АймақОсакаров

Шағын ауылдың шаттығы

Осакаров ауданы, Шұңқыркөл ауылында 500-ге жуық халық бар. Ауыл тұрғындарының тұрмысы тұралап тұрған жоқ. Десе де, ауылда мәселе жоқ емес. Алайда, күн тәртібіндегі мәселелер біртіндеп шешілуде. Мәселен, Астана күніне орай ауылда балалар ойын алаңы ашылды. Алаңды ашу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген.

Суреттер ауыл әкімдігінен

Бұған дейін ауылда балалар алаңы мүлдем болмаған. Биыл аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, балаларға тарту жасалды. Алаң орталықта, яғни, мектептің жанында орналасқан. Балалар үшін арнайы жабдықталған. Заман үлгісіне сай сырғанақ, әткеншек және тренажер да бар. Одан бөлек, ата-ана үшін де арнайы орындықтар қойылған. Құрылыс жұмыстарын «Қыпшақ» ЖШС мердігер компаниясы екі апта ішінде аяқтапты.

– Ауылға су жаңа балалар ойын алаңы салынды. Енді алдағы уақытта су құбыры желісі жүргізіледі деп күтілуде. Қажет құжаттар – әзір. Тіпті, құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер компаниямен де келісім жүргізілген. Тек, бюджеттен бөлінетін ақшаны күтіп отырмыз, – деді ауыл әкімі Алтын Жетпісбаева.

Одан бөлек, ауыл әкімі алдағы уақытта ауылішілік жолдарға да жөндеу жұмыстарының жүргізілетіндігін баса айтты. Бірақ, ең әуелі ауылға су құбыры тартылмақ. Ал, жол – одан кейінгі кезекте.

Ауылда спорттың волейбол, көкпар түрімен шұғылданатын жастардың қарасы қалың. Бірақ, ауылда спорт зал жоқ. Спорт сүйер жастар үшін ауыл әкімі спорт алаңын да салып беруді жоспарлап отыр.

– Ауылда спорт комплексі жоқ. Оны салу үшін қыруар қаржы қажет. Оның орнына үлкен спорт алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Бұған аудан әкімдігінен немесе облыстық бюджеттен ешқандай ақша бөлінбейді. Ауыл жастарының мәселесін қозғап, жергілікті «Qundyzdy agro» ЖШС компаниясының басшылығымен кездес­тік. Жоспарымызды ұсынып, қолдау көрсетуін сұрадық. Қуанышқа қарай, басшылық ұсынысымызды қабылдады. Енді компания басшылығының демеушілігімен үлкен алаң салынады, – деді Алтын Имантайқызы.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Осакаров ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button