Серіктес қалаларда «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша үй салынады
Қарағандыда «7 – 20 – 25» ипотекалық несиелеу бағдарламасы осы жылдың шілдесінде басталды. Алайда серіктес қалалар мен шағын қалалардың барлығы дерлік оған қатысып жатқан жоқ. Соның салдарынан, Ерлан Қошановтың пікірінше, бағдарлама облысымыздың кейбір аймақтарында толыққанды жүзеге асырылмай қалуы мүмкін.
– Жезқазғанда жәнене Балқашта «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үйлер салынып жатыр. Облыстық бюджеттен көрсетілген қолдаудың арқасында бұл үйлердегі шаршы метрдің бағасы 90-100 мың теңгені құрайды. Ол сатып алушылар үшін тартымды баға болып табылады. Шағын қалаларда облыс орталығына қарағанда сатып алу қабілеттілігі төменірек екенін назардан шығармау керек. Облыстың қолдауымен «7 – 20 – 25» бағдарламасының өлшемшартарына сай келетін жәнеде сатып алушылар үшін қымбат емес үйлер салуға болатын еді. Біз Теміртау, Балқаш және Жезқазған қалаларында біздің банктің салымшылары көп екенін білеміз, жәнеде олар осындай ұсынысқа қызығушылық танытар еді, – дейді «ТұрғынүйҚұрылысЖинақБанкі» АҚ Қарағанды филиалының директоры Бауыржан Жуаспаев.
Ерлан Қошанов бұл идеямен келісті де, облыс «7 – 20 – 25» бағдарламасына қатысатын құрылысшыларға тұрғын үйлерді салуға қолдау көрсететінін мәлімдеді. Алайда Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов теміртаулықтар туған қалаларында тұрғын үй сатып алатынына күмән келтірді.
– Біз қазір ештеңе салып жатқан жоқпыз – баршаңызға белгілі, бізде қазір жылу тапшылығы бар. «ТұрғынүйҚұрылысЖинақБанкі» салымшыларымен мен сөйлескен едім, олар Теміртауда қалуды жоспарлап отырған жоқ. Олар Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында баспана алуға ақша жинап жатыр, – деді ол.
Мұндай жауап Ерлан Қошановтың наразылығын тудырды.
– Мен мұнымен түбегейлі келіспеймін; Бір үйді жылыту үшін небары 0,4 гигакалория қажет! Ол кереметтей көп емес. Біз облыс бюджеті есебінен құрылысқа көмектесуге дайынбыз, барлығын қолдауға дайынбыз, сіздерге тек өз жұмыстарыңызды атқару қажет! Үйлерді салу керек, сатып алушылар табылады, – деді облыс әкімі.
Ал Жезқазғанда болса, биылғы жылы қолданысқа екі тұрғын үй берілмек, оның бірі жалдамалы, екіншісі несиелік болады. Жобалық-сметалық құжаттама тағы да бес көпқабатты үйлерге жасалып қойды: үш жалдамалы және екі несиелік. Оның екеуінің құрылысына келесі жылы кіріседі. Қазір қала әкімшілігі «ТұрғынүйҚұрылысЖинақБанкімен» белсенді жұмыстар атқарып жатыр, оның нәтижесі 2020-шы жылы тағы бір жалдамалы тұрғын үй салу мүмкіндігін береді.
Балқашта да биылғы жылы екі 45 пәтерлік несиелік және 48 пәтерлік екі жалдамалы тұрғын үйлер салынып жатыр. Сонымен қатар екі үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, инденерлік коммуникациялар қосылған.
– Осы бағытта жұмыс істеу қажет. Қала әкімдері, құрылысшылар, банк өкілдері – сіздерге белсендірек жұмыс істеу қажет, бұл Елбасының тапсырмасы. 30 күннен кейін мен тағы да жиналыс ашамын да, сіздердің атқарған жұмыстарыңыз туралы аралық есепті тыңдайтын боламын. Құрылысшылардан жобалар күтемін, банктерден – анағұрлым қарқынды жұмысты – халыққа бағдарламаның артықшылықтары туралы айтуларыңызды күтемін. Өз тарапымыздан біз қолдау көрсетеміз – құрылысшылар бағасы мен сатып алушыларға арналған қорытынды бағаның айырмашылығын бюджеттен өтеуге, инженерлік коммуникацияларды қосуда көмек көрсетуге дайынбыз, – деп қорытындылады Ерлан Қошанов.
Қарағандыда тек осы жылдың қыркүйегінің өзінде «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша қолданысқа 181 пәтер берілді. Осы жылдың соңына дейін банктер аталмыш бағдарлама бойынша 324 пәтер сатуды жоспарлап отыр. 2019-шы жылы қарағандылықтар тиімді шарттармен 1052 пәтер сатып ала алады, ал жалпы 2020-шы жылдың соңында – 3 607 пәтер сатылады. Жәнеде бір шаршы метр құны Қарағандыда 180-220 мың теңгені құрайтын болады.
Қарағандыда «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 525 млн теңгеге 46 өтініш құпталды, қазіргі уақытта оның 39-ы берілді. Ең көп несие – 33 «ЦентрКредит» банкі берген, мұнда тұрғын үй несиесін 4 адам алған, ал «АТФ» банкінде екі қарағандылыққа несие берілді. Сонымен қатар осы айдан бастап «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша «Еуразиялық банкте», «СберБанкте», «Халық банкте» несие алуға болады, ал 1-ші желтоқсаннан бастап бұл бағдарлама бойынша «ТұрғынүйҚұрылысЖинақБанкі» де жұмыс істей бастайды.