Шаһардың шежіресіндей туынды
Қарағанды десеңіз, мынау елдің есіне бірден Аппақ Байжанов түседі. Аппақ Байжанов десеңіз де солай. Өмірі көмірмен лаулаған кеншілер шаһары 90 жылды артқа тастапты. Осы орайда Алаш жұртына есімі мәшһүр Сейітмахан Қалмахановтың «Апақ Байжанов портретін» назарларыңызға ұсынамыз. Қылқалам шеберінің тырнақалды туындысы облыстық бейнелеу өнері музейінде сақталған.
Тарихи тұлғаның кескіндемесі майлы бояумен кенепке салынған. Туынды 1982 жылы жарыққа шығыпты. Портреттен қолына қара алтынды ұстаған иықты, еңселі, көздері от шашқан жігітті көресіз. Бүгінде жүректей соққан, тамырдай солқылдаған, тоғыз жолдың торабына айналып, қызуымен байтақ Отанды жылытқан Қарағандыға қарап тұр. Жігіттің ойлы жанарына ғасырға жуық уақыт сыйып кеткендей. Бұл портрет – музейдегі ең құнды мұра.
– Елдің, жердің тарихын күй деген тылсым құдірет те өз тілінде баяндап бере алады. Сурет өнерінің де жөні бөлек. Портретке қарап, Қарағандының тарихын көре аласыз. Музейге келетіндердің көбісі осы картинаны көргісі келеді. Авторының өзі даңқты адам. Өнерін бағалаушылардың қарасы қалың. Музейіміз үшін бұл – үлкен мәртебе, – деді облыстық бейнелеу өнері музейі басшысының орынбасары Мейрамгүл Айдарханова.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz