Шәкірт бақыты үшін
«Мамандыққа – адалдық» деген бар. Ол жайдан-жай пайда болмақ емес, балалық қиялда шарықтап, үлкен өмірге қанат қаққанда жүзеге асады. Өмірдің мәніне айналып, таңның атысынан, кештің батысына дейін бір тыным тапқызбай, асқан құштарлықпен жанын салып, таңдаған жолына жастығын да, басқасын да сарп етеді. Бұл – әсіресе, мұғалім мамандығына қатысты…
Мағжанша айтсақ, «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» дейтін кездің өзінде де, одан кейінгі Кеңес дәуірінде де беделіне бір нұқсан келтірмей, бала оқыту мен тәрбиелеу ісінде тыным таппаған мұғалім бейнесі кейінде солғын тартты дегенмен де – мұғалімнің аты мұғалім. Тарыдай баласын мектепке әкелгенде, таудай қылып шығаратын да осы мұғалім. Дегенмен, мұғалімнің де мұғалімі болады. Бүгінгі айтпағымыз – өмірін осы салаға арнап, мамандығына адалдық танытып келе жатқан ұстаздар арасындағы әрі бірегейі Гүлшара Шерубаева турасында болмақ.
Бала кезінен мұғалім болуды аңсаған Гүлшара Жәкенқызының таңдауы математика пәнінің мұғалімдігіне түсті. «Математика – ғылымдар патшасы» деген қағиданы бойына сіңіріп өсті ме, әлде, өзі жастайынан ұстаздарының ауызынан естіп, құлағына құйып өскен, «математикадан жақсы баға алсаң – басқа пәндерден де үлгерімің жақсы болады» деген сөзі қамшы болды ма, Гүлшара апай осы салаға ден қойды. Алғашқы еңбек жолын 1983 жылы математика пәні мұғалімдігінен бастап, әлі күнге дейін таңдаған жолынан ауытқымай, қиындығы көп мұғалімдік жолда қабағын бір шытқан емес. Алдына келген әр оқушымен жақсы тіл табысуға тырысып, диктаторлық бағытта емес, оқушыға тұлға ретінде қарап, тең дәрежеде сөйлесуі жас маманның беделін одан әрі асқақтата түсетін. Бұл – жоғарыда айтқан кеңестік дәуірдің кезіндегі мұғалім еді. Мектептегі мұғалімнің айтқаны заң болып, балаға алған білімін қалай қолдануды емес, сауыт тәрізді толтырып құйып беріп, білгеніңді қыл дейтін, құлдық санаға қарай бағыттайтын білім берілген кеңестік идеологияға іштей қарсылық танытып, Гүлшара Жәкенқызы оқушыларына тұлға ретінде қарап, ой еркіндігіне баулыды. Бұл – ақылды ұстаздың көрегендігі болатын. Тіліне, еліне, жеріне деген құрмет арқылы бала бойына там-тұмдап болсын ұлттық рухтағы дүниелерді сіңіруі – ел болып еңсемізді көтеріп, етек-жеңімізді жиып, ұлы ұлт ретінде бас көтеретінімізге деген үлкен сенім қарапайым ғана мектеп мұғаліміне үлкен жігер берді. Қарапайым десек те, еңбегі еленіп көріне қоймады десек те тәуелсіздік алған жылдары, одан кейін де елінің намысы мен беделін көтеріп, абыройын асқақтатып жүргендер осы Гүлшара Жәкенқызы сияқты мұғалімдердің алдынан шыққандар, тәрбиесін көргендер.
Кейін, білім беру саласына енгізілген өзгерістер білікті мұғалімге ешқандай қиындық тудыра қойған жоқ. Өйткені, қай кезде болсын, қандай кезеңде болсын – мұғалімнің мақсаты біреу. Ол – ұрпақ тәрбиесі. Еңбегі жемісті болды. Әр іске тиянақты қарап, жауапкершілікпен атқаратындығының арқасында ұжымда беделді, шәкірттеріне сыйлы. Оқушыларының білім деңгейін көтеру мақсатында талмай жұмыс жасап, жоспардан тыс қосымша сағаттар өткізу арқылы оқушыларға көшелі білім берді. Қалалық «Математика пәні мұғалімінің үздік әдістемелік бірлестігі» атты педагогикалық байқауда жүлделі орын иеленіп жүрген ардақты ұстаздың жас мамандармен бөлісер тәжірибесі де ұшан-теңіз. Педагогика саласына қатысты жазған тұщымды дүниелері республикалық басылымдарда жарық көруін әлі де жалғастыруда.
Ең бастысы, еңбегінің жемісі – өзі тәрбиелеп түлеткен шәкірттері. Өмір жолдарында жеткен жетістіктері болса естеріне математика пәнінің мұғалімі, сынып жетекшісі Гүлшара Шерубаева түседі. Мойымауды, қажымауды, жетістікке адалдықпен жетуді үйреткен ұстаз тұлғасы саналарында. Балғын балалық шақты еске түсіріп, өткенге қайта оралтатын 25 мамыр – соңғы қоңырауда бұл бір жылғы түлектердің ардақты ұстаздары Гүлшара Жәкенқызы туралы айтар бір үзік ойлары ғана. Өздерінің ғана емес, ұстаздарының талай жыл оқытқан басқа да шәкірттерінің ойында осындай алғыс сезімі жүргені анық.
Ә.Бөкейханов атындағы
№76 мектептің 1997 жылғы
түлектері.