Руханият

Сарыарқадағы тұңғыш өндіріс бесігі

Мен Сарыарқаның даму, өркендеу тарихына тоқталмас бұрын адамзаттың даму жолы, бүгінгі өркендеуімізге талдау, өлшем жасамақпын. Өзім тарихшы ұстазбын, жасым жетпістен асса да, әлі де болса Қарағандының кемелденуіне еңбек сіңіріп жүрген қариямын. Сондықтан, Арқа өңірінде өндірістің тұңғыш бесігі болған, өндіріс ошағы, қазыналы өлке тарихынан сыр шертетін Жұмағали Мағзидің монографиялық еңбегіне талдау жасай отырып, қолыма қалам алдым.

Сурет автордан

Шенділердің ішінен тамыр таныссыз, жетексіз, жиырма алты жасынан бастап, табан аудармай қырық жылға жуық алабөтен суық сөзге ұшырамай, адал басшылық қызмет атқарып, өзі соңғы басқарған Қарағанды технология және сервис колледжінің студенттерін биік жетістіктер легіне жеткізген бірегей азаматқа тоқталмақпын. Көңіл қаламына арқау еткен еңбегін ескеріп, өз тарапымнан пікір қоспақ ниетім бар.

Ол бірыңғай басшы болып қана қойған жоқ. Сайын дала Сарыарқаның даму, кемелдену тарихын нақты дәйектермен дәлелдеп, келешек ұрпаққа артынан мәңгілік өшпес ғылыми жазба қалдырып, өлшеусіз мұра қалдырған тұлға. Ол – бүгінгі зейнет демалысындағы ұлағатты ұстаз, мектеп директоры, кезіндегі мәдениет саласының, қаржы мекемесінің басшысы, әкім, Қарағанды қаласындағы бірқатар колледждер директоры болған, Respublica партиясының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бірнеше кітаптардың авторы, өткен жылы қазақ еліндегі тұңғыш өндірістің тарихын зерттеп, ғылыми монография жазған өлкетанушы, жазушы Жұмағали Мағзи.

Қолына қалам алып, жүрек қалауымен жазатындар аракідік қой. Оның былтыр шығарған «Нілді – тарих және тағылым» атты монографиясында еліміздегі тұңғыш өндіріс ошағы деп өзі ресми түрде айдар тағып, еліміздің ғылыми ортасына дәлелдеп танытқан, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин оқып-тоқып қанаттанған, Арқадағы бірегей Нілді ауылы, Өспен руднигінің тумасы (Қарағанды облысы, Шет ауданы). Арқаның азаматы ретінде Жұмағалидің соңғы жазған, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің Ғылыми Кеңесі бекіткен осы еңбегін бірнеше рет оқып шықтым. Өткен жылы монография туралы автордан сыр тартқанымда, «Бұл еңбекті келесі жылы облысымыздың орталығы Қарағанды қаласының 90 жылдығына, Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына арнап жазып жатырмын, аға, биыл бітіруім керек» деген еді. Арманы орындалды.

Жұмағали Нілді-Өспен туралы екі кітап жазды. Бірінші кітаптың аты «Тарих таразы» болатын. Кітаптың тұсаукесері 2021 жылы Қарағанды қаласындағы «Достық» үйінде Гоголь атындағы облыстық кітапхананың бастамасымен кітапсүйер жұртшылықтың қатысуымен өтті. Арқада XIX ғасырдың қырық жетінші жылы тұңғыш өндіріс ошағының қазығын ең бірінші Нілдіде, кейін Қарағандыда, Спасскіде, Қарсақбайда қаққан Ресейлік тау-кен инженері, кәсіпкер Никон Ушаков өзінің басқа да серіктерімен мыс өңдірудің көрігін қыздырғандығы, содан олар ХХ ғасырдың басында европалық кәсіпкерлер француз Жан Карно мен ағылшын Нельсон Феллге басы бүтін сатқандығын автор тартымды түрде жазады.

Ал, XX ғасырдың басында жоғарыдағы кәсіпорындардың иесі болған ағылшын Нельсон Феллдің Нью-Иоркта 1916 жылы шыққан «Орыстар және көшпенділер», оның қызы Оливьенің және Сарысу байыту фабрикасын салған ағылшындық конструктор Джон Уорделдің «Қырғыз даласында» атты кітаптарынан біздің қауымға мүлде белгісіз терең мағлұматтар береді.

Тұңғыш жұмысшы табы қалыптаса бастаған Нілдіде алғашқылардың бірі болып, бастауыш мектеп ашылғанын, онда қазақтың біртуар ұлы, үстіміздегі жылы 130 жылдығы аталып өтілейін деп жатқан Сәкен Сейфуллин оқығанын, Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов пен Сәкен Сейфуллиннің достық саяси қарым-қатынастары туралы бұрын-соңды оқырманға белгісіздеу тың дәлелді айғақтар жазылуымен ерекшеленіп отыр.

Ұмытпасам өткен жылы маусым айында болса керек, Қарағанды облыстық кәсіподағы орталығының басшысы, өзіміз өте құрметпен еске алатын Хамза Жұмабековтің баласы Болат Жұмабеков мыр­заның орынбасары Татьяна Шатохина ханым бастап ғалымдар, жазушылар, журналистер автордың кітабына көз жеткізу мақсатымен Нілді ауылында болды, автордың түсіндіруінде кітап патшалық Ресейдің, батыстық капиталистердің сол кезеңде қалай жұмыс атқарғандықтары туралы көп дүниеден ақпарат бергендігі туралы, «Ortalyq Qazaqstan» газетінде айшықты жазылды…

Бұл еңбектің енді бір аса маңыздылығы кіріспесінде болып отыр. Онда сонау адамзат өркениеті бастау алған үндістік Веда абыздарынан, Ирандық Авестадан басталып, Ботай мәдениеті, Сақ, Ғұн, Ұлы Түрік, Араб-ислам, Қазақ хандығы, Алашорда, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі, еліміздің 1991 жылғы тәуелсіздік алғанға дейінгі тарихы қысқаша баяндалады.

Әлемдік өркениеттің сатылап дамуы басталған өңірлерді, түркілердің өркендеп қанат жаюын қазақ жеріндегі тұңғыш өндіріс ошағы даму кезеңіменен байланыстырғаны ма деген қорытындыға келдім.

Бұл монографияның авторына ұсынысым бар. Кітаптың атын «Сарыарқа – тұңғыш өндіріс бесігі» деп атаса, оңды бола ма деп ойладым… Себебі автор негізінен «Нілді руднигі» деп бастағанымен, бұл еңбекте Қарағанды көмір бассейнінің маңыздылығына ерекше мән береді, сонымен қатар, Спасск мыс қорыту заводының шетелдік кәсіпкерлер үшін сол кезеңде басым бағытта болғанын нақты деректермен айғақтап жазған екен, еншілес болған Қарсақбай мыс кенішінің даму сатыларының тарихын ғалымдардың тұжырымына тоқтала отырып дәйектеген.

«Спасск мыс кен орындары» АҚ-на жататын Өспен мыс руднигінде мемлекет қайраткерлері Дінмұхаммед Қонаев, Әбілқас Сағынов сынды біртуар ғалымдар өндірістік практикалардан өткен, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев зерттеу жұмыстарын жүргізгенін нақты дәлелдермен жеткізген.

Бұл монография жөнінде «STAR­TKINO» ҚБ-нің басшысы, белгілі қарағандылық кино маманы Арман Әлімжанов шығарған «Ұлы дала өркениет бесігі» деп аталатын деректі фильмде, сол Өспен руднигінде басшылық қызмет атқарған, бүгінде 90 жасты межелеген Тұрсын (Қожақ), Пансет ақсақалдар бірнеше шет ел тілдерін меңгерген Малқамбай Әбдікәрімов ақсақал туралы ерекше тоқталған екен. Малқаң ақсақал ел мен жер аттарын шет елдік кәсіпкерлерге таныстырған, бірге жүрген. Айтуларынша, жердегі өсіп тұрған шөптер арқылы, тау жыныстары арқылы қазба байлықтарды анықтап, жол сілтеген мәмлегер ақылды адам болған екен. Малқамбай ақсақал белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевпен Өспен руднигі, Қарсақбай өңірі бойынша да көп ақыл қосып бірге жүргенін, тіпті, ақсақалдар бертінге дейін Малқаңның Алматыға барып, байланысып тұрғанын да айтып отырғанын фильмнен көрдік.

Әрине, ол бүгінгі әлем таныйтын еліміздегі қара және түсті металлургияның қайнаған ортасы – Қарағанды, Ұлытау облыстары.

Бұл еңбектің Сарыарқаның жер қойнауы қазынасының егемен еліміздің өркендеп дамуы үшін қандай ерекшелігі болғандығын елімізге, түркі әлеміне, әлемге паш ететін рухани салмағы ерекше. Әсіресе, жас жеткіншектерге, ғылыммен шұғылданушы азаматтарға тыңнан жол сілтейтін, біздің Сарыарқаның еліміздің өркениет бесігі болғандығын дәлелдеп отырған, заманауилік қабілетке ие, уақыт өте келе келешек ұрпақ ерекше бағалайтын ғылыми еңбектердің бірі болатынына сенім мол!

Өзібек БИМЕНДИН,
ардагер ұстаз, Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы қоғамдық ардагерлер кеңесінің мүшесі,
тарихшы, өлкетанушы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button