АймақОсакаров

Сарыбелде салиқалы істер бар

Осакаров ауданы – өнеркәсібі мен аграрлық саласы қатар өркендеген, облыстағы іргелі ауданның бірі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңір экономикасы 21 пайызға өсіп, 175 миллиард теңгені құраған екен. Әсіресе, аграрлық салада жалпы өнім көлемі 148 пайызға дейін шарықтаған. Бұл туралы Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов дәстүрлі брифингте мәлімдеді.

Сурет: Осакаров ауданының әкімдігінен

Ауданда үш ірі кәсіпорын бар. Олар – «Қазсушаруашылығы» РМК-ына қарасты Қ.Сәтбаев атындағы каналдың филиалы, «Kazakhmys Coal» көмір департаментінің Борлы көмір разрезі және «Saryopan Operating» ЖШС. Кен өндіруші саланың есебінен өткен жылы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 128,5 пайызға орындалып, 67,9 миллиард теңгені құрапты. Кеншілер жоғарыдағы еңбек қарқынын бәсеңдетпей, биыл 69,3 миллиард теңгенің өнімін шығаруға бел байлап отыр. Борлы разрезі былтыр 7,6 миллион тонна көмір өндірсе, биыл 7,8 миллион тонна отын қазбақшы.
Экономикалық саясатта инвестиция тартуға және ол үшін қолайлы жағдай жасауға басымдылық беріледі. Былтыр негізгі капиталға инвестиция тарту 134,8 пайызға орындалған. Осакаров кентінде «Гиперборея» ЖШС құны 42,6 миллиард теңге тұратын жел электр станциясын орнатты. Биылғы жылы инвестиция көлемін 47 миллиард теңгеге жеткізу көзделуде. Ол өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті қамтиды. Ауданда жалпы құны 301 миллиард теңге тұратын үш инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олар: «Гиперборея» ЖШС салатын, қуаттылығы 150 МВт жел электр станциясы; Қытай мен Қазақстанның біріккен «Алтын Алқап Крг» ЖШС салатын кірпіш зауыты; Қытай мен Қазақстанның біріккен «North wind park» ЖШС салатын, қуаттылығы 500 МВт желпаркі.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер есебінен 19 миллиард, бюджет есебінен 1,5 миллиард теңге құйылып, ауданның болашағы үшін қызмет етпек.
Өңірде шағын және орта бизнестің 2064 субъектісі жұмыс істейді. Оған 4819 адам тартылған. Өздерін осы салада көрсеткісі келетіндер қатары уақыт өткен сайын артып келеді. Былтыр құны 159 миллион теңге тұратын 14 жоба іске қосылып, 27 жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаны жүзеге асыру аясында құны 239 миллион теңге тұратын 15 жобаны қаржыландыру мақұлданды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп саласы 84 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама артық. Биыл ауыл шаруашылығы бойынша 91,2 миллиард теңгенің өнімін алу жоспарлануда.
Осакаров – облыстағы астықты ауданның бірі. Былтыр мұндағы диқан қауымы 416 мың гектар алқапқа дән сіңіріп, берекелі күзде 654 мың тонна астық жинаған екен. Гектар түсімі 16 центнерден айналыпты. Алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артық нәтиже.
Биыл аудан диқандары 450 мың гектарда көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді жоспарлауда. Оның ішінде 363 мың гектарға бидай, 35 мың гектарға арпа, 7,5 гектарға сұлы, 2 мың гектарға бұршақ, 650 гектарға картоп, 10 гектарға көкөніс, 25,5 мың гектарға майлы дақылдар, 17 мың гектарға жемдік дақылдар тұқымын сеппек ойда.
Агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестициялар былтыр 10,5 миллиард теңгені құраған екен. Жоғары табысқа қол жеткізу үшін машина-трактор паркін ұдайы жаңартып отыру керек. 2024 жылы ауданның ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілері 6 миллиард теңгеге 102 дана ауыл шаруашылығы техникасын және 500 миллион теңгеге құрал-жабдықтар сатып алыпты.
«Еуразия-Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2024 жылы аумағы 1100 гектар, құны 4 миллиард 700 миллион теңге тұратын ауыл шаруашылығы дақылдарын суару жүйесін салған көрінеді. Жобаны іске асыру барысында 18 жаңа жұмыс орны құрылған. Сөйтіп, аудандағы суармалы алқап былтыр 2,7 мың гектарға жеткен екен.
2025-2027 жылдары Осакаров ауданы бойынша құны 47 миллиард теңге тұратын 7 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның екеуі мал шаруашылығы бойынша (құны 18 миллиард теңге), бесеуі егіншілік бойынша (құны 28 миллиард теңге). Бұл бағдарламалар 170 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етеді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда 2169 гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына қамтылыпты. Бұрнағы жылдан бері Осакаровкада тұрғындардың малын жайылыммен қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүруде. «Жайлау» жобасын жүзеге асыру арқылы Қарағайлы, Сарыөзек, Озерный, Ақбұлақ, Шідерті ауыл округтері мен Молодежный кентіндегі жайылым мәселесі оңды шешіліпті. Осы жоба биыл Есіл ауыл округінде қолға алынып, әрі қарай жалғасын таппақ екен.
Облыстың көпшілік өңірлерімен салыстырғанда Осакаров ауданы халқының әлеуметтік мәселесі біршама оң шешімін тапқан өңірге саналады. Дегенмен, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге байланысты шешімін күткен мәселе мұнда да бар. Аудандағы 52 ауылдың 36-сына орталықтандырылған су жүйесі тартылған. 15 ауыл жеке су көздерін тұтынса, тағы бір елдімекенге тіршілік нәрі тасылып беріледі.
Тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету бойынша да біршама жұмыс тындырылған екен. Былтыр Молодежный кентінде жаңа блоктық-модульдік қазандық іске қосылып, үш көшенің ұзындығы 865 метрлік жылу жүйесі жөнделген. Осакаров кентіне қосымша екі қазандық қойылыпты. Биыл жұмыс жалғасып, Молодежный кентінде екінші блоктық-модульдік қазандықты іске қосып, ұзындығы 2882 метр жылу жүйесін жөндеуден өткізу жоспарланған.
Ауданда жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда оңды істер бар. 1437 километр жолдың жөндеу жұмысына аса мұқтажы елдімекендер ішіндегі 586 километр жол. Республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы бұл жолдардың уақыт өткен сайын жақсара түсуіне ықпалын тигізуде.
Брифингтің соңында Руслан Есенбекұлы тікелей байланысқа шыққан телекөрермендер мен журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button