Саябақтағы жаңа күн
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жан біткенге шырай кіріп, құлпыра түседі. Қар астынан қылау берген бәйшешектен бастап, жабағы жүнін тастаған аң-құсқа дейін жыл жаңарғанын жеткізгендей. Осынау Орта Азия халқы көлемінде бес мың жылдық тарихы бар бұл мерекенің көне атауы да парсы тілінен «жаңа күн» деп аударылады екен. Бұл жыл жаңарғанының, яғни «Жаңа жыл» басталғанының белгісі дейді үлкендер. Осы бір күні ежелден ескі салтпен айнала ән-жырға, ұлттық ойын қиқуына ұласады. Сондай ұлан-асыр той Қарағанды облысында орын алды. Тіпті, облысты, аудан, ауылдарды былай қойғанда, қалада көпқабатты үйде тұратын тұрғындардың өзі аулаларына киіз үй тігіп, Наурыз мейрамын ерекше ықыласпен қарсы алуда. Бұл – көнеден қалған баба дәстүріне ұлт құндылығы деп қарауымыздың нышаны.

– Наурыз – бұл табиғаттың жаңаруы, қайта түлеп, түрлене түсуінің мерекесі. Осы бір түркі баласына ортақ Ұлыстың ұлы мерекесінде тілеген ақ тілектеріңіз орындалсын. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы жарасып, мемлекетіміз әрдайым көркейе берсін. Әр шаңыраққа бақыт, береке тілеймін. Мерекені атап өтуге жиналған қауымға алғысым шексіз. Сіздер ұлт құндылығына бейжай қарамайтындықтарыңызды көрсеттіңіздер, – деп облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барша қарағандылықты және қала қонақтарын құттықтады.
Расында, күн мен түннің теңелер тұсы, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы, ұзынсары келер кезең деп арнайы атаумен атар бұл күн – түркі халықтарының ортақ мейрамы. Қарағанды орталық саябағына да түрлі ұлт өкілдері жиналды. Олар әрқайсы құрқол келмей өздерінің ұлттық дәмдерін пісіріп алып келген.
– Біздің көпұлтты мемлекетімізде Наурызды атап өтпейтін адам жоқ шығар. Бұл – көктемнің көркею, жаңару, түрленіп құлпыру мерекесі. Біз бәріміз оны жақсы өзгерістердің бастауымен байланыстырамыз, – дейді облыстық кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Лилия Ким.
Мыңдаған адам жиналған мерекелік шара ән-жырдан да кенде емес еді. Кәсіби және көркемөнерпаздардың қатысуымен «Қош келдің, әз Наурыз!» театрландырылған қойылымы, бұдан соң іле-шала қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қуандық Рахым бастаған бір топ әнші саябақ төрін әнге бөлеп, мереке көркін қыздыра түсті. Тек қана ән мен жыр емес, саябақ тегіс бүтін бір этноауылға айналды десек, артық емес. Әр жерде ақшаңқан – киіз үйлер, қолөнершілер шатырлары, тағамдар тарату аймақтары. Барлық жерде ұлттық тағамдар. Ал, Наурыз мейрамының бас кейіпкері Қыдыр атаны саябақтың барлық жерінен кездестіруге болады. Ол көрермен қауымның да арасынан табылып жатты. Мерекеге дайындықтың ерекшелігін көрсеткен тағы бір тұсы шараға жиналған барлық тұрғындар ұлттық нақышта киінген. Әр ұлт өкілі ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киімдерін киген. Олар оны мақтанышпен мағмұрлана киіп, әрқайсы өз ұлтының сырын танытқандай.
– Наурыз – түрлі халықтарды біріктірген жалпыға ортақ сүйікті мереке. Бар шаңыраққа бейбітшілік пен өркендеу тілейміз. Осы мерекеде басымызға тек бақ қонып, амандық серігіміз болсын, – деп тіледі «Полония» облыстық поляк қоғамының төрағасы Виталий Хмелевский.
Сондай-ақ, саябақта тігілген әр киіз үйдің маңында түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Тігілген үйлердің ерекшелігі де көз тартардай. Олардың ішіне кіріп танысуға болады. Әрқайсының іші тұмса сырға толы.
Бірінде көне түркілердің ыдыстары қойылса, енді бірінде домбыра, қобыз секілді көне аспаптар топтастырылған. Ал, тағы бірінде көне аңшылық құралдары. Тағы бір киіз үйде балалар өнер мектептерінің жас шеберлері мен суретші-тәрбиеленушілерінің көрмесі ұсынылған. Онда жас қаламгерлердің қылқаламынан туған туындылар орналасқан. Алаң ортасында ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтті. Олар, арқан тарту, кір тасын көтеру, асық атудан сайыстар. Жиналған қауым арасындағы тілек білдірушілер жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды. Жолы болып, мерекеден олжалы қайтқандар да табылды. Сонымен қатар, қыз-бозбалаларға арнап алтыбақан орнатылған. Онда қала жастары жиналып, көне дәстүрді қайта жаңғыртып, алтыбақан айналасын сәнге бөледі.
Тағы бір ауыз толтырып айтар тұсы – саябақтың әр бұрышында суретке түсетін алаңдар қарастырылғаны. Онда бүркітші, атбегі, жез қарғылы тазы жетектеген аңшылар жүр сап түзеп. Аймақта өткен Наурыз мейрамы осындай ерекшеліктерімен есте қалды.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz