Сенімді серпілткен сұхбат
Жаңа 2025 жыл тарих табалдырығын аттады. Жаңа белеске қадам басарда өткенге есеп беріп, ертеңнің бағдарын бағамдайтынымыз қоғамдық дағды, саналы салтқа айналғаны бүгін ғана емес. Бұл дағды адамзат баласы ортасынан көшбасшы сайлап, қоғамдасып өмір сүру дәстүрін игергелі бері бізбен бірге тыныстап келеді. Ел Президенті биыл да осы дәстүрден жаңылған жоқ.
Иә, әр жылды қарсы аларда жаңа күнге жақсы үміт артып, жаңа жыл күнтізбесінің парағын жақсылықпен ашқымыз келетіні рас. «Ескі жыл, есірке, Жаңа жыл, жарылқа!» деген үкілі үміт арқалаған тілегіміз тіл ұшына оралғанда, көңіл қалауы мен жүрек сөзін қанатты періштенің тілеуіндей көріп, алғаусыз пейіл танытып тұрғанымызды сеземіз де…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Аna tili» газетіне берген сұхбатын осы тілеуімізді Жаратушы Һақ қабыл алған екен деген риясыз пейілмен оқып шықтым.
Өткен күн еншісіндегі өрелі көрсеткіш, ертеңгі күннің еңселі жоспары мен байыпты бағдары байсалды көрініс тауып, кейбір мәселелерге қатысты бүкпесіз әңгіме өрбіп, парасатты пайым жасалған екен.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сұхбатын өз басым Жолдаудың жүгін көтеріп тұрған маңызды құжат есебінде қабылдадым. Өйткені, еліміздің даму қарқыны, саяси-экономикалық реформалар нәтижесі, ел көкейіндегі өзекті мәселелер түгел қамтылып, журналист сауалына толымды жауап берілген. Яғни, сүбелі сұхбатқа өзек болған барлық мәселе алдағы уақытта да терең талданып, атқарушы билік өкілдері үшін нақты міндеттер бағдары ретінде маңызды шешімдер қабылдауға негіз боларына еш күмән жоқ.
Біз де тарқатып, таразылап көрелік…
Берекелі белес бедері
Мемлекет басшысы былтырғы жылдан бері еліміздің ақпарат кеңістігіндегі жетекші басылымдарға сұхбат беріп, жоғары билік деңгейінде атқарылып жатқан ауқымды істер мен іргелі жобалар жөнінде бұқарамен ой бөлісуді дәстүрге айналдырғаны көңілге үміт пен сенім орнықтырып келеді.
Жасыратыны жоқ, қазір ел ішінде Қазақстанның болашағына қатысты алуан пікір айтылып жүр. Ал, Президенттің биылғы сұхбаты аузының дуасы жоқ «саяси сәуегейлер» жасаған болымсыз болжамдарға нақты тойтарыс бергендіктен де, қоғамда зор серпіліс тудырып, ел сеніміне серпін бергенін аңғардық. Көршілес елдермен арадағы ынтымақтастық негізінде болып жатқан сол ел Президенттерінің ресми кездесулерінің астарынан сын іздеп, мін тағып жатқандарға да нақты жауап берілген. Саяси қауесеттерді жоққа шығаратындай салмақты да, ашық әңгіме өрбіген салиқалы сұхбатты сүбелі демеске амалым да қалмады.
Биліктің ашықтығы, еліміздің даму қарқыны, экономикалық мүмкіндіктер, ұлттық құндылық, мемлекеттік мүдде, Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы беделі, еліміздің әлемді шарпыған сын-қатерлер кезіндегі ұстанымы жан-жақты қамтылған сұңғыла сұхбат болғанын қазақстандықтар да, шетелдік сарапшылар да мойындап жатыр. Әлгі саяси қауесеттерге иланып қалмасақ та, алаң да, алаң күй кешіп жүргеніміз рас еді.
Жаңа жылдың алғашқы сәтінде сол күдік-күмәніміздің күлін көкке ұшырып, көңіл көкжиегіне үміт пен сенім ұялатқан Президент пайымдары елдік мұраттың еңселі бағдарламасындай әсер қалдырды.
Сыр-сұхбат неден басталып, қалай өрбіді?
Әдеттегідей өткен жылдың еншісіндегі көшелі көрсеткіш әңгіме өзегіне айналып, ауыз толтырып айтарлықтай толайым табыстар мен жетістіктер сараланды. Әріптесіміздің алғашқы сұрағына берілген жауабын Мемлекет басшысы: «Былтыр көптеген маңызды оқиға болды, қыруар жұмыс атқарылды. Мысалы, әбден тозығы жеткен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары барлық аймақта жүргізілді», – деп бастады. Құрғақ сөз, құрама есеп емес. Қарапайым халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қолға алынған бұл жобаның игілігін ел тұрғындары көре бастады. Алдыңғы жылғы Екібастұз қаласындағы төтенше жағдайдан кейін шұғыл қолға алынған бірегей жоба ел аумағындағы қуат көздерінің тозу деңгейін едәуір төмендеткенін көз көріп, құлақ естіп отыр.
Нақты мысалдарға жүгінер болсақ, Қарағанды облысында да коммуналдық саланың ахуалы сын көтермейтін жағдайда болатын. Әсіресе, Теміртау қаласындағы жылу орталығы мен құбырлардың әупіріммен жұмыс істеп тұрғаны жасырын емес еді. Былтырғы жылы біздің өңірде де қыруар жұмыс атқарылып, биылғы жылу беру маусымын алаңсыз бастадық. Мәселен, өткен 2024 жылы Қарағандыда үшінші жылу магистралі іске қосылып, ЖЭО-ынан қаланың Оңтүстік-Шығыс аумағына 22 шақырым жаңа құбыр тартылды.
Теміртау қаласында да ілкімді жобалар қолға алынып, Теміртау ЖЭО-2 қуат көзіндегі қазандықтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылу беру маусымына Теміртау қаласы алғаш рет 5 қазандықпен кірді. Оның біреуі – резерв. Сондай-ақ, қалаішілік желілерде 40 шақырымға жуық құбыр жаңартылды.
Әрине, Мемлекет басшысы өз сұхбатында біздің өңірдегі жағдай бойынша арнайы тоқталған жоқ. Біз бұл мысалдарды Президенттің еліміздегі инженерлік-коммуналдық желілерді жаңарту жөніндегі жауабының ақиқаттан алшақ кетпегенін дәлелдеу үшін келтіріп отырмыз.
Берекелі жылдың бедерлі белестерін тілге тиек ете отырып Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Өткен жылы 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», – деді. Бұл көлемнің 500 мың шаршы метрі Қарағандыға тиесілі екенін статистикалық мәліметтер дәлелдейді.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық саланың өркендеу дәуіріне бет алғанын айтып, былтырғы жылы елімізде мемлекеттік қолдаудың арқасында 27 миллион тонна астық жиналып, диқандарымыз соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін ерекше атап өтті. Қарағанды облысы да астық қамбалауда рекорд жасап, 1 миллион 300 мың тонна астық бастырды. Ақмола, Қостанай секілді астықты облыстармен салыстырғанда, Қарағандының бұл көрсеткіші – шынымен де көш бастаған көрсеткіш.
Сұхбат барысында ел Президенті өткен жылдың өте күрделі жыл болғанына да тоқталды. «Жалпы, өткен жыл оңай болған жоқ, тіпті, күрделі жыл болды деуге келеді. Қазақстанға сыртқы факторлардың салқыны тиді, табиғи апаты да жоспарларымызға әсер етті. Алайда, біз барлық ахуалды бақылауда ұстап қана қоймай, жан-жақты реформаларымызды жалғастыра алдық. Осылайша, жасампаздық стратегиясы одан әрі жүзеге асырылып жатыр», – деді.
Шынымен де, күрделі жылда шаң қауып, шалдығып қалған немесе дағдарып қалған жоқпыз. Бағытымыздан жаңылмай, бағдарымызды айқындап алған ел ретінде қарқынымыздың бәсеңдеуіне жол бермедік. Мұның барлығы ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем елдің ықылас-пейілі екендігін де атап өтті Президент.
Шетелдік сарапшылар не дейді?
Президент сұхбаты туралы әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан кейбір пікірлер алуан түрлі ойға жетелеп, көңіл көкжиегіне қонақтаған сенімге селкеу түсірмекке ұмтылып жатқаны да жасырын емес. Мәселен, «Президентіміздің кәсіби дипломат екендігі осы сұхбатында айқын аңғарылды. Ол ел ішіндегі проблемаларды емес, сыртқы саясат мәселесіне терең бойлап кеткен екен» деген пікірді де көзіміз шалып қалды. Мен айтар едім, бұл – сұхбатты байыбына барып оқыған адамның пікірі емес, ұшқары ой.
Керісінше, Қазақстан Президентінің сұхбатына қатысты шетелдік сарапшылардың пікірінде салмақты ой, байыпты баға бар.
«24 kz» телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов: «Тоқаевтың сұхбатында қозғалған өзекті тақырыптардың ішінен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған соңғы сапары кезінде айтқан сөздерін тілге тиек еткенін ерекше атап өткім келеді. «Қытай елімізге ешқашан зиянын тигізбейді. Біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді барынша қолдайды. Бұл өте маңызды мәлімдеме»,- деді Тоқаев. Осылайша Қытайды Қазақстанды сыртқы қауіп-қатерден қорғауға кепіл болатын ел ретінде көрсетті. Тоқаев сондай-ақ АҚШ-тың 47-президенті болып сайланған Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескені туралы айтып, Қазақстан Украинада бейбітшілік орнату үшін келіссөздер жүргізуді қолдайтынын атап өтті», – деген пікірімен бөлісіпті.
Ал, норвегиялық сарапшы Гленн Агунг Холе: «Демократиялық һәм тұрақты Қазақстан Орталық Азияның дамуына және өңірдегі геосаяси тепе-теңдіктің сақталуына зор ықпал етеді. Менің ойымша, Норвегия мен Еуроодақ Қазақстанның демократия жолындағы бағытын қолдауы керек. Мұндай реформалар – ішкі саясат мәселесі ғана емес, сонымен қатар Еуропа мен Азияны байланыстыратын өңір үшін жаһандық деңгейдегі қажеттілік. Демократиялық тұрақтылық бейбітшілікті, экономикалық даму мен өңірлер арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз етуге көмектеседі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатынан осындай құндылықтарға негізделген оқшау пікірін аңғардық», – дейді.
Түркиялық сарапшы Эмрах Каяның «Сұхбатта Қасым-Жомарт Тоқаев өз еліндегі саяси жағдайлар, экономикалық даму, сыртқы саясат пен жастар мәселелері бойынша толыққанды жауап берді. Оның сөздері терең ұғынуды қажет етеді», – деген пікірі Президент сұхбаты туралы сыңаржақ пікір, үстірт ой айтып жүрген отандастарымызға емеурін әрі сабақ болар еді.
Мұхиттың арғы жағынан бейбітшілік құсындай болып жеткен АҚШ ғалымы Ариэль Коэннің пікірі: «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында жарыққа шыққан сұхбаты Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі ілгерілетуге ниетті екенін көрсетеді», – деген ой айтады.
(Шетелдік сарапшылар пікірі 24kz телеарнасының ресми сайтынан алынды).
Ал, Мемлекет басшысы сыртқы саясатқа қатысты ордалы ойын: «Қазақстан халықаралық аренадағы позициясын күшейтті. Бұл еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізеді», – деген оймақтай пікірімен түйіндеді. Сұхбаттың дәл осы сыртқы саясатқа қатысты диалогынан анау айтқандай ешқандай өрескелдік көрініп тұрған жоқ. Еліміздің қауіпсіздігін өз жауапкершілігіне алған Президенттің парасатты пайымынан басқа ештеңе аңғарылмайды.
«Таза Қазақстан» науқандық акция ма, идеологиялық платформа ма?
Экономика – өндіріске тәуелді. Ал, ірі өнеркәсіптік жобалардың ел экономикасын еңселендірудегі оң ықпалымен қатар қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін кім бағамдап жатыр? Президент сұхбатында былтырғы жылдан бері қолға алынып, қоғамға зор серпіліс әкелген «Таза Қазақстан» акциясының осы бағыттағы тиімділігі мен маңыздылығы жан-жақты сараланды.
Тікелей Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен өмірге келген «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының табиғат жанашырлары үшін тамаша мүмкіндік болғанын, жыл бойы жүргізілген акция аясында қаншама жұмыс атқарылғанын ұмытуға болмас. Сонда да, «тырнақ астынан кір іздейтін» ат төбеліндей «саясаткерлердің» осы бір жалпыхалықтық шараны кешегі кеңестік жүйедегі «лениндік сенбілікке» ұқсатып, ұраншылдықтың ұшқынына, науқаншылдықтың мұрагеріне балап жүргені өкінішті-ақ, әрине.
Осындай жөнсіз мінеу, жосықсыз сынауға Мемлекет басшысы: «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алады. Халықтың бұл бастамаға барынша қолдау білдіргеніне тәнтімін. Әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді.
Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі осыны ұстанады», – деп, орнықты жауап берді.
Шынымен де, бізде көп жағдайда экомәдениет деген құндылық кемшін түсіп жатады. Ал, осы «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, бел шеше кіріскен әрбір қазақстандық бұл шараның маңыздылығын түйсінді деп ойлаймын. Әр азаматтың бойында қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімі оянды. Осы акцияға 3,8 миллионға жуық отандасымыз белсене қатысып, ел аумағында 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. 3,2 миллионнан астам көшет егілді.
«Осының өзі азаматтарымыздың сана-сезімі жоғары, олардың Қазақстанды өзгертуге нақты іспен үлес қосуға дайын екенін көрсетпей ме? «Таза Қазақстан» жобасының жүзеге асуына, ең алдымен, әкімдер жауапты. Елдімекендердің тазалығы тұрмыс сапасының жоғары екенін білдіреді. Мен аймақтарға барғанда қалалардың қалай абаттандырылғанына үнемі назар аударамын. Осы ретте «Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс екенін тағы да қайталап айтамын», – деді Мемлекет басшысы.
Ұрымтал сауалға – ұтымды жауап
Сұхбат барысында Мемлекет басшысына отыздан астам сұрақ қойылыпты. Барлық сұраққа ашық, нақты жауап берілген. Әрбір қазақстандықты өз Отанының болашағы, даму бағыттары, экономиканың барлық салалары бойынша нақты ақпарат ерекше қызықтыратыны белгілі. Қазір барша халықтың қоғамдық санасы сергек, пікірі – ашық. Көкейіндегісін білгісі келеді. Әр жерлесіміз «Өткен жылы не тындырдым?» деп, өзіне қоятын сауалмен бірге «Қазақстанда не өзгерді? Биыл не өзгереді?» деген сауалға да жауап іздейтіні анық. Бұл сұрақтың жауабы осы сұхбатта берілген. Сондықтан, ел Президентінің «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатын өткенге баға, ертеңге бағдар деп қабылдадым.
Ойланатын мәселе көп. Еліміздің тұңғыш Президентімен Мемлекет басшысының арасындағы бүгінгі қарым-қатынасы, Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған сапарының саяси мәні, Парламент, Үкімет отставкасы, кезектен тыс сайлаулар және «Қаңтар оқиғасы» туралы ұрымтал сұрақтарға берілген ұтқыр жауаптарына шын мәнінде риза боласың…
Қалай болғанда да, ел көкейіндегі өзекті мәселеге қатысты өткір сауалға өтімді жауап берілген. Ел аузындағы қауесеттен де, әлеуметтік желідегі жел сөзден де хабары бар екенін аңғартқан Президенттің сергектігі таң қалдырды. Мысалы, сұхбат алушының: «Қоғамда сыбайлас жемқорлық туралы жиі айтылады. Оған қарсы белсенді күрес жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Жалпы, шенеуніктердің ұсталғаны туралы түрлі ақпараттар елімізде жемқорлық өршіп тұрғандай әсер қалдырады. Шынымен де солай ма?», – деген сауалына: «Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі түрде күресу – аса қажетті жұмыс. Бұған еш күмән жоқ. Мемлекет жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық фактілерін анықтау ғана емес, жемқорлықтың алдын алу үшін жұмыс жүргізіп жатыр.
Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес жолында ең озық халықаралық стандарттарды, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы енгізіп жатқан талаптарды басшылыққа алады. Бұл – өте жоғары талап, біз соған сай болуымыз керек. Бұған қоса, мен сыбайлас жемқорлықпен күресуге жауапты мекеменің басшыларына науқаншылдыққа салынбай, байыпты шешімдер қабылдау қажеттігін үнемі айтып отырамын. Өйткені әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұр.
Ал шенеуніктердің ұсталғаны туралы ақпараттың жиі шығуы биліктің абыройына белгілі бір деңгейде нұқсан келтіргенімен, мемлекеттің ашық жұмыс істейтінін көрсетеді. Бірақ мұндай қадамсыз «Заң мен тәртіп» қағидаттарына негізделген әділетті мемлекет құру мүмкін емес», – деп жауап беруінде тәжірибелі саясаткердің сұңғылалығы жатыр емес пе?!
Қазір ел арасында Қазақстанда Президент сайлауы да, Парламент сайлауы да мерзімінен бұрын өтетіні туралы дәлел-дәйексіз ақпарат айтылып жүр. «Тоқаев БҰҰ-ның Бас хатшысы болып сайланады екен. Бізде Президент сайлауы өтеді», – деген дүдәмал болжамға Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқардым. Халықаралық үдерістердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін», – деген жауабымен нақты жауабымен нүкте қойды.
Сол сияқты «Қазақстанда Парламент сайлауы мерзімінен бұрын өтеді екен» деген қауесетке де: «Мұндай болжамдар бар екенін білемін. Бұл ақпарат әдейі таратылып жатыр деп ойлаймын. Біздің елде жаңа Үкімет жұмысына кіріскен бетте оның отставкаға кететіні туралы әңгіме тарайды. Парламент туралы да дәл солай деуге болады. Мен Парламент депутаттары азаматтық және саяси жауапкершілік танытып, жақсы жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Ал Үкімет – ауыс-түйіске бейім құрылым. Оның құрамында түрлі жағдайға, оның ішінде «Amanat» партиясының және Парламенттегі басқа да партиялардың ұстанымына байланысты өзгерістер болуы мүмкін.
Меніңше, Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ. Сайлау заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес өтеді. Парламент өзіне тиесілі мерзім аясында қызметін атқаруға құлықты. Ал Үкімет бекітілген бағдарламалар мен жоспарларға сәйкес әрекет етіп, оң нәтижеге жету үшін жұмыс істеп жатыр. Стратегиялық міндет – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, еліміздің өңірдегі көшбасшы мәртебесін нығайту», – деп жауап берді.
«Ana tili» газетінің бас редакторы, белгілі ақын Ерлан Жүністің де бұл сұхбатқа тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Бірнеше өткір сұрақ қойылды. «Қаңтар оқиғасы», өткен жылғы алапат су тасқыны, мемлекеттік тілдің тағдыры, бизнес нысандарына жасалып келе жатқан қысым, Талғардағы қылмыстық оқиға, АЭС құрылысы туралы сұрақтардың ешқайсысы жауапсыз қалған жоқ.
Сұхбатта қамтылған ашық әңгіме аса тереңдеп тәпсірлеуді қажет етпейді. Барынша ашық, еш бүкпесіз айтылған және өте қарапайым, түсінікті тілде жазылған сұхбатты байыбына барып, зер сала оқып шықсаңыз – болғаны. Біздің мақсат та – ормандай оқырманға сұхбатты оқып шығып, ой түюге шақыру ғана.
Жаңа жыл жаршысындай болған жария сыр, сүбелі сұхбаттан біз де өз көкейімізге түйген ойымызбен бөлістік. Бағытымыз айқын екен, бақытымыз баянды болғай!