубай кентінде 96 отбасы баспаналы болды. Пәтер кілттері ұзақ жылдар бойы үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Қоныстойын тойлағандар қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-ана қамқорынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты азаматтар да бар.

Пәтер кілтін салтанатты түрде табыс етіп, қуаныштарына ортақтасқан аудан басшысы Руслан Кенжебеков қат болып тұрған баспана мәселесін біртіндеп шешуге кіріскендігін айтты.

– Мемлекет басшысы халықтың аз қамтылған тобын баспанамен қамтуға ерекше көңіл бөлуді тапсырған еді. Биыл ұзақ жылдар қиналып келген біраз жерлесіміз баспаналы болды. Жерлестерімізді қуанышқа бөлеу жұмыстары баспанаға мұқтаж отбасылардың мәселесі толық шешілгенге дейін жалғасады. Көпқабатты үй кенттің орталығында, Ақбергенов көшесінде үлкен той болып жатыр. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында қалпына келтірілген үйге 96 адам қол жеткізді. «Балқаш Жібек Жолы» мекемесі жөндеу жұмысын жүргізді. Жаңа қоныстанушылар арасында жетімдіктің дәмін татқан 12 жан, 20 көпбалалы отбасы, 46 әлеуметтік осал санатқа жатқызылған отбасы, 17 бюджет қызметкері, сондай-ақ, үйі апатты деп танылған отбасы бар. 90-шы жылдары салынған, бірақ, ұзақ уақыт бойы қаңырап бос тұрған үйлер қайта жөндеуден өтіп, ел игілігіне жарады, – деді аудан әкімі Руслан Кенжебеков.

Баспана кілтін қолына алып, қуаныштары қойнына сыймай тұрған азаматтармен сөйлестік. Барлығы да мемлекет жүргізіп отырған саясатқа, аймақ басшысының іскерлігіне алғысын айтып жатыр. Солардың бірі балабақша тәрбиешісі Арайлым Бейсембекова ағынан жарылды.

– Осыдан бес жыл бұрын үй кезегіне тұрып, баспана алуды армандап жүруші едік. «Ондай күн қашан туады?, Қолымыз жетер ме екен?» деп іштей уайымдайтынбыз. Қазір, құдайға шүкір, кезекте тұрғандардың қаншамасы үйлі болды. Жас отбасылар да, мемлекеттік қызметкерлер де, көп­балалы аналар да, барлығы қоныстойын тойлап жатыр. Әр отбасы шағын мемлекет қой. Күйеуіміз екеуіміз үш бала тәрбиелеп отырмыз. Екі бөлмелі пәтер алып, арманымыз орындалды. Біз үйімізді көрдік, өте жақсы аудан, жақын маңда балабақша да, мектеп те бар. Барлық жағдай жасалған, орталық жылыту жүйесіне де қосылған. Жақында алған үйімізге көшеміз, – дейді Арайлым Бейсембекова.

Елдің еңсесін тіктеп, дағдарыстың дауылына, замананың жауынына ұрынбас үшін нақты бағдарламалар қабылдап, жұртшылықтың жайлы өміріне жол ашып жатқан Мемлекет басшысына Ақбергенов көшесінің жаңа тұрғындары тілектестігін білдірді. Үй алған көпбалалы ана Евгения Фролова көп жылдар бойы бір бөлмелі пәтерді паналап келген. Оларға үш бөлмелі пәтер берілгеніне ризашылығын жеткізді.

– Біз биыл баспана аламыз деп күткен жоқпыз. Біз үшін керемет қуаныш, нағыз мереке. Кілт бергенде сенер-сенбесімізді білмедік. Тек ішке кіріп, бәрін өз көзімен көріп, көз жеткізгенде ғана, шынымен де, алғанымызға сеніп, қуандық. Бізге пәтер ұнады. Сантехникасы жақсы, су жылытқышы да бар. Тіпті, қазір келіп, қоныстануға дайын, – дейді Евгения Фролова.

Бір күнде 96 отбасының арманы орындалып, шаттыққа шомылған шақ болды. Ал, арман тек тұрақты дамуы бар, азаматтарына қамқорлығын аямайтын, экономикасы өскен, әлеуметтік жағдайы өнген елде ғана ақиқатқа айналатындығын шашубайлықтар әр сөзінде атап өтті. Шашубай кентінің әкімі Нариман Маңғышев тұрғын үй кезегіне 89 адам тұрғандығын мәлімдеді. Алдағы жылдары ауылда тағы үш қараусыз қалған бес қабатты үй қалпына келтіріледі.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан алынды

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button