Жаңалықтар

Сегіз жасар қарағандылық «Сұлулық әлемі» байқауында жеңіске жетті

Қарағанды қаласының білім бөлімі мен №2 Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен «Сұлулық әлемі» байқауы өтті. Оған студиялар мен шаштараз үйірмелеріне баратын 50 оқушы мен студент қатысты. Қатысушылар 9–12 және 13–16 жас аралығындағы екі жас санатында бақ сынасты. Аталмыш байқауда Сегіз жасар Альмира Қабденова кіші жас санатында өнер көрсетіп, І орынға ие болды.

Үшінші сынып оқушысы Альмира Қабденова жасына қарамастан, керемет нәтиже көрсетіп, өзінен үлкен қарсыластарынан асып түсті.

– Мен әл-Фараби атындағы 102-ші мектеп-гимназияда оқимын. Екінші жыл №2 Оқушылар сарайындағы шаштараз үйірмесіне барамын. Мұғалімім Любовь Шелбиевна Русия. Ол маған көп нәрсені үйретті. Мен қазір шашымды әртүрлі тәсілдермен өруді меңгердім, сонымен қатар мектепке арналған, классикалық және кешкі шаш үлгілерін жасаймын. Бұл маған мектепке тез жиналуға көмектеседі. Байқауда мен өз моделіме екі шаш бума жасап, оларға гүлдер салдым. Шаштараз өнері мен үшін хобби. Үйірмеде әрі қарай айналысқым келеді және өз шеберлігімді жетілдіргім келеді, – деді жеңімпаз.

Шаштараз сабақтарымен қатар Альмира қолөнермен, бимен, кескіндемемен айналысады екен.

– Мемлекет балаларға дамуға мүмкіндік беретіні өте керемет. Біз Альмираны екі жасынан бастап әртүрлі үйірмелерге апардық, бірақ олардың барлығы қаланың әртүрлі бөліктерінде болды. Жәнеде оның барлығы ақылы еді. Қазір екінші Оқушылар сарайы салынғаннан бері барлық үйірмелер жақын және тегін. Бізге өте ыңғайлы, себебі дәл осы маңда тұрамыз. Сарайдағы жабдықтар да, мамандар да жақсы екенін атап өткім келеді, – деді Альмираның анасы Назира Дүйсембаева.

Жоғары жас санатында бірінші орынды Амина Абзалова, Софья Текмаева және Анастасия Жмайлова иеленді. Екінші орын Адиля Сыздықбаева мен Кети Русияға бұйырды.

– Мен өзім оқыдым. Бала кезімнен шаш өргенді ұнатамын. Мен негізінен Мөлдір атты сіңілімнің шашын өріп, жаттығамын. №12 жалпы білім беретін мектептің тоғызыншы сыныбында оқимын. Байқауда менің күш-жігерімді бағалағанына қуаныштымын, – деп бөлісті Адиля Сыздықбаева.

Кети Русия анасын өзінің басты ұстазы деп атайды. Бала кезінен анасы қызына әртүрлі өру техникасын, шаш үлгісін жасауды үйреткен.

– Мен 14 жастамын, №64 ЖББМ сегізінші сыныбында оқимын. Екі жылдан бері мен №2 Оқушылар сарайында шаштараз үйірмесінде оқып келемін, маған ұнайды. Бала кезімнен қуыршақтардың шашын қырқып, өретінмін. Қазір барлық сыныптастар менен шаштарын өріп беруді сұрайды. Маған қиын емес. Жалпы, мен шашымды өріп жатқанда, ойым бөлінеді, тынышталамын. Бұл менің хоббиім, – дейді Кети Русия.

– Мұндай байқау алғаш рет өткізілді. Ең кішкентай қатысушы – 8 жаста, ал ең үлкені – 17. Барлығы сән көрсетілімдері сияқты болды. Жұмыс аяқталғаннан кейін модельдер көрермендер мен қазылар алқасының алдында дефиле өткізді. Ал жас шаштараздар шаш үлгілерінің құпияларымен бөлісті, – дейді № 2 Оқушылар сарайының әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Аяш Алдабергенова.

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button