Саяси элита сардары
Тәуелсіздік! Ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасап, бірнеше буын ұрпақтың жүрегіне құндақталған ұлы ұғым, ұлы қасиет, ұлы құндылық! Әлімсақтан қазақтай ұлы халықтың арманы болған Азаттық бүгінгі ұрпақтың баға жетпес бақытына айналды. Иә, ол кеше арман болған, бүгін – ақиқат.
Дүниеге әуелі Тәуелсіздік идеясы келген. Бұл идея сол халықпен бірге өмір сүріп, бірге жасайды. Яғни, ол – ұлттың тағдыры. Әрине, саяси элитасы, саналы халқы болса, Тәуелсіздік идеясы түптің-түбінде жүзеге асады. Бізде де Тәуелсіздік идеясы ғасырлар бойы ұлт тағдырымен тамырлас болып, қазақ халқымен бірге жасап келді. Дегенмен, бізде ХХ ғасырға дейін мемлекеттік құрылым болмады деп кесіп айтуға болмайды. Сонау Алтын Ордадан бастап, Қазақ хандығы, кешегі «Алашорда»… Осылардың ішінде «Алашорданың» ғана асыл мұраты идея ретінде тұншықтырылды. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары бәрібір тәуелсіз мемлекет құра алмайтын еді. Өйткені, олардың идеясы ғажап, мақсаты қуатты болғанымен, мүмкіндігі шектеулі болды. Алаш идеясының төңірегіне топтасқандар арасында оқыған азаматтар болды. Тіпті, болған жоқ десе де болар…
Ал, 1990 жылы 25 қазанда «Қазақстан Республикасының Егемендігі туралы» Декларация қабылдап, 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігімізді жариялаған тарихи сәтте біздің саяси элита салмақты болатын. Әдетте, өткенге шолу жасап, тарихи оқиғаларды таразылай қалатын болсақ, «Тарихты тұлғалар жасайды» деген қағидаға сүйенеміз ғой. Сол сияқты, Тәуелсіздік идеясының көшбасшыларын тарих, заман өзі тудырды.
Менің бүгінгі кейіпкерім де өз заманына дөп туып, халқының бағына жаралған, жаңа дәуірдің тынысын тамыршыдай дәл басып, Тәуелсіздікті нығайтуға ерен еңбек сіңірген тұғырлы тұлға. Ол – тәуелсіз Қазақстандағы саяси элитаның сардары Оралбай Әбдікәрімов.
***
…Шығармашылық еңбек жолымды Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасында бастағанмын. Жезқазған облысы 1997 жылы Қарағандыға қосылып, облыстық телерадио комитеті де жабдығын облысқа жөнелтіп, жабылды да қалды. Қаланың сол кездегі әкімі марқұм Жұмамәди Ибаділдиннің қайраткерлігі арқасында көшкен жұртта қаңырап қалған ғимаратта қалалық телеарна құрылды. 1999 жылы телеарна директоры болып белгілі сатирик, танымал журналист, менің ұстазым марқұм Базарбай Әлеуханұлы тағайындалды. Қылшылдаған қырық жастағы Базағаң келген бетте кәсіпорын құжаттарын түгендеуге кіріседі. Сөйтсек, телеарна екі жыл бойы лицензиясыз жұмыс істеп келген екен. Қысқасы, хабар тарату радиусын белгілеп, белгілі бір мөлшердегі әуе толқынын заңдастырып алуға міндетті екенбіз. Бізде ол болмаған.
Базағам ат қонды. Екі күннің бірінде Астана шапқылайды. Қарағандыға сапарлайды. Директорлығының алғашқы бір жарым жылы лицензия машақатымен өтті. Екі жыл құжатсыз жұмыс істеген уақытқа қыруар айыппұл төлеуіміз керек. Сол кездегі мемлекеттік тапсырыс қаражатының мардымсыздығы сол, айыппұл төлесек, қызметкерлер айлық еңбекақысыз қалады. Иманды болғыр Базарбай ағаның ашпаған есігі, қақпаған қақпасы қалмаған.
Бір күні «Оралбай Әбдікәрімовтің қабылдауына жазылдым», – деді. Ол жылдары Оралбай аға Сенат төрағасы болатын. Жоғары палата спикеріне кірудің қаншалықты қиын екенін білсек те, хабар тарату лицензиясын Сенат төрағасы тартпасынан суырып алып бере салатындай қуанып біз жүрміз. Әйтеуір, екі жылға жуық жыр болған сол лицензияның қайтарылуына қажырлы қайраткер, руханият жанашыры Оралбай Әбдікәрімұлының тікелей ықпал еткенін жақсы білеміз. Бұл – жоғары деңгейдегі мемлекеттік шенеуніктің ұлт руханиятына деген жанашырлығын танытатын бір ғана деталь. Жұмысын лицензиясыз, екі тұрмыстық бейнекамера, бір монтаж үстелімен бастаған сол қалалық телеарна қаншама буын жас журналистердің мектебі, шығармашылық ұстахана айналып, қазіргі облыстық «ULYTAU» телеарнасының қарашаңырағы болып отыр.
…Біздер – телеарнаның жас тілшілеріміз. Жезқазғанға Алматы, Астанадан келмейтін мейман жоқ. Ұлт бесігі Ұлытауға тәу етіп келген ақын-жазушылар да, қайраткерлер мен депутаттар да Жезқазғанға соқпай өтпейді. Арасында Ұлытаудың қасиет-киесін танымақ түгілі, ұлы бесікті Қазақстан картасынан көрсете алмайтын шенеуніктер де ат шалдырады. Солардың біразымен сапарлас болдық. Арасында Ұлытауға ерекше ықыласпен келіп, тебіреніспен аттанған үш қайраткермен болған сапарым есімде ерекше сақталыпты. Олар – қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова, өнер тарланы, сазгер Ілия Жақанов және белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов. Осындай ұлылармен сапарлас болуыма себепші болған ұстазым Базарбай Әлеуханұлының аруағына екі дүниеде ризамын.
Оралбай ағамен бірге қала әкімі Жұмамәди Ибаділдин және бірқатар жезқазғандық азаматтар жолға шықтық. Бағытымыз – Ұлытау, Едіге тауы. Басына тірлігінде егесіп өткен қос алып Едіге мен Тоқтамыс қатар жерленген биік тауға шыққанша іңгіме тиегі ағытылды. Жұмекең марқұм мен көрген шенеуніктердің ішінде тарихқа жүйрік, шежіреге шебер керемет сұңғыла адам еді. Мәртебелі мейманымыз Оралбай аға да қалыс қалмады. Екеуі Едіге мен Тоқтамысқа қатысты аңыздан кезек толғап, Ұлытау сілемдерінің ең биік шыңы Едіге тауына қалай шыққанымызды аңғармай қалғанбыз…
Қазақтың тарихы тұрмақ, өзінің ана тілінде сөйлей алмайтын депутат-министрлерге көз-құлағымыз үйреніп қалған біздер Оралбай ағаның биік парасат, терең біліміне таңданып, таңдай қаққан едік. Сөйтсек, Оралбай ағаның тектілік тамыры тереңде жатыр екен.
***
Ол – ауыл баласы. Нұрлы Нұраның перзенті. Бір жарым жасында әкесі өмірден озып, жесір ана тәрбиелеген төрт баланың кенжесі.
– Ес білгенде әкемді іздедім. Әкемнің жоқ екенін, бұл жалғаннан ерте көшіп кеткенін сезінгенде көңілім қоңылтақсып, жүрегіме шер тұнды. Әкесі бар балаларға қызықтым. Бірақ, жетімдік тауқыметін алдымдағы есейіп қалған ағаларымның қамқорлығы арқасында аса сезіне қоймадым. Ағаларыма қарап бой түзеп, солардың ақыл-кеңес, бағыт-бағдарымен бақытыма ұмтылдым, – дейді бірден өзін дәріптеп, мақтанудан аулақ ниет танытқан Оралбай аға.
Ұлытау сапарындағы шешендігінен жұрнақ та қалмаған ба деп қалдым алғашқыда. Жоқ, олай емес екен. Өзі туралы шешіле қоймаса да, ел мен жердің тарихы, бабалар ұлағаты, ағалар шапағаты дегенде, көсіліп береді. Арқада «Жақсылардың соңы» атанған Телғозының Шоңы туралы, сұңқар Сәкен туралы әңгімелегенде жорғадай жосылтады. Қарағанды төңірегінің шежіресін, ескі кеніштер тарихын, Нұра, Есен бойындағы жер-су аттарын қос отырып баяндағанда, қарсы алдыңда мосқал тартқан кешегі шенеунік емес, баяғының шежіреші қариясы отырғандай қабылдайсың…
Оралбай ағаның анасы Бибіжан әже ауыл-аймаққа ықпалды, өте мейірімді, ағайын-туысқа жанашыр да, қадірлі жан болғанын Оралбай аға туралы жазылған әпсаналардан талай оқығанбыз. Республикалық телеарналар дайындаған хабарлардан да тыңдаған едік. Перзенттерін адамдық пен адалдыққа баулып, қас-қабағымен де, ас-тамағымен де елге жаққан ғазиз ана ғасырға жуық (98 жасында қайтыс болған) ғұмыр кешкен. Ел анасы атанып, кенже ұлының мемлекеттік деңгейдегі қайраткерлікке жеткенін көрген бақытты ана.
Анасы туралы сөз қозғалғанда Оралбай ағаның толқып кеткенін аңғардым. Сексеннің сеңгіріне қадам басып отырған қарт адамның жанарына жас үйіріп, кемсеңдеп қалғанын көру өзіңді де толқытып жібереді екен… Анаға деген махаббаты мен сағынышының шынайылығы көрініп-ақ тұр. Ал, шынайылық азаматтың ажары ғой, шіркін!
…Балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр жылдарға дөп келді. Бала болып ойнаған жоқ. Жарқырап киініп, тойып тамақ ішкендері де есінде жоқ. Еңбекке ерте араласып, 6-7 жасында соқа жегілген өгізге отырды. Пішен шауып, астық бастыруға қатысты. Осы Орағаңдардың дәуірінде отбасы тұрмысының ауырлығына байланысты мектепке кеш барған немесе мектепті ерте тастап кеткен замандастары көп қой. Ал, Оралбай аға оқудан қол үзбепті.
Өмір жолында жақсы адамдардың көп кездескенін, солардың шапағатын көргенін әсерлі әңгімелейді. Алыс жылдар қойнауында қалып кеткен мына бір оқиғаны сағыныштың сазына тербеле отырып әңгімелеп берді.
– 5-6 сынып оқитын кезім болар. Анам марқұм 15 жұмыртқа берді де: «Базарға барып өткізіп келе қойшы» деді. Шап-шағын шелектегі жұмыртқаларды алып, базарға бардым. Шеткерірек жерге отырып алып, он бес жұмыртқамды саудалап жатырмын. Бір кезде ұстазым марқұм Зинаида Ефимовна келіп қалсын. Сауда жасап отырған мені көріп, бұрылды. Жүзіне мейірім тұнған жан еді. Күлімсіреп келіп, барлық жұмыртқамды сатып алды да: «Болдың ба? Жүр, қайтайық» деді. Содан жол бойы маған алаңсыз білім алудың маңыздылығын, әр нәрсенің өз уақыты болатынын айтып: «Сені енді базардан көрмейтін болайын. Үйіңде жиналған жұмыртқа болса, маған айт. Мен барлығын өзім сатып аламын. Сен базарда уақыт өлтірмей, сабағыңды оқы. Сенің талабың – зор, сенен бірдеңе шығады» деп, жылы жымиып қоштасты. Зинаида Ефимовнаның сол сөзі керемет әсер етті. Өмірлік сабақ болды. Сол күнгі оқиғадан кейін қолым қалт етсе, сол уақытымды оқуға, ізденуге арнайтын болдым, – деп бір тоқтады.
…Өзі туралы әңгіме осымен тәмам. Тағы да Сәкен бабасының биылғы 130 жылдық мерейтойы мен ұлы қаламгердің «Тар жол, тайғақ кешу» мемуар-романына ойысып кетті.
***
Өзі туралы жарытып ештеңе айта қоймайтынын сездім де, әңгіме арнасын әрең дегенде Тәуелсіздік тағылымы, мемлекетшілдік рух тақырыбына бұрған болдым. Байырғы мемлекеттік қызметшінің бүгінгі қоғам, «Әділетті Қазақстан» құрылысы туралы пікірін білмекке ұмтылдым.
– Мен «Қазақстан Республикасының Егемендігі туралы» Декларация қабылданған кезде де, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданған кезде де ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымдағы депутаты едім. Қазақстан тарихындағы ең маңызды осы екі құжат та аса күрделі жағдайда қабылданды. Тегеурінді қарсылық, шовинистік пиғыл ашық аңғарылып тұрды. Осы екі құжатты талқылауға қатысып, қабылдауға дауыс берген депутат ретінде өзімді өте бақытты сезінемін. Одан кейінгі өмір жолым осы Тәуелсіздікті баянды, Қазақстанды тұғырлы етуге бағытталғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Тек қана, ертеңгі уақыт пен келер ұрпақ алдында ұятқа қалатын іс жасамағаным үшін қуанамын.
Ал, «Әділетті Қазақстан» идеясы біздің буынның да өмір бойы ұстанымы болғанын баса айтқым келеді. Мақтанды демеңіздер, мен – бар ғұмырымда әділдік үшін күресіп, адалдыққа ғана арқа сүйеген жанмын. Сондықтан да, «Әділетті Қазақстан» идеясының жақтаушысы, қолдаушысы болып қала беремін! – деді.
Өзі туралы бір ауыз айтты-ау, әйтеуір.
…Иә, бүгінгі Тәуелсіздік күні мерекесінде біз сан ғасырға жүк болған ұлы идеяның жүзеге асқан сәтінен бүгінгі күнге дейінгі жылнамасында, яғни, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрып, нығайтуда ұшан-теңіз еңбек сіңірген қайраткер тұлғаларға құрмет көрсетуге тиіспіз. Еңбек жолын көмірлі Қарағандыда бастап, Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісі, Президент Әкімшілігінің басшысы, Сенат төрағасы, Мемлекеттік хатшы секілді аса жоғары лауазымды қызметтер атқарған Оралбай Әбдікәрімов – осындай құрметке барынша лайықты тұлға!
Қадірлі аға, қажырлы қайраткердің 80 жас мерейтойы құтты болсын!
Ерсін МҰСАБЕК.