Руханият

Шәкәрім салған дара жол

Жас ұрпақты адамгершілік биік мұраттарға, адалдық пен ақылдылық, парасаттылық пен азаматтыққа үндейтін Шәкәрім шығармалары бүгінгі күні өз мәнін жойған жоқ. Өйткені адамгершіліктің ақ туын жоғары ұстаған бабаларымыздың тәлім-тәжірибесінің, қағидаларының жас ұрпаққа берері мол.

Сурет tilmedia.kz

Абай, Шәкәрім аталарымыздың шы­ғармаларының тұнығы – рухани тәрбие. Абай ізін жалғастырушы, адамдық жолын айнытпай танытқан Шәкәрім жыр­лары – бүгінгі ұрпақтың бойтұмары. Шәкәрім өлеңдерінің тақырып ауқымы – өте кең. Соның ішінде, ойып орын алар тақырып – рухани адамгершілік мәселесіне қатысты ойлары. Ол адамгершілік, ар-ұятты жоғары қояды. Оның өлең жолдарынан кісіліктің келбетін танытар асыл қасиеттерімен сусындауға болады. Қазақ халқы қонақжай, бауырмал халық. Айналаңды дос тұту, бауырыңа тарту – бұл да адамгершіліктің жоғары түрі.

Ал, адам өмірінің мәні неде? Адам баласының борышы не?

Ақын «кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек анық бақ» деп білді, өз өмірінің бүкіл мәнісі еңбекте жатқанын айтады.

Шәкәрім шығармашылығы Абайдың терең ойлы маржан сөздерін ойға түсіреді. Ол – заңдылық. Абай атамыздың «Рақымдылық, мейірбандық, әр түрлі істе адам баласына өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» дегені афоризм боп қалыптасып кеткен. Осы сөзге жақсылық жасау, мейірімді болу идеясы Шәкәрім поэзиясы су, от, жел, жер секілді ұғымдардың екі жағын, екі түрлі қасиетін салыстырмалы түрде жырланады да, соның айналаңа пайдасы болар жағын қала дегенді айтады.

Кез келген қоғамның дамуын, оның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени жақтарының мүмкіндіктерін саралаумен қатар, яғни, сол қоғам мүшесінің адам ретіндегі сапалық деңгейін де салмақтау қажет сияқты.

Осы тұрғыдан қарағанда жан-жақты дамыған, асқан мәдениеті, кең дүниетанымдық көзқарасы бар қоғам мүшесін қалыптастыру кешегі күні де қандай өзекті болса, бүгіндері, тіпті де, маңыз­ды бола түсетіні анық. Өйткені, қазіргі өмірдің жақсы-жаманды әсері қалай болғанда да бүгінгі адамның рухани дүниесін қалыптастыруда бірінші орынға шыққаны рас. Сондықтан да, бүгінгі жаһандану үрдісіне меңзей отыра, ғалым Манаш Қозы­баев «Біз мынау цивилизацияның дүрмегіне орай, урбанизация деген ағымға еріп, адамгершілік тәрбиені төмендетіп алдық. Сондықтан жас ұрпаққа сапалы білім берумен қатар олардың адамгершілік қасиетін жоғалтпауға көңіл бөлуіміз керек сияқты» деп тұжырым жасайды.

Шындығында, адамның бойына ізгіліктің қасиеттерін талмай сіңіре беру қажеттілік.

Шәкәрім Құдайбердіұлының кез келген өлеңдерін, дастандарын, прозалық шығармалары мен қара сөздерін алсаңыз, оның мағынасында үлкен тәлімдік мәні бар адамгершілік мәселелерінің жатқанын көресіз. Біз осыдан соң ақынның өз шығармаларын зор мақсатпен, терең оймен жазғанын байқаймыз. Оның өлеңдерінің бір бөлігі қоғамның келешегі жастарға арналады. Ақын жастарды білім алуға, адал еңбек етуге, өтірік айтпауға шақырады. Қазақта «Жаным – арымның садағасы» деген сөз бар, дүниеде адамға ғана тән, ар, ұят, ождан бәрінен де қымбат.

Жеке адамның дамуында кездесетін уақытша қиындықты жоғары саналы әрекетпен жеңу, адамзаттық сапаларының бағасын арттырады. Болмысындағы мүмкіндікті пайдалана отырып, қанағатқа ұмтылу рухтың тереңдігі «талпынған мақсат іздеп мақұрым қалмас» деп ой-пікірін айтады. Педагогикалық процестің дұрыс жүруінің бір факторы адамдар арасындағы қарым-қатынас болса, оны тудыру жағдайы, психология­лық ықпалы – мінез. Мінездің қасиеттерін таным әрекетімен қарастыру теориясын Шәкәрімнің «Дүние мен өмір», «Анық пен танық», «Құмарлық», «Талап пен ақыл», «Хайуан мен ақымақтар», «Ызақорлар», «Еріншек», «Тойымсыз нәпсі, тұрақсыз дүние» өлеңдерінен табамыз. Ұлттық танымның бағыттарын рефлексия элементтерін ақынның ағартушылық идея­ларынан көреміз. Өзін-өзі тану, өзгені тану, ой-тұжырым жасау, ойды қорытып жеткізу – тәрбие нәтижесі. Сөздің тәрбие құралы екенін бәріміз де білеміз. Ал, сөйлей алу – ой шеберлігі тереңдігінің айнасы. Адамның ісі мен сөзінің қиылысуы – білімділік айғағы. Сөз бен істің бірлігі адамдардың жасына қарамайды. Ол – ынтаның тереңдігі, еңбектің нәтижесі.

Шәкәрімнің тәлім-тәрбиеге толы, бай әдеби мұрасында, өзі өмір сүрген кезеңінің қоғамдық қайшылықтары, ақыл-ой ізденістері, толғамды тұжырымдары, зерделі идеялары өшпес із қалдырды. Шәкәрім өмірінің алғашқы он бес-жиырма жылы саналы өсуі кезеңі болса, оның рухани өмірге араласуы қоғам дамуының ішкі құбылыстарына қарай туындаған шиеленісте, күрес-тартыста, әлеуметтік қайшылықтарда шыңдалып жетілді. Осы кезеңдегі қарама-қайшылықтар зерделі ақынның әдеби өмірге құлшына араласып, Шоқан, Абай, Ыбырай салған дана жолдарын қарай жалғастыруының қозғау­шы күші болады.

Гүлнұр ОШАҚБАЕВА,
№35 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button