«Жәлел Қуандықұлына өлең жаздырған – сартап сағыныш»
Ақын, журналист Жәлел ШАЛҚАР – 40 жаста
Өз ғасырының портретін жасаған, классик, гений ақындардың кешкен ғұмыры әдебиетші ғалымдардың зерттеу объектісіне айналғалы қашан. Қасиетті поэзияға жүрегінің көзімен үңіле алатын қадірлі оқырманға олардың кешкен ғұмыры да қызықты болса керек. Өйткені, өз дәуірінің жарық жұлдызына айналған, биікке көтерілген тұлғалардың сол жолда еңсерген қиындықтары, қилы тағдыры қашанда қызықты. Соны білу арқылы, тану арқылы ақын шығармаларының қуаты, әсері, болмысы ашыла түседі. Бұны биографиялық әдіс дейді. Оның өмірі мен тағдыры, тәжірибесі, өмірлік көзқарасы шығармаларының басқа да қырларын ашып береді. Шын сыншы алмас қылыштың қаншалықты берік екенін білу үшін оның ұстасын танып, қалай соғылғанын анықтағаны секілді.

Жақсы ақын болу үшін әуелі жақсы адам, жақсы азамат болуың шарт. Жазуға көңілдің тазалығы керек. Қуатты һәм мөлдір, жанды өлең таза жүрекке ғана қонады. Киелі құс балдырланған көлшікке, шалшыққа қонбайды. Нағыз ақындықтың алғышарты – осы. Мен білетін Жәлел Шалқар осындай.
Қасиетті Інжілде «Әуелі Сөз болды, Сөз Құдаймен бірге болды, әрі сөз Құдай еді» деп жазылған. «Өнер алды қызыл тіл» дейді біздің жұрт. Ал, Құдайдан кейінгі сөздің жаратушысы – ақын. Көңілі тояттап, дүниеге масайрап, жүрегінен алыстаған адамға өлең қонбайды. Ақын – құндылық атаулыны алғаш болып жарататын тұлға. Бұл – ешкімнің жолына ұқсамайтын, Жаратқан өзі ғана сызып беретін соқпақ.
Біздіңше, Жәлел Қуандықұлына өлең жаздырған – сартап сағыныш. Бала кезінде-ақ келместің кемесіне мінген әке мен шешеге деген сағыныш. Кальций дәрумені жетпей, сүйегің қақсаса, асқар тау әкенің, шуақты ананың мейірімі, жылуы, асыл махаббаты жетпесе, жаның қақсайды, жүрегің сыздайды. Сол жаның қым-қуыт тіршілікте өзіне керегін іздеп аласұрады екен, жабығады екен. Жәлел Қуандықұлының емі – қасиетті өлең. Өлең оған өмірде атақ, мансапқа, абыройға жету үшін емес, сарғайтқан сағынышының емі болсын деп берілгендей. Өлеңдері шынайы сағыныштан қуат алмаса, сіз бен біз бүгінде Жәлел Қуандықұлы деген есімді естімес те едік. Өзіміз де сағыныш құшағына енгенде өлеңдерін іздемес едік. Біздің де жанымыз ақынның өлеңдерінен керегін тапты.
Сонау Қарақалпақ елі, Беруний ауданының Алғабас деген өлкесінде өмір есігін ашты. Бала шағында-ақ, әке-шешесін жер қойнына тапсырды. Ағалары мен әпкелерінің қамқорлығында қалды. Ес біліп, бұғанасы бекіген шақта Атажұртқа қоныс аударды.
Бірде «еңбек демалысымда ауылыма барамын. Әбден сағындым», – деген әңгіме айтылды ортамызда. Жәлел ақын «Бақыттысыңдар, ә-ә…», – деді жүзінен мұңның табы байқалып. Біз оның нені меңзеп тұрғанын бірден түсіне қойып, әңгіменің ауанын ауыстырдық. Себебі, ақын жүрегіндегі мұндай мұңның қаншалықты азап шектіретінін түсінеміз. Сол сәтте «Жарты жүрек» деген өлеңінің тағдырын шын мәнінде ұғындық.
«Жаны – бүтін» десе егер
сенбе, жалған
Бүтін қалған жалғыз-ақ,
мендегі арман.
Бүгін кешіп жүргенім
жарымжан күй,
Жүрегімнің жартысы сенде қалған, – дейді. Өлеңін:
Өмір, өмір, ең қымбат
алтын олжа,
Оңайлықпен түспейтін нарқы қолға.
«Бүтінделем» деп жүріп, жарты жүрек,
Тоқтап қалма әйтеуір, жарты жолда, – деп түйіндейді. Мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген «Алма гүлінің иесі» деген кітабы осы өлеңмен басталады. Осы өлеңінен-ақ ақынның шынайылығын аңдайсыз, сезесіз. Өлең ақынның жан әлеміне шақырып тұр. Әр туынды сағыныш өртін басқан ақ жауынның тамшылары секілді. «Сағыныш» деген өлеңінде:
Кел, бауырым, айт, маған
ауыл жайлы,
Одан артық жаңалық
табылмайды.
Бұрқыраған борпаңды
мекен сырын,
Естімесем тынысым ауырлайды, – депті. Артық, жасанды сөз, жасанды тіркес жоқ. Ауылынан келген бауырының алдында балаша қуанған, елжіреген ақынның күйі көз алдыңызға келеді.
«Аңсар» деген өлеңі:
Дес бермей дүрсін дауылға
кілең,
Жаңылмай келем
сабырдан.
Түсімде ылғи ауылда
жүрем,
Ауыл да мені сағынған, – деп басталады.
Жаңа кітаптың алғашқы беттеріне жайғастырылған «Көсеу», «Туған жер», «Құмдауыт» өлеңдері «Жәлел Қуандықұлына өлең жаздырған – сартап сағыныш» деген әуелдегі сөзіміздің айқын дәлелі.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



