Жаңалықтар

Сапа неге төмен?

Жоғары білім – адамның білім беру траекториясының маңызды элементі. Бүгінгі таңда бұл – əр адамның табысты өмірлік мансабын құрудың жалғыз демократиялық құралы. Қазіргі уақытта елдің барлық азаматтары, оның ішінде, мүгедектер де білім алуға, жоғары білім алуға заңнамалық құқығы бар.

 

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда білім сапасының төмендігі біздің қоғамның ең өзекті мəселелерінің біріне айналды. Мұның көптеген себептері бар. Білім деңгейі төмендігінің ең маңызды себептері – жоғары оқу орындарының ақылы қызмет көрсетуі. Бұл – білім беру мекемелері үшін инвестиция көзі. Салдары сапасыз маманның даярлануына əкеп соғады. Көптеген студенттер білім мазмұнына емес, ресми бағалау белгілеріне назар аударады, олар үшін кəсіби қызметке қажетті білім емес, жақсы диплом алу маңызды.

Қазіргі студенттердің теледидар мен компьютерде, əлеуметтік желіде тəрбиеленген ұрпаққа жататындығын айтпасқа болмайды. Əлеуметтік желілерде олар қалаған бейнені жасап, оны сақтай алады, табысқа жетеді жəне танымал бола алады. Уақытының көп бөлігін интернетте өткізетін адам миына үнемі ақпаратты шамадан тыс жүктейді. Сондықтан, «оқуға деген мотивация атрофияға ұшырайды, олар қызықпайды, назар аудара алмайды».

Оқу сапасының төмендеуінің тағы бір себебі – көптеген студенттер университетте оқығысы келмейді, бірақ, оларды ата-аналары мəжбүрлейді. Нəтижесінде біз мүлдем ынтасыз білім алушыларды оқуға аламыз. Көптеген зерттеулер баланың университетке түсуге деген ұмтылысы мен оның отбасының əлеуметтік-демографиялық сипаттамалары арасында байланыс бар екенін көрсетеді. Отбасының əлеуметтік ресурсы неғұрлым бай болса, (оның ішінде, ата-ананың білім беру мəртебесі жоғары болса), түлектің жоғары білім алуға ұмтылу ықтималдығы соғұрлым жоғары. Осылайша, студенттерді оқуға ынталандыру мəселесі бүгінгі күні өте өткір тұр. Сондықтан, оқытушылар оқу процесіне өз шəкірттерін тарту, алынған мамандыққа қызығушылықты ояту бойынша өз жұмыстарын жандандыруы қажет.

Қазіргі білім беру жағдайында студенттердің білім сапасы біраз төмендеді. Білім сапасының төмендеуі – қашықтан оқудың салдары. Əлемдік пандемияға байланысты, қашықтан оқуға тура келді. Сол кезде əр студенттің білім сапасы біршама төмендеп кеткені жасырын емес. Күнделікті мұғалім алдында отырып білім алып, əр сабақ барысында берілген тапсырманы талдап, түсінбеген тапсырмаларды бірлесе орындаудың нəтижесінде студенттер білімінің негізі қаланатын еді. Білім сапасына қашықтан оқыту кері əсер етті. Білім саласына жиі жасалған реформалардың нəтижесі отан-дық оқу-ағарту жүйесінен нақты көрініс тауып отырғанын ешкім жоққа шығара алмас. Дегенмен, орта мектептердегі білім сапасының деңгейі мақтанарлықтай емес екенін мойындауымыз керек. Жалпы, білім сапасының деңгейіне тікелей əсер ететін фактор тек оқу үлгерімі ғана емес. Бұл анық. Оған мысал ретінде студенттерге алаңсыз білім алуға жасалған жағдайдың төмендігін жəне ұйымдастыру мен тəрбие ісіндегі кемшіліктерді де жатқызуға болады. Жалпы, бұл мəселе 2025 жылға дейін шешімін табуы тиіс болған. Алайда, нақты жағдайға қарасақ, қазір жағдай, тіптен, күрделене түскен сияқты. Өйткені, аймақтағы демографиялық өсімнің оң көрсеткіші мен ішкі миграцияның орасан үлесі жаңа мектеп құрылысының аяқталып, оқушылардың орынмен қамтылуына мүмкіндік бермей отыр.

Жоғары білім беру жүйесінде мотивацияға əсер ететін қызметтің екі бағытын жүзеге асыруға болады: тəрбие жəне оқу жұ-мысы. Университеттегі тəрбие жұмысы студенттерге қажетті моральдық құндылықтарды қалыптастыруға көмектеседі. Тəрбие іс-шараларын (ойын-сауық, оқыту, патриоттық) өткізудің маңызы зор. Мұндай іс-шаралардың негізгі міндеті – студенттердің зерттелетін пəнге қызығушылығын қалыптастыру. Бұл жағдайда зерттелетін пəн тек қызықсыз академиялық пəнге ғана емес, сонымен қатар, ойын əрекеті жағдайында өзін-өзі көрсету құралына айналады.

Оқу қызметі негізінен мотивацияны арттыруға бағытталған. Оқу сабақтарында ойын-сауық компоненті жоқ, бірақ, соған қарамастан оқыту əдістері əртүрлі. Студенттердің сабаққа деген ынтасын келесі жолдармен арттыруға болады: студенттермен пікір алмасу, шетелдік лекторларды шақыру, ғылыми-практикалық жұмыстар жүргізу, əртүрлі басылымдарда мақалалар жариялау, курстық жəне дипломдық жұмыстарды шет тілінде қорғау. Студенттермен жұмыс істеудің аталған бағыттары ынтымақтастық атмосферасын құруға, өз күштеріне сенуге, студенттердің бір-бірімен жəне оқытушылармен қарым-қатынасын жандандыруға көмектеседі. Бұл эмоционалды қанағаттанудың жоғарылауына, іс-əрекеттің сəтті орындалуына жəне сайып келгенде оқуға деген ынтаның артуына тікелей əсер етеді. Жан-жақты дамыған, болашағы айқын, бағдары анық, бəсекеге қабілетті, рухани бай тұлға қалыптастыра алатынымызға сеніміміз мол. Күннен-күнге қарыштап дамыған мына заманда білім алудың түрлі жолдарын ұтымды пайдаланып, ел болашағын өркендетер ұлы істер атқарар тұлға қалыптастыруға үлес қосайық.

Л.ЖҰМАҚАНОВА,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы

Назира МЕДЕТ,

филология факультетінің студенті

Басқа материалдар

Back to top button