Руханият

Сан ғасыр үніндей

Даланың рухымен тыныстайтын қазақ халқының ежелгі музыкалық аспаптарының бірі – ысқырып ойналатын флейталар тобына жататын сазсырнай. Бұл иленген саз балшықтан жасалып, күйдіріліп, бетіне өрнектер түсіріледі. Үрмелі аспап ұлттың терең тарихынан сыр шертеді.

Сурет автордан

Жуырда осындай бірегей жәдігер Нұра ауданының тарихи-өлкетану музейіне табысталыпты. Бұл – халқымыздың мәдени мұрасын сақтау мен қайта жаңғырту жолындағы маңызды қадам болып саналады.

– Сазсырнайдың сыртқы пішіні көбінесе жұмыртқа, тостаған немесе жануар түрінде болады. Үрлеп ойнайды, үстінде бірнеше ойық (дыбыс шығатын саңылауы) бар. Дыбысы жұмсақ, нәзік, сыбызғыға ұқсас. Қазіргі кезде этнографиялық ансамбльдерде, фольклорлық топтарда кеңінен пайдаланылады.
– Музейге табысталған бұл сазсырнай – тек көне аспап емес, ұлттың жаны мен тарихының белгісі. Мұндай жәдігерлер жас ұрпақтың ата-бабаларына деген құрметін оятып, ұрпақтар арасындағы рухани тұтастықты нығайтады. Осы сынды мұраларды жинап, сақтап, зерттеу – ұлт алдындағы үлкен жауапкершілік. Сазсырнайды музей қорына табыстаушы Нұра ауданының тумасы, музыкант, қобызшы, нарқобызшы, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің мүшесі Ақерке Жөкен. Ол болашақта туған жеріндегі музейге ұлттық аспаптары қобыз бен нарқобыз табыстауға уәде берді, – дейді мекеменің қор сақтаушысы Анаргүл Нақыпова.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button