Жаңалықтар

Сарбаздардың психологиялық саулығы – басты назарда

Қарағанды қаласындағы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде маңызды профилактикалық іс-шара өтті. «Әскери орталардағы суицид: себептері мен алдын алу жолдары» атты кештің мақсаты – әскери қызметшілердің психологиялық саулығын сақтау, өмірге деген құндылықтарын арттыру және түрлі жағымсыз жағдайлардың алдын алу.

Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар – Ақтас кентіндегі Ерімбет ата мешітінің имамы Ерғазы Азамат Сайлауұлы және Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аға инспекторы-психологы, әділет капитаны Амамбаева Динара Бопанқызы кештің мазмұнды өтуіне атсалысты.

Имам Ерғазы Азамат Сайлауұлы дін тұрғысынан суицидтің дұрыс еместігін, өмірдің әрдайым сынақпен келетіні мен сабырдың маңыздылығын атап өтті. Ол жастарды имандылыққа, төзімділікке, ата-анаға құрмет, Отанға адал қызмет етуге шақырды.

Ал әділет капитаны Амамбаева Динара Бопанқызы әскери ортада кездесетін психологиялық қиындықтар, суицидке итермелейтін факторлар туралы кеңінен айтып, олармен қалай күресу керектігі жөнінде практикалық кеңестер берді. Сондай-ақ, ол әрбір әскери қызметшінің психологиялық жағдайы бөлім командирлері мен психологтардың тұрақты бақылауында болуы керектігін атап өтті.

Кеш барысында жеке құрам арасында ашық сұрақ-жауап форматында пікір алмасу жүргізіліп, әскери қызметшілер өздерін мазалаған сауалдарға нақты жауап алды. Бұл кездесу сарбаздар мен офицерлер үшін терең ой тастап, рухани және психологиялық тұрғыдан қолдау болды.

Профилактикалық іс-шара соңында бөлім басшылығы қонақтарға алғысын білдіріп, мұндай кездесулердің алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button