Сенімді өсім, нақты нәтиже
Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, өңір экономикасын жүйелі түрде әртараптандыру, шағын және орта бизнесті қолдау мен дамыту, сондай-ақ, адами капиталдың сапасын арттыру жөніндегі кешенді шаралар – біртұтас стратегиялық мақсат: өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруды көздейді. Аталған басымдықтар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, табыс деңгейін ұлғайтуға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға негіз болады.

Инвестиция мен инфрақұрылым
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер мен оларды шешу жолдары» атты Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру аясында 2026-2028 жылдарға арналған Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы әзірленіп, бекітілді. Құжат облыс әкімдігінің қаулысымен мақұлданды. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының міндеттерін орындауға бағытталған 2026-2030 жылдарға арналған облыстың даму жоспары әзірленді. 2025-2029 жылдарға арналған Қарағанды агломерациясын дамытудың кешенді жоспары іске асырылуда. Бұл стратегиялық құжат өңірдің тұрақты және теңгерімді әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған даму бағытын айқындайды. Облыстың экономикалық саясатының негізгі басымдықтары қатарында макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, технологиялық жаңғыртуды енгізу, кәсіпкерлікті ынталандыру, адами капиталдың сапасын арттыру және мемлекеттік басқаруды жетілдіру бар.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанның моноқалалары Саран қаласының экономикасын әртараптандырудың табысты тәжірибесін белсенді енгізу үстінде. Мәселен, Теміртауда төрт ірі жоба іске қосылды. Мәселен, Алюминий профилін өндіру және дайындау («KazPromAluminum» ЖШС), тау жұмыстарына арналған арматуралық анкерлік бекітпелерді өндіру («ТехРаботыKZ» ЖШС), тауарлық бетон және темірбетон бұйымдарын өндіру кешені («Бетон Сервис KZ» ЖШС) және алкогольсіз сусындар өндірісі («Торговая Сеть Вавилон» ЖШС). Абайда Абай тігін фабрикасының өнеркәсіптік кешені қалпына келтірілуде. Сондай-ақ, осында «Деметра 2005» ЖШС өндірісі кеңейтіліп, металл жабдықтарды жөндеу және қалпына келтіру бойынша өндірістік қуаттар жаңғыртылуда.
Балқашта туризмді дамытуға ерекше назар аударылуда. 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспары аясында жағалау жаңғыртылу үстінде. Жаңа туристік нысандар құрылып, инженерлік инфрақұрылым жақсартылуда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 2025 жылы шамамен 57 мың адам тұратын 30 елдімекенде 30 жобаны іске асыруға 8,2 млрд теңге бағытталды. Осакаров ауданында сумен жабдықтау жобасы іске асырылды. Шұңқыркөл ауылында 10,7 км су құбырлары желілері тартылып, 516 адамды сапалы сумен қамтамасыз етті. Ішкі елдімекен жолдарының шамамен 67 км жөнделді. Ақтоғай ауданында жылумен жабдықтау жобалары басталса, Шет ауданында сумен жабдықтау жобасы, облыс аудандары бойынша төрт спорт нысанының құрылысы, екі мәдениет нысанының құрылысы және күрделі жөндеуі, аудандардағы жолдардың орташа жөндеуі бойынша бес жоба іске асырылды.
Ауылда мамандарды ынталандыру мақсатында «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында өткен жылы әлеуметтік саладағы 121 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 978,2 млн теңгеге бюджеттік кредиттер берілді. 416 маманға 163,6 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Жастар жалпы мамандар санының 86%-ын құрайды. Демек, жастардың ауылдық аудандарда жұмыс істеуге жоғары қызығушылығы зор. 2026 жылға тұрғын үй сатып алу үшін 108 маманға бюджеттік кредиттер, 340 маманға көтерме жәрдемақы қарастырылған.
Өсім нүктелері
Өңдеу өнеркәсібінің белсенділігіне тоқталғанымызда 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқыны 5,4%-ды құрады. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 4,9 трлн теңгеге жетіп, 6%-ға өсті. Өңір экономикасының негізгі драйверлері өңдеу және тау-кен өнеркәсібі болды. Осы салаларда нақты көлем индексі тиісінше 105,8% және 107,4% деңгейіне жетті. Өңдеу өнеркәсібі тұрақты дамып келеді. Өндіріс көлемі 3,8 трлн теңгені құрады. Көрсеткіш экономиканы әртараптандыру әрі жоғары қосылған құны бар өнім шығару бағытының дұрыс екенін көрсетеді. Сала локомотиві металлургия болып қала береді (сектордың 64%-ы). Мұнымен қатар, басқа да салалар белсенді өсуде. Мәселен, жеңіл өнеркәсіп – 2,1 есе, резеңке және пластмасса бұйымдары – 1,3 есе, фармацевтика және химия өнеркәсібі – 1,2 есе артты. Машина жасау, тамақ және құрылыс индустриясының қарқыны аршынды. Тау-кен өндіру саласындағы өсім 7,4%-ды құрады. Темір рудасын өндіру 9,3%-ға, темір рудасы концентратын өндіру – 0,7%-ға, қорғасын концентратын өндіру – 1,8%-ға, көмір концентратын өндіру – 11,5%-ға артты.
Шағын және орта бизнес өңірде сенім ұялатарлық деңгейде дамып келеді. Қолданыстағы ШОБ субъектілерінің саны 102 712 бірлікке жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1 116-ға артты. Бұл ішкі сауда көлемінің айтарлықтай өсуіне игі ықпал етті. Былтырғы көрсеткіш 1,9%-ға өсіп, 5 190,6 млрд теңгені құрады (2024 жылы – 4 599 млрд теңге). Ауыл шаруашылығы да өсімін еселемесе, кемітпеді. Жалпы өнім көлемі 531,9 млрд теңгені құрады. Бір жылда 31 жоба іске асырылып, ет, сүт және жұмыртқа өндірісі өсіп келеді.
Ал, құрылыс саласындағы өсім 4,2%-ды құрады. Жыл ішінде шамамен 597 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың жоғары қарқынын айқындады. Облыстың негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 1 трлн 386,7 млрд теңгені құрады. Өсімнің негізгі драйверлері инвестициялық әрі инфрақұрылымдық жобалар болды. 2025 жылы жалпы сомасы 279 млрд теңгеге 28 инвестициялық жоба іске асырылды. Жергілікті бюджетке түсетін кірістер жоспарланған көрсеткіштен 5,7%-ға асып, 430,6 млрд теңгені құрады. Облыста 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, өткен жылмен салыстырғанда 10,6%-ға көбейген. Орташа жалақы (2025 жылдың III тоқсаны) 410 314 теңгені құрады да, жұмыссыздық деңгейі – 4,0%-ды (2025 жылдың III тоқсаны) құрады. Бұл республикалық орташа деңгейден 0,6 пайыздық тармаққа төмен.
Биылғы жылы өңір экономикасының өсімі кемінде 6% деңгейінде жоспарланып отыр. Негізгі драйверлер: өнеркәсіп (+7%), ауыл шаруашылығы (+4%), құрылыс (+3%), көлік қызметтері (+7%) және сауда (+7,8%) болып танылмақ. Ағымдағы жылы жалпы сомасы 312 млрд теңгені құрайтын 41 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 3 149 жаңа жұмыс орны ашылады. Инвестиция тарту мақсатында 2030 жылға дейін облыста жалпы құны 3,5 трлн теңгені құрайтын 124 жобадан тұратын пул қалыптастырылып, 21 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек. 2026 жылы облыс экономикасына салынатын инвестициялардың жалпы көлемі 1,9 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр.
Қуатты экономика, жауапты бюджет
2025 жыл қорытындысы бойынша облыстық бюджет көлемі 661,5 млрд теңгені құрады. Аймақ бюджетінің меншікті кірістері 179,6 млрд теңге сомасында немесе 104,3% деңгейінде, яғни, 7,4 млрд теңгеге артығымен орындалды. Жалпы алғанда, өткен жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқыны 5,4%-ды құрады. Соған сәйкес, салық түсімдері де артты. Атап айтқанда, шағын және орта бизнес субъектілерінен корпоративтік табыс салығы есебінен кәсіпорындар пайдасының өсуі мен өткізу жоспарларының ұлғаюы оң септігін тигізді. Облыстағы шаруашылық жүргізуші субъектілердің еңбекақы қорының өсуі нәтижесінде жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық, қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемдер, сондай-ақ, басқа да кіріс көздері бойынша түсімдер өсті. Былтырғы жыл нәтижелері биыл ұзақ мерзімді жоспарларды іске асыру үшін берік негіз қалады.
Осылайша, 2026 жылға арналған облыстық бюджет республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді, бюджеттік кредиттерді және мемлекеттік бағалы қағаздар шығару есебінен тартылатын қарыздарды ескере отырып, 578,1 млрд теңге көлемінде бекітілді. Оның ішінде, меншікті кірістер – 97,1 млрд теңге, нысаналы трансферттер – 11 млрд теңге, бюджеттік кредиттер – 12,8 млрд теңге, қарыздар – 25,5 млрд теңге. Ағымдағы жылғы облыстық бюджет шығыстарының ең үлкен үлесі әлеуметтік салаға тиесілі әрі ол жалпы шығыстар көлемінің 61,8%-ын құрайды. Әлеуметтік сала нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жоспарлы-кезеңдік тәртіпке ерекше көңіл бөлінуде.
Бюджеттің жалпы көлемінің 26,7%-ы экономиканың нақты секторын қолдауға және сапалы да тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталды. Қаражат бастау алған бюджеттік инвестициялық жобаларды жалғастыра отырып аяқтауға базалық инфрақұрылымды одан әрі дамытуға, халықты әлеуметтік қолдауға бағытталады. Атап айтқанда, жылумен, сумен және газбен жабдықтауды дамыту, көлік инфрақұрылымын, оның ішінде әуе көлігі саласындағы жобаларды жаңғырту, әлеуметтік сала объектілерін салу мен жаңарту көзделген. Әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй сатып алуға ерекше назар аударылып, бұл азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға оң ықпал етеді. Алдағы кезеңде даму бюджетін дәйекті іске асыру өңірдің тұрақты экономикалық өсуі мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін берік негіз қалыптастырады.
Теңгерімді даму
Ағымдағы жылы ауылдық елдімекендер мен шағын қалалар тұрғындарының табысын арттыру жобасы жалғасуда. Оның аясында тұрғындар жаңа бизнес ашу немесе қолданыстағы бизнесті кеңейту үшін жеңілдетілген шарттармен микрокредиттер ала алады. Республикалық бюджеттен берілетін кредиттер есебінен облыста агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру жоспарлануда. Биыл облыс аумағында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында алғаш рет ветеринариялық станциялар, пункттер және мал көметін орындар сатып алуға елеулі қаражат қарастырылды.
Құқық қорғау қызметін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға, азаматтық қорғанысты ұйымдастыруға, сондай-ақ, пробация қызметінің жұмысына бюджеттің жалпы шығыстарының 4,7%-ы бағытталады. Облыс өңірлерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы «Қауіпсіз қала» жобасын іске асыру жалғасады. Жоба аясында бейнебақылау жүйелерінің, елдімекендердегі жолдарда жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеу жүйелерінің жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Облыстық бюджеттегі жалпы мемлекеттік шығыстар жалпы шығыстар көлемінің 5,8%-ын құрайды. Бұған облыстың аудандары мен қалаларына берілетін субвенциялар, жергілікті атқарушы органның жоғары тұрған бюджет алдындағы қарызын өтеу, оған қызмет көрсету, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органның резерві кіреді.
Жергілікті атқарушы орган резервінде облыс аумағында қолайсыз әлеуметтік-экономикалық жағдай туындаған жағдайда жедел әрекет ету үшін қаражат көзделген. Жалпы алғанда, 2026 жылға арналған облыстық бюджет экономиканың барлық салаларын қамтып, экономикалық тұрғыдан тиімді бағдарламаларға шоғырланған. Сондай-ақ, осы жылы бюджетаралық қатынастардың жаңа кезеңі басталып, 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің жаңа көлемдері бекітілді. Алдағы үш жылдық кезеңде жалпы сипаттағы трансферттердің тұрақтылығы сақталатын болады. Жаңа бюджеттік заңнамаға сәйкес, 2026 жылдан бастап, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттеріне корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығы бойынша түсімдер толық көлемде берілді.
Биыл облыстың сегіз өңірі субвенциялық болып табылады. Олар – Абай, Ақтоғай, Қарқаралы, Нұра, Осакаров аудандары және Приозерск, Саран, Шахтинск қалалары. Донор өңірлер – Балқаш, Қарағанды, Теміртау қалалары, Бұқар жырау мен Шет аудандары. Жалпы сипаттағы трансферттер көлемі өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту, әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті теңестіру бойынша жаңа тәсілдерді ескере отырып есептелді.
Көзделген межелі міндеттерді орындау жөніндегі жүйелі жұмыс жалғасатын болады.
Дулат АШКЕНОВ,
Қарағанды облысының экономика және бюджеттік жоспарлау
басқармасының басшысы



