Ресми

Әсерге толы сапар

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» жобасы аясындағы үш күндік «Ұлы Дала елі» тарихи-танымдық экспедиция­сы Шымкент қаласындағы Достық үйіне барудан басталды. Салтанатты жағдайда Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев этномәдени бірлестіктері басшыларын таныстыра отырып, кездесуді ашты.

Шымкентте 17 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Барлық этностың ұлттық ерекшеліктерін, тілі мен мәдениетін сақтау үшін барлық жағдайлар жасалған.

Тағылымы мол экспедиция­ға облысық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Думан Малаев жетекшілік етті.

Экспедиция мүшесі Светлана Крумент қазақ тілінде Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінде тарих пәнінен сабақ береді. Ол студенттерге тарихты ғана емес, ауыз әдебиетін, қазақ халқының салт-дәстүрлерін белсенді түрде насихаттап жүр. Ол тарихымыз бен мәдени мұрамыз­ды байланыстыратын Қарағанды облысының «Бейбітшілік пен келісім жолы» бейне жобасы таныстырды. Бейнероликте дәстүрлеріміздің пайдасы мен алуан түрлілігін бейнелейтін ерекше сәттер бар. Бұл жоба – халықтың қуаты бірлікте екенін тағы да бір мәрте дәлелдей түскендей.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің доценті Мәулен Жакин Орталық Қазақстандағы қуғын-сүргін туралы мұрағаттық құжаттар жинағын ұсынды. Ол өз баяндамасында репрессияның ауқымы мен қоғамға әсерін түсіну үшін материалдарды талдаудың маңыздылығын атап өтіп, құрбандарды еске алуға және барынша тарихи шындықтың үстемдік құруына баса назар аудару қажеттігін айтты. Бұл жинақ өткенге бірлесіп қарауға және тарихтан тиісті сабақ алуға, кешегі күнгі жіберген қателіктерге алдағы күндері жол бермеуге мол мүмкіндік береді. Жинақтың әсерлі тұсаукесерінен кейін кездесуге қатысушыларға басылымның бірнеше данасы сыйға тартылды.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының Достық үйіндегі этникалық алуан түрліліктің құндылықтарын бейнелейтін мұражайға саяхат жасалды. Мұнда әрбір этномәдени бірлестік өз тарихын баяндайтын кітап бейнесінде ұсынылған.

Бұдан бөлек қатысушылар, Шымкент қаласынан 30 шақырым жердегі Сайрам ауданына барды. Ондағы Ибраһим ата күмбезді кесенесі биік төбеде орналасқан.

Сапардың екінші күні Домалақ Ана кесенесіне саяхат жасалды. Домалақ Ана даналығымен танылып, мейірімділіктің символына айналған. «Домалақ» атауы парсы тілінен шыққан «Дихнат мама», яғни «Қасиетті ана» дегенді білдіреді.

Сапардың екінші бағыты – Ақмешіт. Ол – Орталық Азия тарихына енген ғажайып үңгір. Қазір Ақмешіт Орталық Азиядағы ең ірі үңгірлердің қатарына кіреді. Экспедиция қатысушылары бұл киелі орын жайлы толық мағлұмат алып, жол бойы алған әсерлерімен бөлісті.

Экспедиция қатысушылары ежелгі Отырар сәулет ескерткіші Арыстан баб ата қабіріне де барды. Кесененің маңызды қадір-қасиеті және ортағасырлық каллиграфиялық өнердің жауһары – көне қолжазба Құран.

Ал, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне ат басын тіреген экспедиция қатысушылары көп дүниеге қанық болды.

Кейін Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенін тамашалады. Кешенде екі қонақ үй, мейрамханалар, спа-орталық, кинотеатр және сауда алаңдары бар. Экспедиция құрамы ұшатын театрға да барып, келушілерге Қазақстан тарихы туралы 8D сурет арқылы әңгімеледі.

Экспедицияның үшінші күні Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің басшыларымен кездесу өтті. Облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева қатысушыларды тәжірибе алмасу мақсатында жалпы өңірдегі этносаралық қатынас­тарды дамытуға байланысты жұмыс барысымен таныстырды.

Экспедицияның соңғы нүктесі Түркістанның төрінен бой көтерген еліміздің болашаққа бағдарын айқындайтын, халықтың сенімділігін арттырып тарихи санасын жаңғыртуға жаңаша жол ашатын «Ұлы Дала елі» орталығы болды.

Мұндағы «Ұлы Дала жауһарлары» залында жануарлардың сұлбасы, сол дәуірдегі әшекейлердің көшірмелері, сақ кезеңіндегі бұйымдары қойылған.

Бұл тарихи-танымдық экспедиция осы шараға қатысқан азаматтардың жүрегінде осы таңғажайып жердің мәдениеті мен тарихының байлығына деген терең құрмет сезім мен жүрегімізде өшпес әсер қалдырды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button