Сатира саңлағының сарқыты
1 сәуір – Халықаралық күлкі күнінде кеншілер шаһары ақжарқын көңіл-күйге бөленді. Достық үйінің төрінде қазақ сатирасының көрнекті өкілі Мартбек Тоқмырзаның шығармашылығын ұлықтауға арналған «Жымиясың сен неге?» атты облыстық әзілкештер фестиваль-байқауы өтті.

Аймақтың ең үздік, кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін жайдарман топтары бас қосқан бұл тартысты дода теңіздей толқыған көрерменге күлкі сыйлады.
– Біздің басты мақсатымыз – тек жастарды күлдіру емес, оларды рухани байыту. Мартбек ағамыз да өзінің ерекше сөз саптасымен, халыққа жақын әзілімен дараланған тұлға еді. Оның астарлы әзілдері, қазақы қылжыңдары күлкімен қоса, ойлантарлық. Қоғамның ащы шындығын астарлап жеткізетін. Сондықтан, Мартбек ағамыздың мұрасы – жас жайдарманшыларға үлгі, ал, оның есімін ұлықтау – біздің парызымыз, – деді Жайдарманшылар одағының Қарағанды филиалының жетекшісі Бегім Хантөре.
Кеш соңында қазылар алқасы шешім шығарып, байқаудың жеңімпаздарын анықтады. Атап айтқанда, биылғы фестивальдің ең басты марапаты – Мартбек Тоқмырза атындағы кубок пен 400 мың теңгелік ақшалай сертификатты Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «Тіфә-Тіфә» әзілкештер тобы қанжығасына байлады. Ойын барысында ерекше тапқырлық көрсеткен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің «Амазонка» командасы жүлделі бірінші орын мен 300 мың теңге сыйақыны иеленді.
Сондай-ақ, екінші орын мен 200 мың теңге жүлде Қарағанды медицина университетінің намысын қорғаған «Медиа» құрамасына бұйырды. Ал, үздіктер қатарынан көрінген Бұқар жырау ауданы, Ақбел ауылынан келген «Шоқ қыздар» тобы үшінші орынды місе тұтып, 100 мың теңге сыйақыға ие болды. Барлық қатысушы командаларға арнайы Алғыс хат табысталып, жеңімпаздар дипломдармен марапатталды.
Өз тілшімізден



