Семей полигонын кімдер зерттеді?
29 тамыз – Қазақстан үшін екі маңызды оқиғамен байланысты. Біріншісі – осыдан 75 жыл бұрын елімізге үлкен қасірет әкелген, Семей полигонында бірінші ядролық жарылыс болған, ал, екіншісі – 1991 жылы 29 тамызда Семейдегі ядролық сынақ полигоны ресми түрде жабылған күн. Сонымен бірге, бұл күн 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы өзінің қарары арқылы «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» ретінде жарияланды. Сол себепті 29 тамыз күні барша қазақстандықтар үшін маңызды. Биыл Семей полигонында алғаш ядролық сынақ жасалғанына – 75 жыл, жабылғанына 33 болады. Осы полигонда қандай құпия операциялар жасалды? Ядролық қарудың зардаптары қандай болды? Оны кімдер зерттеді? Бұл сұрақтар зерттеушілерді үнемі мазалайды.
Ядролық сынақтармен байланысты архив қорларындағы, кітапханалардағы жарияланған және жарияланбаған деректерді қарап, оларға талдау жүргізу барысында түсінгеніміз, кеңестік кезеңде Мәскеуден жүргізілген саясатқа жергілікті билік өкілдерінің қарсы тұруға күші жетпеген. Алғашқыда тікелей Сталиннің, кейіннен Хрущевтің бұйрығымен Қазақстан жерінде жүргізілген тоталитарлық озбыр саясатқа бүгінгі күні біз «ядролық отарлау саясаты» деген атау береміз. Неге «ядролық отарлау саясаты» деп атағанымызды Семей полигонындағы ядролық сынақтардың зардабын зерттеген қазақстандық ғалымдардың ғылыми экспедицияларының нәтижелері арқылы көрсеткіміз келеді.
Семей полигоны зардаптарын зерттеген отандық ғалымдар тоталитарлық саясатқа бетпе-бет келіп, өз өмірлерін қауіпке тігіп еңбек еткендер. Әсіресе 1957-1959 жылдар аралығында үш жыл бойы радиацияның адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға тигізген әсері туралы клиникалық, радиологиялық және ветеринарлық мәліметтерді жинап, солардың негізінде 12 томдық есеп жазған академик Бахия Атшабарұлы басқарған ең алғашқы ірі көлемді кешенді экспедицияны ерекше бөліп көрсеткен дұрыс. Экспедицияға қатысқан барлық адамдардың ерен еңбектерін айтпауға болмайды. Клиникалық және радиологиялық топтардың құрамында болған ғалым-зерттеушілердің басым көпшілігі Б.Атшабарұлы басқарған Қазақ КСР Ғылым академиясының Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтынан болды. Экспедицияға қатысқан ғалымдардың барлығы полигон аймағында тұратын тұрғындар мен қоршаған ортаға ядролық сынақтардан бөлінген радиацияның әсері болғандығын дәлелдеген. Мысалы, Б.Атшабарұлы өз зерттеулері арқылы Семей өңірінде ядролық қаруды сынаудың салдарынан осы аймақта табылған жаңа аурудың түрін – «сәулелік ауруды» анықтаған. Бұл ауру әлемдік медицина әдебиетіне «Қайнар синдромы» патологиясы деген атаумен енуі арқылы дүние жүзіне танымал болды.
Экспедиция мүшелерінің бірі, обыр ауруының маманы Сәкен Нұғманов өзі қараған әйел адамдардың гинекологиялық патологиясы туралы және олардың бойындағы өзгерістерге тікелей ядролық сынақтардан бөлінген радиация себеп болғандығын айтады. Сол жылдары С.Нұғманов ғалымдар мен онколог мамандар арасында өзінің тамаша дәрігер, өз саласының нағыз білгірі қабілетімен танылды. Жыл сайын обыр ауруының тез көбеюіне байланысты Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен С.Нұғманов Алматы қаласында бірінші Онкология және радиология қазақ ғылыми-зерттеу институтын құрып, оның директорлық қызметіне тағайындалды.
Атшабаров экспедициясының құрамында жас мамандар да болды. Солардың бірі ғалым Сәтбек Мұсабекұлымен мақала авторлары 2022 жылы ақпан айының 19-да кездесіп сұхбат алғанбыз. Сұхбат барысында С.Мұсабекұлы кеңестік саясатқа байланысты жүргізілген жұмыстардың барлығы «өте құпия» болғандығы және «өте құпиялығы» туралы ешкімге айтуға, әңгіме етуге болмайтындығы ескертілгендігін айтты. Осыған байланысты, күнделікті жұмысқа алынған және қайтарылатын материалдар арнайы журналға тіркеліп отырған. Экспедиция барысында С.Мұсабекұлына ядролық сынақтардың теріге (дерматологиялық) тигізетін әсерін анықтау, қан тамырларының, оның ішінде, капиллярлардың функционалдық жағдайын зерттеу тапсырылған екен. Өйткені олар сыртқы ортаның өзгерістеріне, әсіресе радиация әсеріне өте сезімталдығына байланысты, оның нәтижелері тез анықталады. Әскери жағдайда жұмыс жүргізген дәрігерлер алдарына келген тұрғындарды тексерген. Ол кезде С.Мұсабекұлы жас болғандықтан, өзі тәрізді басқа жас зерттеушілер қатарындағы үш ғылыми қызметкерлер – Т.Айтбаев (биохимиялық зерттеу), А.Балмұханов (көз дәрігері), С.Тойбағаров (ауыз, мұрын, құлақ дәрігері) зерттеулерінің нәтижелерін экспедиция басшылары кезегімен нәтижелерін бақылап, талқылап отырған екен.
Жүктелген тапсырмаларды орындаумен қатар, дәрігер-ғалымдар өздерінің кәсіби қызметін қоса атқарған. Алдарына қаралуға келген адамдардың барлығына мүмкіндігіне қарай қолдау көрсетіп, көмектескен. Дәрі-дәрмектермен бірге облыстық және республикалық медициналық орталықтарға жолдамалар берген, қарапайым оталар жасаған, барынша тұрғындарға жәрдемдесуге тырысқан. Өйткені жергілікті тұрғындар экспедиция мүшелерін «Алматыдан келген дәрігерлер» деп таныған. Барынша дәрігерлердің қолдауына ұмтылған. Әскерилердің бақылауында болғандарына қарамастан, ғалымдар дәрігер ретінде өздерінің міндеттерін атқарған. Ал әскерилер үшін Орталықтың бұйрығымен жұмыс істейтіндіктен, олар жергілікті халықтың жағдайын, өмір сүру ортасы мен дәстүрлерін ескерген жоқ. Кейін зерттеу барысында ғалымдардың алған ғылыми нәтижелері 12 томдық есептердің ішіне енген.
Дегенмен, бұл зерттеулердің нәтижелері тікелей Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің, әскери комитеттің бақылауында «өте құпия» болғандығына қарамастан, КСРО және Қазақстан үкіметінің басшыларына белгілі болды. Бәрібір Семей ядролық полигоны зардаптары мәселесін «жауып тастау» ұзаққа созылған жоқ. 1961 жылы ақпан айында Мәскеуде КСРО Медицина ғылымдары академиясының биофизика институтында Қазақстанның кейбір аудандарындағы тұрғындардың денсаулық жағдайы және радиологиялық ахуалды зерттеуге арналған конференция өткізілді. Оның жұмысына аталған институттың ғалымдарынан басқа, Б.Атшабарұлы бастаған бір топ қазақстандық ғалымдар қатысып, 1957-1960 жылдарғы экспедиция материалдары бойынша дайындаған баяндамалары арқылы ядролық сынақтардың зардаптарын айтты. Өкінішке қарай, бұл жерде де ядролық сынақтарды жүргізуші әскери топтар «полигондағы жарылыстардың адам денсаулығына да, қоршаған ортаға да тигізетін әсері жоқ» деген тұжырыммен зерттеу жұмыстарын жүргізуді тоқтатып тастады. Экспедиция құрамында болған Қ.Макашев, А.Алданазаров, Е.Алексеев, С.Аккерман, В.Мошкевич, А.Адырхаев, А.Соколова, Т.Беглова, Т.Айтбаев, Ж.Хайрушев, А.Питюшин және басқа ғалымдар полигон зардаптарын ашық айтпаса да, өз зерттеулерінде радиациялық әсерлер туралы жазған. Олардың барлығы туралы бір мақала көлемінде баяндау мүмкін емес. Біздің мақсатымыз – Семей ядролық сынақ полигоны зардаптарын «ядролық отарлау» саясатына қарамастан, қорықпай зерттеген ғалымдардың аттарын жарыққа шығару, мүмкіндігінше оларды көпшілікке таныстыру. Сондықтан, олар туралы да алдағы уақытта ақпараттар беретін боламыз.
Тағы бір айта кететін қызықты жағдай, ол Б.Атшабарұлы жүргізген экспедицияның 1958 жылғы нәтижелері жазылған есептің жапон тілінде жарық көруі. «Өте құпия» белгісімен сақталған бұл материалдарды жапондықтар Ресей ғалымдарынан сатып алған екен. Ал қазақстандық ғалымдарға кітап шығармақ түгілі экспедиция туралы айтуға тыйым салған.
Кеңестік дәуірдің соңғы жылдарында Семей полигоны зардаптарын зерттеген отандық ғалымдардың бірі – Айтқожа Биғалиев.
Жалпы генетика мен экология салалары бойынша танымал ғалым А.Биғалиев 1985-1987 жылдар аралығында ҚарМУ-да оқу ісі жөніндегі проректор, 1987-1991 жылдарда ҚарМУ ректоры болды. Қарағандыда қызмет еткен кезде 1986 жылдан бастап Семей полигоны зардаптарын зерттеді.
Ол Х.Исенов, Э.Бекишбеков, С.Флорова, Л.Кутовцева, Н.Ержанов, К.Атаханова, И.Пудов тәрізді жас зерттеушілерден құралған зерттеу лабораториясын құрды. Қарағанды мемлекеттік университетінің базасында жасақталған бұл лаборатория «құпия» белгісімен жұмыс істеген. А.Биғалиұлының айтуы бойынша олар Семей полигонына жақын орналасқан Қарағанды облысының Егіндібұлақ, Қарқаралы аудандарының тұрғындарына, жергілікті жануарлар мен өсімдіктерге радиацияның тигізген әсерін зерттеген. Бірақ 1986-1989 жылдар аралығындағы зерттеу нәтижелері тек ресми пайдалану үшін тиісті орындарға ғана берілген. Өкінішке қарай бұл экспедицияның есептері де Мәскеуде сақтаулы.
А.Биғалиевтің жұмысының Алматыға ауысуына байланысты оның полигондарды зерттеуі сол жақта жалғасты. Қарағанды лабораториясындағы зерттеушілер де әртүрлі себептермен басқа қалаларға қоныс аударды. Сол себепті лаборатория өз жұмысын тоқтатты. Ал А.Биғалиев 1992 жылы «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының «Радиация, экология, денсаулық» деген проблемалық комитетінің төрағасы болды.
1993-1995 жылдардан бастап, ғалым Семей полигонына байланысты зерттеулерін Францияның Ренн I университетінің ғалымдарымен бірлесіп жүргізді. Ал соңғы 10-15 жылдан бері Батыс Қазақстан жеріндегі Капустин Яр, Азғыр, Тайсойған полигондарын зерттеуде.
Бүгінде Семей полигоны жабылғанымен ядролық сынақтардың зардаптарын зерттеу әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ. Біз де осы мәселені зерттеу арқылы әлі де болса «құпия» белгісімен сақталған деректерді тауып, солар жайлы көпшілікке таратуды азаматтық парыз деп есептейміз.
Бұл мақала «Семей ядролық полигонындағы сынақтардың зардаптары «ядролық отарлау» саясатының нәтижесі ретінде» тақырыбындағы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің 2023-2025 жж. арналған № AP19678527 гранттық жобасын іске асыру аясында дайындалды.
Г.Смағұлова,
Б.Төлеуова,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ғалымдары