Серік Өтешов: Шахтинскідегі әрбір ұсыныс Сенат алаңында қаралады
Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Шахтинск қаласында қала әкімі, қалалық мәслихат депутаттарымен және Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ең өзекті мәселелер ашық айтылып, оларды заңнамалық деңгейде шешу жолдары жан-жақты талқыланды.

29 желтоқсанда басталған жұмыс сапары барысында Серік Өтешов облыстың бірқатар ғылыми-өндіріс орындарында болып, жергілікті жердегі нақты проблемаларды көзбен көріп, тұрғындармен тікелей пікір алмасты. Осы сапар аясындағы өткен кезекті кездесу де маңызды мәселелерге толы болды.
Күн тәртібінде Шахтинск қаласының және оған қарасты кенттер мен ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық ахуалы және заңнамалық өзгерістерді қажет ететін мәселелер кеңінен қаралды.
Алғашқы көтерілген мәселе – жылумен қамту. Қоғамдық кеңес мүшесі бойынша, жеке тұрғын үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу үшін жаңа жылу пункттерін салу аса маңызды. Жоба мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алғанымен, республикалық бюджеттен қаржы бөлуге қатысты өтінімдер бірнеше мәрте қолдау таппаған. Бұл – кент тұрғындары үшін әлеуметтік маңызды мәселе.
Бірнеше автожол учаскелері жөндеуді қажет етеді. Жұмыстардың бір бөлігі аяқталған. Кейбір учаскелердегі жөндеу келесі жылға жоспарланған.
Кәсіподақ өкілдері жолдардың жөнделмеген бөліктерін және еңбек жарақатына байланысты өтемақыны есептеу тәртібін заңнамалық тұрғыдан реттеудің қажеттілігін көтерді. Еңбек кодексіндегі өзгерістер жұмысшылардың құқықтарын қорғауға бағытталуы тиіс екені айтылды.
Сонымен қатар, инфрақұрылымдық мәселелерге, атап айтсақ, су құбыры желілерін салу, жолдарды толық жөндеу және шағын, орта бизнесті қолдау қажет екені атап көрсетілді. Кепіл мүлкіне қойылатын талаптарды жеңілдету сияқты заңнамалық өзгерістер қарастырылуы тиіс. Бұдан бөлек, тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы құқықтық олқылықтар да көтерілді. Ірі көлемді қалдықтарды шығару міндеттері тұрғындар мен ұйымдар үшін нақты бекітілуі қажет.
Әлеуметтік қолдау мәселелері де назардан тыс қалмады. Ардагерлер мен интернационалист-жауынгерлерге берілетін жеңілдіктерді заң жүзінде бекіту және оларды қысқартпау қажеттігі айрықша атап айтылды.
Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті екінші деңгейлі банктер арқылы несиелеу кезінде кепіл мүлкіне қойылатын талаптарды жеңілдету жөнінде заңнамалық өзгерістер қажеттігі де баса айтылды.
Кездесу барысында Шахтинск қалалық мәслихатының төрағасы Жамал Мамерханова, қалалық мәслихат депутаттары Мақсат Тоханов пен Тимур Шакенов те бірқатар әлеуметтік мәселені ортаға салды. Олар І топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға төленетін жәрдемақыны арттыру, қамқоршылық кезеңін зейнетке шығарда еңбек өтіліне қосу және мүгедектер арбасын пайдалану мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарту жөнінде ұсыныс білдірді. Сонымен қатар, қаңғыбас иттерге мемлекет тарапынан уақытша баспана табу мәселесін де ортаға салып, үкімет тарапынан бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанына қызығушылық танытты.
Серік Балғатайұлы өз кезегінде Шахтинскіде көтерілген мәселелердің барлығын нақты деректер мен цифрларға негізделгенін атап өтіп, бақылауына алатынын айтты.
– Бұл – нақты жобалар, нақты сомалар, өңір тұрғындарының тағдыры. Бір ғана жылу жобасының өзіне ауқымды қаржы қажет. Мұндай мәселелерді жүйелі түрде республикалық деңгейде көтермей, жергілікті бюджетпен шешу қиынға соғады. Барлық мәселені жіті қадағалап, зерттеп, заң аясында талқыға салып, оң шешілуін қадағалауға күш саламыз, – деді сенатор.
Ол сондай-ақ, қабылданған жаңа Салық кодексі мен 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте өңірлерге бағытталған шығыстардың артқанын, 2025 жылдан бастап күшіне енген бірқатар заңдардың әлеуметтік маңызы жоғары екенін айрықша атап өтті.
«Парламенттің басты міндеті – өңірлердің үнін есту. Шахтинскідегі әрбір ұсыныс Сенат алаңында қаралады. Заңнама нақты өмірге қызмет етуі тиіс», – деді Серік Өтешов.
Шахтинск қаласындағы кездесу жергілікті проблемалардың ауқымын айқын көрсетті. Жылу, жол, су, әлеуметтік қорғау, ардагерлер мен кәсіпкерлердің мәселелері – барлығы да кешенді әрі заңнамалық шешімді талап етеді. Сенат депутатының бұл сапары өңірлік түйткілдердің Парламент деңгейінде нақты талқылануына жол ашып, Шахтинск мәселелерінің елдік күн тәртібіне шығуына мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.
***

Іссапар барысында депутаттарға жалпы аумағы 1271,6 гектарды құрайтын арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктері мен даму әлеуеті таныстырылды. Қазіргі таңда АЭА аумағында базалық өндірістік және инженерлік инфрақұрылым толықтай қалыптасқаны атап өтілді.
Атап айтсақ, энергиямен жабдықтау жүйелері, теміржол және автожол желілері, әкімшілік орталық, өрт депосы, сондай-ақ, су құбыры мен кәріз нысандары жұмыс істеп тұр. Бұл өз кезегінде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бюджеттік салымдардың тиімділігіне назар аударылды.
Жұмыс сапары барысында «Сарыарқа» АЭА қызметінің басым бағыттары талқыланды. Аймақтың негізгі мамандануы – металлургия және металл өңдеу салалары. Депутаттар арнайы экономикалық аймақтың қазіргі кезеңдегі негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен танысты. Бүгінде мұнда 23 АЭА резиденті тіркелген, олардың 14-і өндірістік қызметті жүзеге асырып отыр. АЭА құрылған уақыттан бері тартылған инвестициялардың жиынтық көлемі шамамен 220 млрд теңгені құраса, өндірілген өнім көлемі 275 млрд теңгеге жуықтаған.
Сонымен қатар, кездесулер барысында арнайы экономикалық аймақтың одан әрі дамуына және жаңа инвесторларды тартуға кедергі келтіріп отырған бірқатар өзекті мәселе де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылымның жекелеген объектілерін дамытудың жеткіліксіздігі, электрмен жабдықтау қуаттарының шектеулілігі, сондай-ақ, тарифтік саясатты, әсіресе, электр энергиясының құнына қатысты мәселелерді жетілдіру қажеттілігі баса айтылды.
Арнайы экономикалық аймақ аумағында тіркелген заңды тұлғалар, яғни, АЭА резиденттері, өз қызметін тек осы аумақта жүзеге асырып, табысын да осында жүргізетін қызмет түрлерінен алады. Кейіннен олар қосымша инвесторлар тартуға мүмкіндік алады. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында мұндай кәсіпорындар үшін мемлекет тарапынан арнайы салықтық режим мен бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен бірге, мемлекет резиденттерге қажетті инфрақұрылымды – жолдарды, инженерлік желілерді, тазарту құрылыстарын және өзге де нысандарды салып береді. Алайда, бүгінде резиденттер үшін ең өзекті мәселенің бірі электр энергиясының тарифі болып отыр. Әр кәсіпорынмен жасалған келісімде тарифтің көтерілмейтіні қарастырылғанына қарамастан, бұл мәселе алаңдаушылық тудыруда.
Қазіргі таңда АЭА аумағындағы қолданыстағы электр қуаты 220 МВт-ты құрайды. Ал, техникалық шарттар бойынша 460 МВт-қа дейін қосылуға мүмкіндік бар. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін қолданыстағы қуат жеткілікті болғанымен, өндірістік жүктеменің артуы және жаңа нысандардың іске қосылуы перспективалы жобалар үшін электр энергиясы тапшылығының туындау қаупін алға тартады.
Жұмыс сапары аясында депутаттар «Сарыарқа» АЭА аумағында орналасқан «Qaragandy POWER Silicon» ЖШС кәсіпорнына да барды. Аталған компания – аймақтағы жетекші поликремний өндірушілерінің бірі. Он жылдан астам тәжірибесі бар кәсіпорын халықаралық стандарттарға сай келетін күн және электронды сыныптағы жоғары сапалы поликремний өндіруге маманданған.
Сапар қорытындысы бойынша депутаттар «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының Қарағанды облысының ғана емес, тұтастай алғанда елдің индустриялық-инновациялық дамуы үшін стратегиялық маңызы бар негізгі алаңдардың бірі екенін атап өтті.
Іссапар барысында көтерілген проблемалық мәселелер депутаттық корпустың бақылауына алынып, оларды шешу жолдары орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталатын болады.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



