Коронавирус

Кәсіпкерлер санитарлық дәрігерлер мен еріктілерге 7 көлік берді

Қарағандыда «БИПЭК АВТО-АЗИЯ» компаниялар желісі карантин кезеңінде санитарлық дәрігерлер мен еріктілерге жеті көлік берді. Кәсіпкерлер автокөліктерді күтіп ұстау және жүргізушілерге жалақы төлеу мәселесі бойынша барлық шығындарды өз мойнына алады.

– COVID-19 қатерлі індетімен күресетін қызметкерлердің жұмыс режимі мен жүктемесін бағалай отырып, біздің компания тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне және еріктілердің облыстық штабына автомобильдер беру жөнінде шешім қабылдады. Олар осы техникаларды пайдаланып азық-түлік пен жеке қорғану құралдарын мұқтаждарға жеткізе алады. Компания жүргізушілер жалақысы мен машинаны күтіп ұстауға қажетті барлық шығындарды өзі көтереді. Жүргізушілер ауысым сайын, тәулік бойы жұмыс істейтін болады, – дейді «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» МК Қарағанды филиалының директоры Хамит Босқымбаев.

Осы күрделі кезеңде Саран қаласының «ГросФарм» ЖШС өкілдері де қолдау көрсетіп, автокөліктерді тегін дезинфекциялау үшін қаражат бөлді. Салонды өңдеу үшін олар бактерияға қарсы спрей берді және автокөліктің сыртын жууға арналған еритін таблеткалармен қамтамасыз етті.

– Мұндай көмек шақыртуларға тез шығу және коронавирустық инфекциясын ауыздықтау үшін ауадай қажет. Әр сағат, әр минут маңызды. Осындай қолдаудың арқасында біз пандемияны бірлесе отырып жеңеміз. Тұрғындардың да дені сау және індеттен қорғалған болады, – деп атап өтті Қарағанды облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров.

Бұған дейін Департаменттің қарамағына «9 регион» компаниясы алты автокөлік берген еді. Сондай-ақ, фирма өз жүргізушілерін ұсынды және төтенше жағдай кезеңінде машиналарды жанармаймен және майлау материалдарымен қамтамасыз етеді.

Басқа материалдар

Back to top button