Сарыарқаны сәнге бөлеп…
Тамылжыған тамыз айының алғашқы онкүндігі республика бойынша хакім Абайдың мерейлі 180 жылдық мерейтойына бағышталып отыр. Еліміздің әр тарапында әртүрлі бағытттағы мәдени іс-шаралар қанат жайып келеді. Біздің аймақ та бұл торқалы тойдың қатарынан қалыс қалмады. Оның айқын дәлелі – тамыздың алғашқы жұлдызында Абай қаласында өткен «Адамзаттың бәрін сүй…» атты республикалық ақындар айтысы.

Ақындар додасы Абай қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылды. Ұлы ақынның есімін еншілеген шаһар аламан айтысқа мұрындық болып, қазақтың төл өнерін төрге оздырды. Елдің түпкір-түпкірінен келген дүлдүлдер мен жүйріктер хакім рухына жырдан тағзым жасады. Айта кетерлігі, айтысқа шөліркеген көрерменнің қарасы қалың болды. Абай қаласының Мәдениет үйінің іші лық толып, жұрт таңнан кешке дейін ақындардың сөз тартысын тапжылмай тамашалады. Айтыс соңында сөз алған қазылар алқасының төрағасы, қазақ айтысының тірі шежіресі – Жүрсін Ерман мұндай ықыласты көптен бері көрмегенін айтып, қараша халыққа шынайы алғысын білдірді.
Аламан айтыстың шымылдығын облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов құттықтау сөзбен ашып берді. Айтыстың көрігін қыздырып, дүбірлі думанды жүргізу – халық қалаулысы, айтыстың ақтаңгері Аманжол Әлтаевқа бұйырды. Өнер мен өлеңнің кіл мықтысы бас қосқан бұл думанға қазақ айтысының ақсақалы Жүрсін Ерманмен қатар Қойлыбай Асан, Серікзат Дүйсенғазы, Өміржан Көпбосын, Азат Бабаш сынды ақындар мен ғалымдар қазылық етті.
Бұл додаға еліміздің әр өңірінен іріктелген он мықты ақын қатысты. Атап айтқанда, Абай облысының намысын Рүстем Қайыртай қорғаса, Қарағанды облысынан Айтбай Жұмағұлов, Дидар Қами және Мұхтар Әділ бағын сынады. Жамбыл облысынан Алтынгүл Қасымбекова, Түркістаннан Бекарыс Шойбеков, Алматы облысынан Шырынбек Тұрсынұлы, Батыс Қазақстаннан Талғат Мықи, Шымкенттен Қалижан Білдаш, Астанадан Еркебұлан Қайназар сынды азулы ақындар Абай қаласының төрінде бас қосты.
Сайыстың алғашқы кезеңінде олар жеребе арқылы бес жұпқа бөлініп, өзара іріктеу кезеңінен өтті. Ақтық сынға шыққан үш жұп айтыстың нағыз көрігін қыздырып, жырдан шашу шашты. Ұлт руханиятының кемеңгерін ұлықтаған бұл айтыста ақындардың қай-қайсысы да құралақан қайтқан жоқ.
Нәтижесінде бас бәйге – темір тұлпар автокөлікті жерлесіміз Айтбай Жұмағұлов тізгіндеді. Абай облысының ақыны Рүстем Қайыртай бірінші орын мен 2 миллион теңгенің сертификатын иеленсе, екінші орынға түркістандық Бекарыс Шойбеков пен елордалық Еркебұлан Қайназар лайық деп танылып, әрқайсысына 1,5 миллион теңге қаржылай сыйлық табыс етілді. Үшінші орынды бөліскен шымкенттік Қалижан Білдаш пен қарағандылық Дидар Қамиға 1 миллион теңгеден берілді.
Сондай-ақ қалған төрт ақынға арнайы жүлделер табысталды. Шашубай Қошқарбайұлы атындағы жүлде – Алтынгүл Қасымбековаға, Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы жүлде – Мұхтар Әділге, Доскей Әлімбайұлы атындағы арнайы марапат – Шырынбек Тұрсынұлына, ал, Қайып Айнабеков атындағы жүлде – Талғат Мықиға бұйырды. Бұл жүлдегерлердің әрқайсысы да 500 мың теңгені иеленді.
Сарыарқаның сақи даласын сән-салтанатқа бөлеген бұл айтыстың тағы бір тағылымды тұсы – дода соңындағы қазақы сыйластықтың нышаны. Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов өз тарапынан Жүрсін Ерманға ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Өз кезегінде белгілі абайлық азамат, айтыскер-ақын Жәнібек Жеңісбекұлы үш бірдей ақынға: Қалижан Білдаш, Дидар Қами және Аманжол Әлтаевқа ат мінгізді. Осы тұста тағы бір айта кетерлігі, Дидар Қами мінген атын Жүрсін Ерманға сыйлап, мәрттігін көрсетті.
Айтыстың бас жүлдегері Айтбай Жұмағұлов өз сөзінде халыққа деген шынайы алғысын білдірді.
– «Қаз тойғанына семірмейді, орғанына семіреді» деп дана халқымыз айтқандай, менен бетер қуанып, өздері бәйге алғандай есі шығып жүрген халықты көріп, төбем көкке жеткендей болды. Елдің баладай аңғал, сәбидей таза пейілін, көл-көсір көңілдерін көру менің мерейімді өсірді. Осы мәдени мерекені ұйымдастырған Абай қаласының әкімі Сәбит Темешұлы бастаған барлық азаматтарға алғаусыз алғысымды білдіремін, – деп Айтбай Ботпайұлы ағынан жарылды.
Айтыс – қазақтың бағзыдан келе жатқан ұлық өнері. Абай төрінде өткен жыр додасы елдің еңсесін көтеріп, мерейін өсіргені анық. Абай рухына арналған онкүндіктің осылайша жайдары сипатта бастау алуы – ақын рухына деген ізгі ілтипаттың, ұлттық өнерге деген құрметтің жарқын көрінісі.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»