«Сарыарқа» сенімді ақтады
2 желтоқсанда қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы мен «Торпедо» командасы арасындағы екінші ойын өтті. Бұл – Қазақстан чемпионаты аясындағы матч. Бұл кездесуде қырандардың бәсі биік болды. Бірінші кездесуде де жеңіс жерлестерімізде болған. Жарқын жеңістің арқасында «Сарыарқа» чемпионат кестесінің көшін бастап тұрған командаға бір табан жақындады. Ұпай айырмасы екеу ғана.
Матчтың бірінші минутында-ақ «Сарыарқа» шабуылшылары нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, есеп ашты. Александр Борисевичтің пасын зая жібермеген – Иван Верещагин. Ал, Евгений Королинский болса, екінші шайбаны соғып, қонақтардың адуынын басып тастады. Бұл гол, тіпті, қарсыластардың жанкүйерлеріне де әсер етті. Олар «Сарыарқа» жеңіске жету үшін тың тактикамен, тың күш-жігермен шыққанын байқағандай болды. Бірден тынып қалды. Шабуылдан бөлек, алаң иелері қорғаныста да сауатты ойнады. Тіпті, қақпаларына шайба жолата қойған жоқ. Қонақтарда бірнеше мүмкіндік болды. Бірақ, қақпашы Жәкен Ибрагимов қырағы ойнады.
Екінші кезең 2:0 есебімен басталды. Мұнда «Торпедо» басқаша ойын көрсетті. Жәкен Ибрагимовты алыстан бағытталған жойқын соққылар әуреледі. Дегенмен, екінші кезеңде гол соғылған жоқ.
Үшінші кезеңде «Торпедо» сапындағы ойыншы ереже бұзып, 5 минутқа алаңнан қуылды. Басымдыққа ие болған «Сарыарқа» қарсылас қақпасына шайбаны зеңбірекше жаудырды. Бірақ, «Торпедо» барлық қауқарын қорғанысқа салып, қақпаны шайбадан сақтай алды. Құрам толыққаннан кейін екеуара шабуыл күшейді. Осы кезде Александр Борисевич есепті 3:0-ге жеткізді. «Торпедо» еңсесін тіктей алмастай көрінген. Дегенмен, екі гол соғып, ойынның қызығы кірді. Алаң иелерінің жанкүйерлері демін ішке тартты. Себебі, «Торпедо» қанның иісін сезген жыртқышқа ұқсап, шабуыл үстіне шабуыл ұйымдастырды. Қырандар қорғаныста қырағы екендерін көрсетіп, аяғына дейін жоғары қарқында ойнап шықты. Сөйтіп, ойын 3:2 есебімен аяқталды.
Чемпионат кестесінің көшін осы «Торпеда» бастап тұр. «Сарыарқа» «Торпедадан» небәрі екі ұпайға қалып келеді.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz