Бас тақырып

Биыл өңірде 637 шақырым жол жаңарды

Өңір өмірінде 2025 жыл көлік инфрақұрылымы үшін қарқынды кезең ретінде есте қалды. Биыл мұнда 637 шақырым автомобиль жолы жаңартылып, республикалық маңызы бар күре жолдардан бастап, ауданаралық бағыттар мен қалалардың ішкерідегі көшелеріне дейін кешенді жөндеу жүргізілді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Республикалық маңызы бар тасжолдар бойынша қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға басымдық берілген. Заманауи жол жабыны, көпір мен жол өткелдерінің жаңартылуы, интеллектуалды бақылау жүйелерінің енгізілуі алыс-жақын қатынасты жеңілдетіп қана қоймай, транзиттік әлеуетті едәуір күшейтті. Орталық Қазақстан арқылы өтетін негізгі дәліздер жүк тасымалының үздіксіздігіне қызмет етіп, кәсіпкерлер үшін уақыт пен шығынды үнемдеуге жол ашты. Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда да өзгеріс айқын. Бұрын шалғай саналатын елдімекендерге апаратын бағыттар жаңарып, ауыл мен қала арасындағы байланыс нығайды.

Қалалық деңгейдегі көлік жүйесінде де жаңашылдық бар. Қарағанды мен Теміртау көшелерінде «ақылды бағдаршамдар», цифрлық жол белгілері, қоғамдық көліктің қозғалысын реттейтін автоматтандырылған жүйелер енгізіле бастады. Қоғамдық көлік паркі кезең-кезеңімен жаңартылып, экологиялық талаптарға сай автобустар пайдалануға берілді. Қала тұрғындарының күнделікті тіршілігі жеңілдеп, жолдағы уақытты еселеп қысқарғандығын белгілей кеткеніміз абзал.

Көлік инфрақұрылымына енгізілген жаңа технологиялар өңір экономикасына да серпін сыйлап отыр. Логистика жылдамдап, өндіріс орындары мен сауда нүктелерінің арасындағы байланыс нығайды. Инвестициялық жобалар үшін қолайлы орта қалыптасып, облыс іскерлік картада бұрынғыдан да тартымды бола түсті. Жүзеге асқан көлік жобалары аймақ кеңістігін «жақындатып», адамдар мен мүмкіндіктерді бір-біріне бұрынғыдан да етене етті. Жол – қазір дамуға апарар даңғыл.

Нақты мысалдар да әсерлі. «Қарағанды-Қарқаралы» тасжолының 200 шақырымы толық жөнделді. Бұқар жырау ауданы, Ғ.Мұстафин ауылында Нұра өзені арқылы жаңа көпір ашылды. Енді Теміртауға жол 40 шақырымнан 12 шақырымға дейін қысқарды. Көлік қозғалысы бұрынғыдан әлдеқайда қауіпсіз әрі жылдам. Бұдан бөлек, Saran индустриалды аймағына шығатын жолды қайта құру жұмыстары басталды. Бағыт «Қарағанды-Астана» трассасына қосылып, өңірдің іскерлік әлеуетін арттырады. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезеңінде заманауи стандарттар мен технологиялар ескерілуде. Жол жабыны тасымал үшін де, инвестициялық тартымдылық үшін де маңызды нүктеге айналмақ.

«Сарыарқа» әуежайына кіретін учаскелерде қар басу қаупі жоғары жолдарға композиттік қар ұстайтын қоршаулар орнатылды. «Саран-Шахтинск» трассасында салмақты тіркейтін автоматтандырылған жүйе енгізілді. Жүк көлігі жолға шықпас бұрын өз салмағы бо­йынша бақыланады. Әуежай толыққанды карго-терминалға жаңартылып жатыр. Оның жылдық өткізу қабілеті 50 мың тонна жүкке дейін жетеді. Сол үшін Қарағанөзек стансасынан «Сарыарқа» әуежайына дейінгі 25 шақырымдық теміржол тармағын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары басталды. Осылайша, әуежай мен теміржол арасындағы байланыс­тың тиімділігі едәуір артады. Сол сияқты Балқаш әуежайының ауқымды реконструкциясы жалғасуда. Модернизациядан кейін әуежайдың өткізу қабілеті 30%-ға артпақ.

Автопаркты жаңарту мақсатында 195 жаңа автобус сатып алынды. Жаңа автобустар экологиялық талаптарға сай заманауи технологиялармен жабдықталған. Сондықтан, жолдағы қозғалыс жайлылығы мен қауіпсіздігі едәуір жақсарады. «ONAY!» жүйесі серіктес қалаларға енуде. Биыл бұл жүйе Шахтинск қаласында енгізілді.

Кез келген адам – мәңгілік жолаушы. Әр қадамында жанының таңдауы жатыр. Өзгеріс лебі едел-жедел ауысымдар дауылына ұласқан қауырт шақта жердің темір тамырлары адам тағдырымен біте қайнасты осы күні. Технократты толқын әсте толастар емес. Бұрнағы сіз бен біз көріп үлгерген қиындық атаулысы буалдыр мұнарға сіңген. Тігісі жатық тегіс асфальт жол, өзен үстінен төселген көпір, зеңгірде қалықтаған үміт қанатындай әуежай бүгіннің байғазысы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button