Сапа да, сан да маңызды
Біздің құрылысшылар тек облысымызда ғана емес, жалпы республикада жұмыс істеуде. Анығында, Ақмола облысында мектеп, Жезқазғанда зауыт салуда. Бұл жұмыстарды Қарағанды облысындағы құрылысшылар қауымдастығы қадағалайды.
100-ге таяу компания бар
Қауымдастық төрағасы Төлеген Әшімовтің айтуынша, олар санға ғана емес, сапаға да мән береді. Қауымдастық құрамында 100-ге таяу компания бар. Құрылыс компанияларыдан бөлек, осы салаға арнайы оқытатын комбинаттар, құрылыс материалын шығаратын фирма, зауыттар да кіреді. Қауымдастыққа ауылдан келген құрылысшылардың ішінен суырылып шыққан бригадирлерді де тартады. Олар үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Жұмыс берушімен тікелей келісуге де жол ашылмақ.
Қауымдастық келісімшартсыз жұмыс істеп, келісілген жұмысты аяқтағаннан кейін ақысын ала алмай зар илегендердің мәселесін де шешіп береді.
Негізінде, келісімшарт қандай жұмыста болсын жасалуы керек. Еңбек инспекциясына барсаңыз да, көбіне екіжақты құжат болмаса, атқарған іс дәлелденбей қалады.
– Мұндайда, қауымдастыққа жүгінген ләзім. Біз осындай бірнеше мәселенің оң шешімін табуына ықпал еттік. Бұл жерде «Кімдікі дұрыс?» деген сұрақ туындайды. Кейде жұмыс берушінікі бұрыс болса, бірде жалданған құрылысшы өзі кінәлі, – дейді қауымдастық төрағасы.
35 ұсыныс айтылды
Жақында аймаққа арнайы іссапармен Мәжіліс депутаттары келіп кетті.
Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында қауымдастық мүшелері құрылыс мәселелерін ортаға салып, нормативке өзгеріс енгізуді ұсынды. Депутаттар жалпы саны 35 ұсынысты жазып алды.
Соның бірі – жекелеген құрылыс бригадаларына қатысты. Соларды кооператив қылып ұйымдастырса деген ой айтылды. Ол, әрине, заңды түрде құрылса. Өтініш шешімін тапса, ұжым болып, бар мәселені, шарттарды ортаға тастар еді. Сонымен қатар, ипотека жөнінде ұсыныс айтылды. Үй алғаннан кейін ипотекасын төлей алмай қиналып қалатын азаматтар бар. Өтініш «Ескі үйде тұрғандар, өз пәтерін мемлекетке сатса, сол түскен ақшаны ипотекаға салса, бірақ, сол пәтерде арендатор ретінде тұра берсе, жаңа үй салынғаннан кейін, бұрынғы үйден жаңасына көшіп, мемлекетке бұрынғы үйді тапсырса. Ал, ол үй кезегінде тұрған жанға берілсе. Сонда бізде құрылыс тезірек жүрер еді», дегенге саяды.
Қалада үй 90 пайыз ескірген. Өткен ғасырдың 60-70-80 жылдары салынған. Одан көнесі де бар. Жоғарыда айтылған ұсыныс қабылданса, қарағандылықтар 15-20 жыл ішінде үйін жаңалар ма еді деген ой қылаң берді.
Мамандар қат
Көбіне оқу бітіріп келгендер смета құрушы мамандығын таңдайды. Бұл – құрылыста керек мамандықтың бірі. Курсын оқып алса да, жеткілікті. Өйткені, жалақылары да жақсы. Ал, құрылысқа керекті мамандықты үйренемін деген жастар қайда барғаны дұрыс?
– «Оқу комбинаттары, арнайы оқу орындары бар. Қысқа уақытта дайындайтын курстар да жеткілікті. Кез келген мамандықты игеріп шығуға болады.
Дегенмен, қазіргі уақытта өндірістік альпинист мамандары керек. Мысалы, төменде жүріп әрлеу жұмысын жүргізуші шаршы метріне 1 мың теңге алса, альпинист ақысы 3-4 мың теңгеге дейін көтеріледі.
Қазақ жігіттері осы мамандықты меңгерген. Мардымсыз ақша алғанша, біліктілігін арттырса, қомақты қаржыны қалтасына салып, өз жағдайын жасар еді, – дейді төраға.
Қазіргі таңда құрылысшы мамандары қат. Оның ішінде компьютерде отырып құрылыстың сызбасын жасаушылар да керек-ақ.
Құрылыс жаңа ауданға бет бұрады
Қазір халық «Аулаларды да, бос жатқан жерлерді тегіс құрылыс орны қылып жіберді», деп шулауда. Оған негіз бар. Қайтпек керек?
– Иә, қала ішінде үй салуды тоқтатқан дұрыс. Өйткені, құбырлардың мүмкіншілігі жоқ. «Көгілдір тоған» мен Оңтүстік-Шығыс ортасында салу үшін су, жылу құбырын тарту керек. Соның бәрі жолға қойылғаннан кейін, құрылыс сонда бет бұрады, – деп қысқа қайырды облыстық құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Төлеген Әшімов.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ