Жаңалықтар

Сенімді азамат

Н.Гоголь атындағы облыстық кітапханаға кіріп, «Астана ақшамы» газетінің тігіндісінен өткен жылдың соңғы айының беттерін парақтай бастадым. Тақырыптан гөрі афоризмге көбірек келетін «Сахна адалдықты сүйеді» деген мақала жаныма жылы көрінді. «Сұхбат беруші Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ыбыраев» деген жазуды көргенде, «Өзіміздің Болат қой, атақ алған екен…» деген қуанышты сезім бойды баурап алды. Көз алдыма сонау 1979 жылы Алматы Театр және көркемсурет институтын (қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы) бітірген екі бозбала келе қалды. Қазір екеуі де – қазақ сахна өнерінің айтулы тұлғалары. Бірі С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ драма театрының белгілі актері Еркеғали Бәйдешов болса, екіншісі – мақаламызға арқау болғалы отырған Болат Қалыбекұлы Ыбыраев.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Болаттың С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры сахнасында тұсауы кесіліп, сахна көгіне томағасын сыпырып ұшырған алғашқы рөлі театрдың көркемдік жетекшісі Ж.Ома­ров қойған Қ.Исабаевтың «Сандар сыры» драмасындағы Қобылан болатын. Жас актер өз рөлін талантының ұшқынын жалындатып, бойындағы табиғи дарынымен арнайы білімін ұштастырып, ауыз толтырып айтатын қомақты кейіпкер етіп сомдады. Алғашқы аяқ алысынан-ақ үлкен сахнаға лайықты актер екендігі сезілді. Қарағанды көрермендеріне ерекше әсер еткен рөлі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Е.Тапенов қойған драматург Д.Исабековтің «Әпке» драмасындағы Тимур. Тимурды екеуіміз қатар дайындадық. Бірақ, Болаттың кейіпкеріне деген ыждаһатты дайындығы, сахнаға деген құштарлығы, Тимур рөліне деген ғышықтығы менің жол беруіме тура келтірді. Өйткені, әр репетицияға жаңалық әкеліп отырды.

Он жылдай сахнада бірге қызмет істеген уақытта Болат бірнеше образ сомдады. Ерекше шабытпен ойнаған кейіпкері режиссер Е.Тапеновтің қойылымындағы Н.Гогольдің «Үйлену» комедиясындағы Жевакин. Әлем мойындаған драматургтің айтар ойы адамзат таңғаларлықтай ұшы-қиырсыз, көлемді, түпсіз терең болмай ма?! Ондай дүниелерді сомдауға алып кемелердей ой-өрісі кең, талантымен қоса білімі терең актер болмаса, өзен-көлде жүзетін қайықтардай алғашқы толқыннан-ақ су түбіне кетеді. Болаттың табиғи таланты, Ш.Жандарбекова, А.Әшімовтердей айтулы сахна саңлақтарынан алған білімі, ізденімпаздығы, сахнаға деген құштарлығы бәрі бір жерге тоғысып, ұлы драматургтің әйгілі шығармасындағы Жевакин рөлін жаңа қырынан жарқыратты. Сол спектакльді дайындауда режиссер Е.Taпенов жас актерлерді Москваға бір айлық білімін жетілдіру курсына алып барып, профессор М.Новохижиннің шеберханасында дайындады.

Кешкі бос уақытымызда Москва театрларына барып, көптеген спектакльдер көріп, актерлермен сұхбаттастық. Сонда Болат Кіші театр, Таганка, А.Пушкин, Ленком, Моссовет, М.Ермолова театрларынан орыс классиктері Островский, Лес­ков, Гоголь, Чехов спектакльдерін көріп, қанаттанып келетін. «Біз мыналардың қасында тек сөзін айтып ойнайды екенбіз ғой, нағыз шеберлік, кейіпкер сомдау дегендерің мыналарда ғой», – деп таңғалып басын шайқайтын. Көргендеріне тамсанып қана қоймай, шеберліктерінің ұтқыр тұстарын бойына қабылдап, үйреніп, мол тәжірибе алып қайтты. Соның дәлелі Жевакин образының өзіндік жолмен ерекшеленіп, бұрынғы сомдаған кейіпкерлерінен айрықша биікте тұрғаны. Биікке көтерген тек таланты емес, Москва актерлерін көргеннен кейінгі ұлттық намыс екені сөзсіз!

Өзі көпшілік ортасында көңілді болғанымен, шулы тобырға, орынсыз басқосуларға аттап баспайтын тура жолшыл. Өмірде, театрда өзінің жанына жақын адамдар бар, солармен әңгімелесіп сыр бөліседі, араласады. Әсіресе, жаңалыққа құмар, кітапты көп оқитын Қайрат, Сейтжан, Сансызбай сияқты қатарластарымен көбірек араласып, қалжыңдасып жүретін. Қайрат поэзияны сүйсе, Сейтжан мен Сансызбай Ян, Кожевников, Есенберлин кітаптарын сұрап, тарихи шығармаларды іздеп жүріп оқитын.

Бірде гастрольде ауылдық жердің клубында тар жерде киімін ілетін қолжетімді бос орын болмаған соң, биіктеу қағылған шегеге Болаттың бойы жетпей, секіріп іле алмай жатқанын көрген Қайрат: «Әкел, қортық, сенен гөрі мен биікпін ғой» деп маңғазданып, киімін алып іліп қойды. Болат баппен бәріне естірте: «Сен менен биік емессің, ұзынсың», дегенде, Қайрат сасып қалып: «Өй, сен де оқыған екенсің ғой, молодец! Бұл Наполеон Бонапарттың көмекшісіне айтқан сөзі еді, бойым ұзын болған соң бір кәдеге жарап қалар деп сақтап жүр едім, сен менің алдымды орап кеттің», – деп бәрімізді күлдіргені бар. Шындығында да, Болат кітапқұмар, кейіпкеріне қажетті материалдарды теріп жүріп оқып дайындалатын, сондықтан да көбіне ойланып, «саяқ» жүреді. Терең ойда жүретін адамдар көбіне жалғыздықты сүйеді.

Актердің бағы теориямен қаруланып, жалындап театрға келгенде алдынан талантты режиссер шыға келсе ашылады. Көбіне ой деңгейі актерден төмен, қалың мұзды бұзып жарып өте алмай кептеліп қалған кемедей өзін тартып шығаратын «буксир» керек ететін режиссерлер кездесіп, жас таланттардың арман мен үмітінің жүзі майырылып қалатыны да болады. Ал, Болаттың жолы болды. Ең алғаш ерекше талантты, қажымас еңбекқор, керемет ұйымдастырушы, үлкен қамқоршы Жақып Омаровтың кездесуі Болаттың болашақ еңбек жолының шарықтауына кең жол ашты. Жақаң Болатқа сенді, Болат Жақаңа сеніп етегінен ұстаған күйі айырылмады… Орта жолда тастамайтынына, суға батырмайтынына бек сенді. Сенгенінің арқасында 1990 жылы Ақмола қаласында қазақ драма театры ашылғанда, Жақып Омаровқа еріп, қазіргі Қ.Қуанышбаев атындағы академия­лық қазақ драма театрының шаңырағын алғаш көтерушілердің бірі болып келді. Содан бері үзіліссіз бүгінгі күнге дейін еңбек етіп келеді. Көптеген режиссерлермен қызметтес болды. Әсіресе, қазақ сахна өнері алыптарының бірі, ұлттық режиссураның көшбасшысы болған Халық қаһарманы Әзербайжан Мәмбетовпен қоян-қолтық еңбек еткен уақыт Болаттың өміріндегі ең сәтті кезеңі. Әлемдік дәрежедегі режиссердің әлем драматургиясындағы інжу-маржандарымен сусындап, өр актердің өмір бойы армандап қолы жете бермейтін А.Чеховтың «Ваня ағайындағы» Войницкий, Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» спектакліндегі өте күрделі тұлға Едіге, Дель Мардың «Баянсыз бақ» қойылымындағы  Мистер Купер образдары Болат шығармашылығы белестерінің биік шыңы болып, ұлттық театр тарихында қалды. Ұлы режиссердің ғажайып спектакльдерінің көлеңкесінде қалып қоймай, актер Болат Ыбыраев та жарқырай көрінді. Автордың ойы, режиссердің шешімі, актердің ойыны үштағандай сахнадағы сәйкестік пен үйлесім симфониясының үлгісін көрсетіп көрермендерге ләззат сыйлады.

Болат режиссер таңдамайды. Қайсысымен болсын, шығармашылық түсіністікпен терең ойлап, ортақ шешімін тауып қызмет істейді. Оған басты рөл, эпизодтық рөл деген жоқ. Жоқтан бар жасайтын еңбекқор, ізденімпаз актер Қ.Қуанышбаев театрының сол кездегі көркемдік жетекшісі, талантты ұйымдастырушы, халық артисі Т.Теменов өз мақаласында: «Кімді ойнағыңыз келеді?» дегенде «Шекспирден Ричард пен Король Лирдің бірін», деп жауап берген Болат шындығында да сол дәрежеге жетті, кемеліне келді. Ойы да, шеберлігі де, тәжірибесі де толықсып, талантын алдаспандай шыңдаған кезі.

Талай актерлердің бағын ашқан режиссер Ә.Мәмбетов «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклін қойып, алғашқы премьерасы болған күні сахнаға келді. Әншейінде ешкімге «идиоттан» басқа жылы сөз айтпайтын Әз-ағаң, Болаттың Едігесіне риза болғаны сондай: «Ты оправдываешь надежды…» деп бағалауы Болаттың шеберлігіне, еңбекқорлық ізденісіне риза болғаны ғана емес, болашақта да үлкен сенімді ақтайтын үлкен актердің қалыптасқанына деген сенім мен мақтаныш деп білемін. Көбіне орыс тілінде сөйлейтін ұлы ұстазға (мен театр студиясында оқығанда, біздің директорымыз болған): «Да, вы правы, учитель, он и в жизни, и на сцене надежный человек», дегің келеді. Өйткені, аяулы жары Махпузамен сахнада да, өмірде де қол ұстасып, қиындықтарды бірге бөлісіп, балаларын өсіріп, немере сүйіп отырған Тәуелсіз еліміздің бақытты отбасы. Бір-біріне сенімді, адал жандар. Болат айналасындағы адамдарға сенді, әріптестеріне, достарына сенеді, болашаққа сенеді. Біз адал да ақкөңіл, кішіпейіл де қарапайым, талантты да өмірге құштар Болатқа сенеміз. Өйткені, Болат Ыбыраев – сенімді Азамат!

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button