Шағын шаһардағы шырайлы күн
Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 72 жыл толып отыр. Балқаштықтар жылма-жыл мерекені лайықты табыспен қарсы алуды, оны ұйымшылдықпен өткізуді дәстүрге айналдырған. Алдын ала мәдени шаралар ұйымдастырылып, № 2 Абай атындағы лицейде «Ерліктің мәңгі алауы» атты патриоттық әндер байқауы өткізілді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйіне барып, құрмет көрсету сәтімен жалғасты.
Көкше көлдің жағасындағы алаң күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи сипат алған. Мұнда Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың тізімі жазылған кешенді орын бар. Сондай-ақ, танк, зеңбіректер құрметпен алаңға қойылған. Даладағы мұражай дерсіз.
Тұп-тура 9 мамыр күні сағат 10-да қала жұртшылығы, қала маңындағы әскери бөлімдердің сарбаздары жиналып, «Балқаштық жауынгерлерді мәңгі есте сақтаймыз!» атты Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған басқосуға қатысты. Соғыс құрбандарын еске алып, гүл шоқтарын қойды. «Жеңіс үшін ардагерлерге мың алғыс» атты жастардың мерекелік концерті, театрландырылған көріністер, этномәдени орталығындағы «Жеңістің туы желбіре» атты концерт те сәтімен жалғасты. Сонымен бірге, көл жағалауында «Алтын патефон» деген ардагерлерге арналған ретро-кеші де тартымды ұйымдастырылды.
Балқаштықтар Кеңес одағының батырлары – Зәкір Асфендияров, Петр Миллер, Николай Подсадник, Вера Хоружая, Олег Шербаковтарды лайықты мақтан етеді. Балқаштық екі жауынгер үш дүркін «Даңқ» орденінің толық иегері атанған. Мына деректі атап өткен жөн. Жауға атылған әр он оқтың тоғызы Балқаш мысынан жасалған. Майданға Балқаш қаласынан 8 мың адам аттанған. Соның көбісі ұрыс даласында қалды.
Отан қорғаушы және Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған салтанатты басқосуда қала тұрғындарын, соғыс және еңбек ардагерлерін қала әкімі Александр Аглиулин құттықтап, берекелі бейбіт өмір, ашық аспан тіледі. Шырайлы мерекелердің мәртебесі, ұйымдастырылған мәдени шаралар жас ұрпақтың есінде қалып, патриоттық сезімін оята беретіндігі сөзсіз.
Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ
БАЛҚАШ қаласы.