Бас тақырыпРесми

Сенімді ақтау — қастерлі парыз

Еліміздің биылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Үкіметтің есебін қынжылыспен тыңдаған Президент осылай деді. Энергетикалық қауіпсіздік, коммуналдық сала ахуалы, өндіріс ошақтарындағы еңбек жағдайы, инфляцияға «жұтылған» табыс, азық-түлік бағасы, агроөнеркәсіп кешенін дамыту – қазір қоғамда өткір тұрған тақырыптар. Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында өзге де мәселелер жан-жақты қаралды. Үкімет 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері туралы есеп беріп, келесі жылға арналған жұмыс жоспарын таныстырды.

Суреттер primeminister.kz

Азық-түлік қауіпсіздігі алаңдатады

Қоғамды алаңдатқан басты мәселенің бірі – инфляция. Президент инфляция деңгейінің шарықтап кеткенін айтты. 

«11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 пайыз. Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр», – деді Мемлекет басшысы. 

Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты. Алайда, ел тұрғындарының қаржылай табысының өсу қарқыны соңғы бес жылдағы ең төмен деңгейде қалды.

«Негізгі тағам өнімдерінің қымбаттауы инфляцияның өсуіне себеп болып жатыр. Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты. Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы 5 жылдағы ең төмен деңгейде тұр. Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар. Негізгі құжат – Халықтың табысын арттыру бағдарламасы. Оны қазіргі жағдайларға сәйкестендіру керек», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі іс-шараларға баса мән берді.

«Бүгінгі таңда азық-түлік қауіпсіздігі елді өркендетудің басты шарты екенін түсіну қажет. Агроөнеркәсіп кешенін, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді дамыту Үкімет пен әкімдер үшін басты басымдық болуға тиіс», – деді Президент.

«Азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлем бойынша басты мәселеге айналды. Биыл біздің елде астық мол шықты. Бірақ егіннің орташа шығымы әлі де төмен. Бұл салада заманауи технологияны қолдану өте маңызды. Шаруаларды осыған ынталандыру керек» деген Мемлекет басшысы жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 млрд. теңгеден астам субсидия бөлініп отырғанына қарамастан, өңдеу саласы дамымай отырғанын атап өтті. 

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасындағы жоспарлар орындалмай жатыр. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге қатысты 65 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Іс жүзінде оның 31-і ғана іске қосылды. Сол сияқты 7 құс фабрикасының орнына 3 фабрика салынды. Балық өндіретін 11 жобаның жетеуі ғана пайдалануға берілді. 

Біз елімізді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан, Үкімет жоспарланған барлық жобаларды жүзеге асыруға міндетті», – деді.

 

Коммуналдық салада күрмеулі мәселе көп

Президент қоғамда түйіні күрмеулі мәселе қордаланып қалғанын, бұл түйіндерді кешіктірмей, созбаққа салмай тарқату қажеттігін мәлімдеді. 

«Жұртшылық Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені, шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде. Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен, тіпті, мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды. Осындай жағдай бәрімізге қауіп төндіретіні анық. Оның үстіне, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін», – деді Мемлекет басшысы.

Екібастұздағы ЖЭО-дағы апат қоғамдық резонанс тудырғаны белгілі. Бұл апат еліміздегі коммуналдық желінің әбден шіріп, тозығы жеткенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Президенттің айтуынша, елдегі 19 жылу электр орталығы тозған. Жаңғыртуға 90 млрд. теңге қажет. Аталған сома энергетикалық кәсіпорындардың тарифтік сметасында ескерілуі тиіс. 

Мемлекет басшысы жылу электр орталықтары үшін жауапкершілік әкімдіктер міндетіне жүктелетінін айтты. Мәселенің бәрін Үкіметке аударуды доғару керек. Сондай-ақ, Президент жылу электр орталықтарында апаттың жиілеп кетуіне байланысты әкімдер мен министрлерді сынға алды.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешу қажет. Негізі, бұл – ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселе. Бірақ, біз оны Үкіметтің деңгейінде қарауға мәжбүрміз. Өйткені, осы саладағы төтенше оқиғалар тым көп болып кетті. Петропавлда, Теміртауда, Степногорскіде, Балқашта, Қарағандыда, Ақтөбеде және Риддерде апаттар болды. Бірақ, соның ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, ең бастысы, меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ. Ал, жақында Екібастұзда болған төтенше жағдай бұл саладағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетті», – деді Мемлекет басшысы.

Президент апат кезінде төзімділік танытқан Екібастұз тұрғындарына алғыс білдірді. Және келтірілген шығынды нысан қожайыны мен мемлекет көтеретінін айтты.

Өндірісте өлім-жітім жиіледі

Президент өндіріс орындарындағы кісі өліміне қатысты алаңдаушылық білдірді. Биылғы жылдың 11 айында ел көлеміндегі өндіріс ошақтарында 157 адам мерт болған. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның кәсіпорындарындағы ахуал да сын көтермейді. «Өндірістік жарақаттану шынайы проблемаға айналып отыр. Осы жылдың 11 айында өндірісте 1 124 жұмысшы зардап шегіп, оның 157-сі мерт болды. Жекелеген кәсіпорындарда адам өлім-жітімі бар апаттар жүйелі сипатқа ие болып отыр. Сөз «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жайында да болып отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің дерегіне сүйенсек, компанияда 2006 жылдан бері 20-дан астам апат болып, жүзден аса адам мерт болған. «Осы жылдың өзінде ғана 14 адам, оның ішінде, өткен аптада ғана 1 адам қаза тапты. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың есебіне сәйкес, компания еңбек, экология және салық заңнамаларын бұзып отыр, инвестициялық міндеттемелерін орындамайды. Қоғам әділетті және кідіріссіз іс-шараларды күтеді. Бақылау тікелей Премьер-Министрге тиесілі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкімет үмітті ақтай ма?

Мемлекет басшысы Үкіметтің, жергілікті әкімдердің жұмысына сын айтты. Инвестиция тарту бағдарындағы жұмыстың ақсағанынан ел экономикасы қыруар қаржыдан айырылғанын айтты.

«Менің тапсырмаммен инвестициялық жобалардың бірыңғай жүйесі әзірленді. Алайда, биыл жоспардағы 284 инвестициялық жобаның 43-і ғана жүзеге асырылған. Яғни, небәрі 15 пайызы іске қосылған. Мұның бәріне құр цифр ретінде қарауға болмайды. Өйткені, соның кесірінен көптеген жұмыс орны ашылмай қалды. Ел экономикасы миллиардтаған теңге қаржыдан қағылды. Сыртқы істер министрлігі шетелден инвестор тарту үшін тиімді жұмыс атқарып жатқанын атап өткен жөн. Елшілер шетелдерде түрлі кездесу өткізіп, елімізге инвесторларды жетелеп әкеледі деуге болады. Бірақ, жобаны жүзеге асыратын кезде жергілікті жерде түрлі мәселе туындайды. Бір сөзбен айтсақ, біз дайын инвесторлардан айырылып қалып жатырмыз. Тағы да қайталап айтамын, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасау яғни, жер бөлу, рұқсатнама беру, инфрақұрылыммен қамту – әкімдердің міндеті. Әрине, орталыққа да өзгеріс жасау керек. Осыған қатысты бірқатар ұсыныс бар екенін білемін», – деді Президент. Сондай-ақ, шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыруда да Үкімет ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізбегеніне тоқталды.

Президент министрліктер мен ұлттық компаниялар басшыларының жауапты сәттерде нақты шешім қабылдау жауапкершілігінен қашып, әрекетсіздік танытқанын сынай отырып, Үкімет жұмысына көңілі толмайтынын мәлімдеді.

«Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздегі экономикалық мәселелерді шешумен айналысу. Бұл – Үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының тікелей жауапкершілігі. Сондықтан, мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жалпы, Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма? Меніңше, бұл мәселелер Мемлекет басшысының Премьер-Министрмен және Парламент депутаттарымен өткізетін консультациялары кезінде мұқият талқылануы керек», – деді Президент.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button