Аймақ

Сапалы жол сапар жүгін жеңілдетер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда ғалымдармен кездесуінде елдегі жол сапасы мәселесін көтерген еді. «Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жол салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстарды бастауды тапсырдым. Бұл кемінде 12 мың шақырым автожолды қамтиды. Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күретамыры. Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Тағы да қайталап айтамын – сапалы жолдармен. Ашығын айтсақ, жолдардың сапасы сын көтермейді әрі бұл мәселе жиі көтеріледі», – деді Президент. Иә, түйткіл ескі болғанмен, көзқарас – жаңа қазір. Сондықтан, бұл келелі мәселені жаңа қырынан қаузап көретін уақыт келгендей…

Суреттерді түсірген автор

Жол саласының сапасына жауапты бірден-бір мекеме болса, ол «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы». Кәсіпорынның негізгі қызметі – жол салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау жұмысын қадағалау. Яғни, төселіп жатқан тегіс жолдың қабатына сараптама жүргізу. Әр аймақта қосыны бар мекеме инспекторлары жыл сайын 16 мың шақырымнан астам халықаралық және республикалық, облыстық маңызы бар магистральдарға диагностика жүргізіп келеді. Ал, жол-құрылыс материалдарына 220 түрлі жан-жақты зертханалық зерттеу жасалады. Иә, автожолдың сын садағына жиі ілігетіні белгілі. Ал орынды сынға тиімді шешім шығару – қиынның қиыны. Мәселен, осы тақырып аясында бұқаралық ақпарат құралдарында жылына кемінде 1000-ға жуық ақпарат жарық көреді. Әлбетте, сауалы көп сектордың дағдарыс аясына әкеп тірейтін түйткілдері де аз емес. Оның бірі – маман тапшылығы. Өңірде атаулы мамандықты Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті оқытады. Айналып келгенде аталған тақырып аясы ғылыми көзқарасты қажет етеді. Енді өндірісті өңірдегі жолдардың жайына үңілсек.

Қолына ретрорефлектометрын алған жол инженері Ермек Смайылов қала орталығындағы Бұқар жырау даңғылы, Пассажирская, Пичугина, Новоселов, Шахтерское көшелерінің бойындағы жолдардың сапасын бірге тексермек үшін бізді соңынан ертті. Ретрорефлектометр дейтініміз – жол бедеріндегі қауіпсіздік белгілерінің сапасын анықтау үшін қолданылатын өлшеу құралы. Бұл көлік қозғалысы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңызды. Ретрорефлектометрдан енген деректер онлайн режимде республикалық дерекқорға жүктеледі.

– Бізге кеше қала орталығындағы жол белгілерінің сапасын тексеру турасындағы жергілікті полиция бөлімінен сұраныс хат келіп түскен еді. Әдетте, «Қаз­АвтоЖол» ұлттық компаниясынан немесе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемелерінен жиі қабылданады. Жол белгілерін әдетте бір жолдың бойындағы бірнеше тұсынан тексереміз. Осыдан келіп орта өлшем шамасы шығады. Әдетте, жол жабынының арнайы белгілері көлік жүргізушісінің көзіне әр уақытта шағылыстырғыш арнаулы шынылармен көмкерілуі тиісті. Ал бұл жерде бұл азырақ секілді. Яғни, бір параметр бойынша талапқа сай келмейді деген мәлімет енгіземіз. Көрдіңіз бе? Құрылғыдан басылып шыққан түбіртекті жыл бойына сақтап қоямыз. Кей-кейде бір учаскенің бойында 16 мәрте тоқтап өлшем алып жатамыз. Қос көзімізге қарапайым болып көрінген үдеріс үздіксіз жүргізілетіндіктен, аса ыждаһат пен тиянақтылықты талап етеді, – дейді Ермек мырза.

Жолдың сапалы салынуы яки жөнделуі мердігер компанияның жұмыс тәжірибесіне да байланыс­ты. Егер, кейінде аталған жол бөлігі сапасыз болып танылған жағдайда мерзімінен кешіктірілмей мердігер жауапкершілік арқалайды. Немесе арнаулы нұсқама жолданады.

– Жаз басталысымен көлік легі күрт артады. Сондықтан, біздің жұмыс тобы негізгі магистральдарға ғана емес, сонымен қатар, облыстың мыңдаған тұр­ғындары күнделікті пайдаланатын жер­гілікті жолдарға да ерекше назар аударады. Жаңа және жөнделген жолдар аймақ экономикасының дамуына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ете отырып, ыңғайлы және қауіпсіз сапарларды қамтамасыз етеді. Біздің болашақ жоспарларымыз жол желісін одан әрі кеңейту мен жаңғыртуды қамтиды. Біз қарапайым жұртшылықтың талап­-тілегін ескере отырып, жергілікті билік органдарымен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Қолдау мен сенім білдіріп жатасыздар. Сенім селкеусіз болса, жұмыс жүйелі болады! – деді орталықтың жергілікті қосынының бөлім басшысы Тұрар Манас.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button