Қарағандыда қоғамдық көлік біртіндеп жаңа мәдени кеңістікке айналып келеді. Қалалық автобустарда орналастырылған QR-кодтар арқылы электронды кітаптарды бүгінде 30 915 тұрғын оқыған. Бұл туралы «Жол үстіндегі кітапхана» «Книги в дорогу» акциясының қорытындысын жариялаған қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жоба 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және оның басты мақсаты – қоғамдық көлікті тек қатынас құралы ғана емес, рухани әрі зияткерлік ортаға айналдыру. Күнделікті қарбаласта автобуспен жүрген жолаушыларға уақытты тиімді пайдаланып, кітап оқуға мүмкіндік беру бастаманың негізгі өзегіне айналған.

Қазіргі таңда QR-кодтар Қарағанды қаласының 13 бағытында қатынайтын 60 автобусқа енгізілген. Атап айтқанда, №1, 5, 19, 33, 40, 41, 43, 53, 56, 65, 70, 118э және 146э бағыттары. Автобус салонында орналастырылған кодты смартфон арқылы сканерлеген кез келген жолаушы электронды кітапханаға өтіп, өзіне ұнаған шығарманы тегін оқи алады. Арнайы тіркелу немесе қосымша төлем талап етілмейді, бұл жобаға деген қызығушылықты одан әрі арттыра түскен. Қала әкімдігінің мәліметінше, мұндай формат, әсіресе, жастар арасында кітап оқуға деген ынтаны күшейтіп отыр.

Автобустардағы электронды кітап қоры үш негізгі бөлімнен тұрады: қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті және шетел әдебиеті. Ұйымдастырушылар кітаптарды іріктеу кезінде әртүрлі жастағы әрі әртүрлі кәсіби ортадағы оқырмандардың талғамын ескеруге тырысқан. Сондықтан, электронды сөрелерде классикалық туындылармен қатар, шытырман оқиғалы және танымдық шығармалар да бар.
Жалпы алғанда, QR-кодтар арқылы қазақ әдебиетінің 21 шығармасы, шетел авторларының 14 еңбегі және орыс жазушыларының 6 кітабы қолжетімді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының электронды кітапханасы – КазНЭБ деректеріне сәйкес, жоба іске асқан уақыттан бері шығармаларды қарау саны 30 915-ке жеткен. 2026 жылғы 6 қаңтардағы мәлімет бойынша ең көп оқылған туындылардың қатарында Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы алда тұр – бұл кітапты 20 916 адам оқыған. Одан кейін Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» шығармасы 5 343 қаралыммен, Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы 3 591 қаралыммен көш бастап келеді. Бұл көрсеткіштер қазақстандық классикалық әдебиетке деген қызығушылықтың әлі де жоғары екенін айқын аңғартады.
Бүгінде Қарағандыда автобусқа мінген әрбір жолаушы тек жол жүріп қана қоймай, рухани сапарға да шыға алады. Ал, 30 мыңнан астам оқырманның таңдауы – осы жобаның қоғам үшін өзекті әрі өміршең екенін дәлелдейтін нақты көрсеткіш.
Өз тілшімізден



