Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы алаңында сауда қызметін реттеу саласындағы заңнама талаптарын түсіндіру және әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының (ӘМАТ) жаңартылған тізбесін қолдану мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес өтті. Аталған іс-шараға мемлекеттік органдар өкілдерімен қатар, өңір кәсіпкерлері де белсенді қатысып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Кеңестің модераторы ретінде облыстың сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Абзал Рахымбаев сөз сөйлеп, жиын барысында енгізіліп жатқан заңнамалық өзгерістердің мән-маңызын жан-жақты түсіндірді. Бұл туралы облыстың кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Абзал Рахымбаев өз сөзінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларына қатысты шекті бағаларды белгілеу құзыреті жергілікті атқарушы органдардан алынып тасталатынын атап өтті. Оның орнына, бағаға бақылау тікелей өндірушінің босату бағасынан немесе шартта көрсетілген жеткізушінің сатып алу бағасынан 15 пайыздан аспайтын сауда үстемесі арқылы жүргізіледі. Бұл тәсіл нарықтағы бәсекелестікті күшейтуді, бағаларға әкімшілік араласуды азайтуды және сауда қатысушыларына түсетін қысымды жеңілдетуді көздейді. Сондай-ақ, Сауда және интеграция министрінің бұйрығына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының тізбесі 31 атауға дейін кеңейтілгені хабарланды. Бұл шешім уақытша сипатқа ие және оның басты мақсаты – халықтың күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мен баға белгілеу жүйесінің ашықтығын арттыру.
Кеңес барысында 2025 жылы сауда саласында мемлекеттік бақылау шеңберінде жүргізілген жоспарлы және жоспардан тыс тексеру іс-шараларының қорытындылары да талқыланды. Олардың нәтижесі бойынша заңнама талаптарын бұзған бірқатар сауда субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осыған байланысты Абзал Рахымбаев кәсіпкерлерге қолданыстағы заңнама талаптарын мұқият сақтау қажеттігін ескертті және туындаған сұрақтар бойынша уәкілетті органдардан ресми түсіндірмелер алуға кеңес берді.
Кеңес аясында кәсіпкерлер жаңа талаптардың шағын бизнеске, әсіресе, «үй маңындағы дүкендерге» қалай әсер ететіні туралы алаңдаушылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, мұндай дүкендердегі өнімнің 60-70 пайызы әлеуметтік маңызы бар тауарлардан тұрады, ал, электр қуатының, логистика, салық пен жалдау шығындарының артуы рентабельділіктің күрт төмендеуіне алып келіп отыр. Сонымен қатар, кәсіпкерлер ірі сауда желілері мен шағын дүкендер арасындағы сатып алу шарттарының теңсіздігін де мәселе ретінде көтерді. Ірі желілер тауарды көтерме бағамен сатып алуға мүмкіндік алса, шағын бизнес көбіне өнімді жоғары бағамен сатып алуға мәжбүр. Алайда, 15 пайыздық сауда үстемесі талабы барлық сауда субъектілеріне бірдей қолданылатыны олар үшін қиындық тудырады.
Бизнес қауымдастығы тарапынан сауда үстемесін сараланған тәртіппен енгізу, яғни шағын және ірі сауда субъектілері үшін әртүрлі пайыздық шектеу қарастыру, сондай-ақ бақылау шараларын көтерме жеткізушілер деңгейінде күшейту ұсынылды. Бұл ұсыныстар кәсіпкерлердің қазіргі экономикалық жағдайда өміршеңдігін сақтауына және әділетті бәсекелестік ортаны қамтамасыз етуге бағытталған.
Облыстың кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов кеңес барысында айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлердің тіркелетінін және оларды уәкілетті мемлекеттік органдармен одан әрі диалог аясында қарастыру үшін жолданатынын атап өтті. Сонымен бірге, ол палата тарапынан кәсіпкерлер үшін заңнама бойынша кеңес беру және түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін айтты. Оның пікірінше, бизнес өкілдері қабылданып жатқан әлеуметтік бағыттағы шаралардың мәнін түсінеді, алайда, олардың практикалық салдарына да назар аудару маңызды.
Жалпы, бұл кеңейтілген кеңес кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға, сондай-ақ, баға тұрақтылығы мен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуде тиімді диалог алаңына айналды. Алдағы уақытта мұндай кездесулерді тұрақты өткізу арқылы, елдегі азықтүлік қауіпсіздігі мен әділетті сауда қағидаларын қалыптастыруға мүмкіндік туады деп күтілуде.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



