Сексеннің сеңгіріндегі спортшы
Кездескен кезде келген ой: жасы алпыстан асса да, жетпіске жете қоймаған шығар?! Қоштасардағы көңіл: әдемі қартаю деген осындай-ақ болар! Әңгіме саналы ғұмырын спорт саласына арнаған Болат Төлеубеков ақсақал туралы.
Жалындаған жиырма беске дейінгі ғұмыры көлдің қиыстау қойнауындағы “Сарытұмсық” балық аулау бекетінде өтті. Әкесі Бекмұрза балықшы болатын, шешесі Рахия балық сұрыптап, қақтап-тұздап, ұзақты күн бел жазбайтын. Үйдегі қос қарындасының қара тұтатыны өзі.
Алақандай ауылда бастауыш мектеп бар еді. Төрт кластағы санаулы баланы екі мұғалім қосақтап оқытатын. “Төрттен” кейін “өрісі кеңі” қалаға барып оқитын, көпшілігі қолжетімді Сарышағанды сағалайтын. Кейде соның өзіне мүмкіндік болмай қалатын.
Сондай “мүмкіндігі” мәз емес Болат орта мектепті жасы жиырмаға жеткенде әрең тәмамдады. Бірақ, ол “кемшілігі” бірден “Сарытұмсықтағы” бастауыш мектепке мұғалім болып баруына түк кедергі келтірмеді. Төрт жыл табандатып бала оқытты. Сосын Алматыға тартып кетті.
Анау-мынау емес, Алматы физкультура институтына түсті. “Жалпы дене тәрбиесі” маманы болып шыға келді. “Жалпы” дегені жалпылама сипат бергенімен, футбол мен жеңіл атлетикаға бүйрегі бұрып тұрды. Күні бүгінге дейін солай.
Институттан соң, 1965 жылы “тоғыз жолдың торабы” болып табылатын Сарышағандағы орта мектепке келіп орналасты. Содан тапжылмады. 1997 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ұстаздығын жалғастыра берді. 2005 жылға дейін еңбек етті. Ұстаздықпен қоштасқанда орнын ұлы Талғат басты.
Болат Төлеубеков үшін жарты ғасырдан астам өмірі өткен Сарышағанның орны бөлек. Осындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген зайыбы Дария екеуі әріптестері мен ауылдастарының құрметіне бөленді, екі ұл мен үш қыздың ата-анасы атанды.
Сексеннің сеңгіріне шықса да Бөкең қол қусырып, қарап отырғанды білмейді. Ауыл жастарын әртүрлі жарысқа апарып жүр. Биылдың өзінде Балқаш пен Приозерскіге, Шу мен Таразға, Ақтоғай мен Ақадырға, Мойынты мен Тасаралға апарған жігіттері топ жарып, жүлдемен оралды.
Бөкеңнің омырауынан “Еңбек даңқы” төсбелгісі орын алған. Былтыр сексен жылдығында бұйырды. Қалың елдің ризашылығы мен құрметінің куәсіндей мерейлі марапат!
Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»